Ақмолада жер «жетпейді»
Ақмолада жер «жетпейді»
266
оқылды
Кәсібінен нәсібін тапқан кәсіпкерлер көп жағдайда мемлекеттік органдар тарапынан қысымға ұшырайтынын жиі айтады. Түрлі тексерістерден көз ашпаған олар әсіресе ауыл шаруашылығы жерлері мәселесінде жергілікті билік органдарынан тығырыққа тіреледі. Малын баққандары жайылым жер таппай қиналса, егін еккендер егістік алқаптардан таршылық көреді. Аталған мәселеде «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасына шағымын айтып жүгінетіндер көп. Мәселен, мал шаруа­шылы­ғымен айналысатын «Талдықара-Ерасыл» ком­паниясының директоры Әбдікәрім Қай­мул­дин де жер мәселесі бойынша даулы жағдайға тап болған. Дұрыс толтырылмаған өтінімнің салдарынан ол мал бағуға берілген жер учаскесінен айырылып қалуға шақ қалған. Кәсіпкер Жақсы ауда­нының Терісаққан ауылында мал өсірумен айналысады. Бүгінде оның шаруа­шылығындағы мал саны 400 басқа жетіп жығылған. Малы көбейгендіктен, фермерге жайылым жер жетіспей тапшы бола бастаған. «Жыл сайын ауылдық округтің әр аума­ғындағы жер учаскелеріне бағуға тура келді. Бұл жерлерде ауыл адамдары да өз малын баққандықтан, ыңғайсыздықтар туындады. Мал басы көбейген соң, жағдай тіпті қиын­дай түсті. Шаруашылыққа малды бағып әрі шөп шабатын заңды түрде жер алу қажеттігі туындады. Сондықтан жер алу үшін конкурсқа қатысуға бел будым», – дейді Әбдікәрім Қай­мул­дин. Фермер малын еркін жайып, шөбін алаң­сыз шабу үшін 300 жайылым жер мен 50 гек­тарлық екі шабындық жерге үш бірдей лотқа қатысқан. Ал конкурстың қорытын­дысымен оған 50 гектар жер 15 жылға ақылы түрде ұзақ мерзімге уақытша пайдалануға ұсынылған. Алайда арада аз уақыт өтпей Жақсы аудандық жер қатынастары бөлімінен облыстық жердің қорғалуын және пайдаланылуын бақылау жөніндегі облыстық басқарманың алдын алу тексерісі негізінде жер учаскесінен жалдау келісімшартын бұзу қажеттігі туралы хат келген. Мемлекеттік орган кәсіпкердің құжат­тарын рәсімдеу кезінде заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтің болмауымен, сонымен қатар бизнес сәйкес­тендіру нөмірінің (БСН) орнына ЖСН көрсетілгенімен түсіндірді. Ал кәсіпкер мұндай қателік жерді алып қоюға түрткі болмайтынын дәлелдемек болған. Ал Жақсы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Әбілжанов таяқ­тың ұшын жердің қорғалуын және пайдаланылуын бақылау жөніндегі басқарманың нұсқауына байланысты болғанын жеткізді. Ол комиссияның кәсіпкерден құжаттарды қа­был­даған алғашқы кезеңде оның неге түзетіл­мегенін түсіндіре алмады. «Бар мәселе құжаттарды қабылдау кезіндегі шалағайлықтың салдары болып тұр. Сіздер алғашқы кезеңде құжаттарды қалай қабылдадыңыздар? Фермердің ұсақ қой-ешкісінен бөлек 200-ден астам ірі-қарасы болған. Мұндай жағдайда ол қалай жұмыс істемек? Кім жауапкершілік артады? Күн тәртібінде мемлекеттік органның құжаттарды қарастырудағы сапасыз жұмысы айқын көрі­ніп тұр», - дейді Ақмола облысының мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясының аграрлық секторды дамыту жөніндегі кеңесінің мүшесі Омар Шоназаров. Ал облыстық Жердің қорғалуын және пайдаланылуын бақылау жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Рүстем Төкенов жер қатынастарына жолданған нұсқауға негіздеме мемлекеттік органның профилактика­лық тексеріс болғанымен түсіндірмек болды. «Бұл прокуратураның ұсынысы емес, жай ғана мемлекеттік органның алдын алу тексерісі болды. Біз лауазымды тұлғаларды жазалау үшін сотқа талап арыз беруді талап етіп отырған жоқпыз. Жалпы, біз жер учаскелерінің аукциондар мен конкурстар арқылы берілуі үшін күресеміз. Аталған жағдайда конкурс өткізілген. Алайда құжаттар дұрыс рәсімдел­меген­діктен оны кері қайтаруға тиіс болған. Бұл жағдайда жер қатынастары бөлімі фермерге жалдау келісімшартын бұзу туралы хабарлама жолдамай-ақ жер комиссиясы мүше­лері арасында құжаттарды қабылдау ережелерін түсіндіруге болар еді», – дейді Рүстем Төкенов. Жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша аудандық жер қатынастары бөліміне кәсіпкерден жерді жалдау келісімшартын бұзбау ұсынылды. «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік органдар жерді тәркілеп алудың жаңа тәжірибесін енгізіп жатыр ма деген ой мазалайды. Кәсіпкерлерге гибридті қарым-қатынасты қою керек. Өндіріс қызметін бұзу оның қуатына қысым жасау мемлекеттік шешім емес. Біз жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жалдау келісімшартын бұзу туралы хабарламамен келіспеуді ұсынамыз. Өйткені оның тармақтарының бұзылуы болмаған. Мұнымен қоса жер комиссиясы өтінімді кері қайтармастан оны өткізу туралы алқалық шешім қабылдаған. Жер комиссиясы­ның хаттамасы орындалып, жер кодексінің 43-бабына сәйкес шағымдалмаған. Соған сәйкес әкімдік өтініш иесіне жер учаскесін берген. Облыстық мәслихат депутаты айтқан­дай, бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту қажет дегенімен толықтай келісемін», – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов. Ал Ақмола облысы прокуратурасынан түскен ресми мәлімет бойынша облыс аума­ғында кәсіпкерлерден мемлекет меншігіне 73 жер учаскесі кері қайтарылған. Қайтарылып алынған жердің жалпы аумағы 97 мың гектар. P.S. Жер мәселесінде әлі де болса шикіліктер шығып, заңның белден басылып жататыны рас. Сондықтан кәсіпкерлер тарапынан да, мемлекеттік органдар тарапынан да бәрі заңға сәйкес жасалса, мұндай мәселе туындамаған болар еді деген ой келеді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы