Көмір бағасы ырыққа көнбей тұр
Көмір бағасы ырыққа көнбей тұр
309
оқылды
Елімізде газбен қамтылмаған аймақтар жетерлік. Ондағы ел күз келгеннен қыстың қамын ойлап, көмір іздейді. Бірақ кейінгі жылдары көмір тапшылығы байқалып, жұрт қолындағы дайын ақшасына отын ала алмай жүр. Жығылғанға жұдырық болғандай, барлық саланы жайлаған қымбатшылық көмірдің де құнын көтерді. Ақыры даурығатын күн жеткенде, жауаптылар оғаш сөйлеп қалғанын да аңғардық. Соңында күйінген тек тұрғындар ғана. Сонымен, бұл мәселеге нендей факторлар себеп? Өзімізде өндірілетін көмірдің рақатын неге көре алмадық?

Министр жалған айтты ма?

2019 жылы ел аумағында бір тонна көмір құны 7 мың теңгеден басталып, шекті бағасы 19 мың теңгеге жеткен екен. Ең қымбат көмір халқының 90 пайыздан астамы газбен қамтылған Батыс өңір­лерде болса, арзаны Семейде еді. Осылай 2019 жылы республика бойынша бір тонна көмірдің орташа құны 12 400 теңге болып көрсетілді. Сол жылы Статистика комитеті жариялаған өңірлердегі көмір құнын қарасақ, Нұр-Сұл­танда бір тонна көмір – 12 296 теңге, Алматыда – 14 мың теңге, Шымкентте – 13 900 теңге, Се­мейде 8,5 мың теңге деп көрсетіл­ген. Ал былтыр, яғни 2020 жылы ашық сауда алаңында көмірдің тоннасы Нұр-Сұл­танда – 13 мың теңге, Алматы облысы мен Шым­кент қа­ласында – 14,5 мың теңге, Семейде 9 мың теңге болып бел­гіленді. Демек, алдыңғы жылдан қа­ра­ғанда көмір ел аумағы бойын­ша былтыр 500-1 000 теңгеге қым­баттады. Енді биылғы жағдайға келсек. Әуелі Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың таяуда ғана «айды аспанға шығарған» пікіріне тоқталайық. Ведомство басшысы «ай­мақтарда көмірдің бір тоннасы 5,2-5,7 мың тең­генің төңірегінде» деп мәлімдеді. Атамқұлов бұл деректі қайдан алғаны немесе оған кім осылай есеп жеткізгені бізге беймәлім. Бірақ шын мәніндегі бағадан бір емес, 4-5 есе аз айтқан. Яғни, ресми мәлімет пен тұтыну­шылар ақпары бір-біріне сай келмейді. Мысалы, елор­дада бір тонна көмір – 20-25 мың тең­геден, Қарағанды мен Жезқазғанда – 17-25 мың, Шымкентте 30 мыңға жуық теңгеден саудаланып жатқа­ны айтылды. Әріге ұзамай-ақ қара отынның қым­баттағанына бір дә­лел айтайық. Қыр­күйектен бастап көмірі арзан деген Өскеменде дау бас­­талды. Тапшылықпен қоса қымбатшылық шықты. Бір адамға 3 тоннадан артық берілмей, баға кө­мірдің сапасына қарай 15-20 мыңның төңірегіне барды. Сапа де­геннен шы­ғады, ең сапалы қара отын – Шұбаркөл көмірі. Жыл сайын ең қымбат бағаға саудалана­тын, соған қарамастан сұранысқа ие – осы. Орта деңгейдегі – Қара­жыра мен Майкөбе. Ал ең төмені Богатырь мен Кузнецкий көмірі. Осыдан кейін өзіміз де тұтыну­шы рөлінде сұрау салып көрген едік. Бағаның расымен оңып тұр­мағанын аңғардық. Мәселен, Қа­ра­ғандыда 17,5 мың теңге, Семей­дің өзінде 13,5 мың теңгеден тұр екен. Қызыл­орда өңірінде де жағ­дай мәз емес. Теміржолдың тұ­йық­­талған басында сатылатын көмірге ұзын-сонар кезек. Оның өзі халық емес, ақ­шасына жеткізіп беретін делдалдар. Қала маңында бір тонна 18 мыңнан, аудандарда 21-23 мың­нан сауда­ланып жатыр, тапшылық бар. Кен орнынан көмір алып, оны та­сы­малдап, сатумен айналысатын ортадағы делдалдар көп. Олар да науқан кезінде табыс табуды көз­дейді. Сондықтан баға құбылады. Былтыр Индустрия және ин­фра­­құрылымдық даму министрлігінің Ин­дустриялық даму және өнер­кәсіп қа­уіпсіздігі комитеті ша­ғымдарға бай­ла­нысты көмір бағасы қалай құралаты­нына жауап берген. Комитет дерегіне сенсек, көмір тасымалының негізгі 3 түрі бар екен. Біріншісі – кен орнына өз­дері барып, кө­мірді тиеп алып, тұр­ғындарға жеткізіп, өзін-өзі жұ­мыспен қамтып отырған тұр­ғын­дар. Мұнда бағаны асыра көтереді де­ген нәрсе жоқ. Екіншісі – те­міржолдың тұ­йықталған басында тұра­тындар. Көп тұр­ғындар осы жерден сатып алады. Мұн­дайда адам өзі барып, көмірді таңдап, ба­ғасы туралы келісімге келеді. Үшінші­сі – көмірді сатып алып, тас­жолдардың біріне шы­ғып, оны қымбат бағаға сатып алатын адам­дарды күтіп тұратындар. Олардың саны өте аз, сон­дықтан олар көмір баға­сына айтар­лықтай ықпал ете алмайды.

Өзіміз өндіреміз, өзіміз таппаймыз

2019 жылы қыркүйекте Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге әр жыл сайын көмір бағасын реттеп, бағаны негізсіз өсіретін арадағы алыпсатарлардың жұмысын жөнге келті­руді тапсырды. Осыдан кейін өңірлерде бақылау күшейтілді. Алайда жауаптылар қайта бейжай қарай бас­тағандай. Көмірге қа­тысты бір күрмеулі мәселеге тап болып жүрміз, ол – көмір тап­шылығы. 2019 жылдан басталды, Нұр-Сұлтан қаласына 1 жылға қажетті кө­мірдің 50 пайызы ғана жеткізілді. Тұр­ғын­дардың жалпы жылдық қажеттілігі 500 мың тонна болған. Елде көмір өн­діріледі, бірақ неге жетпейді? Қазақ­стан­ның жалпы көмір қоры 164 млрд тон­надан асады. Жылына орташа есеппен 100 млн тоннадан артық көмір өндіріледі. Оның 12 пайызға жуығы халық қа­жет­тілігіне жөнел­тіледі. Әлемдік экс­порттың 1,7 пайызы Қазақстанға тие­сілі. Ал қоңыр көмір (лигнит) экспорты бойынша үздік үштікте жүр. Әлемдік экспорттың 2,6 пайызын құрап отыр. Соңғы он жылда орташа есеппен жыл сайын 25-30 миллион тонна көмір экспорттап келеді. 2010 жылы тас және қоңыр көмірді қоса есептегенде, 30,1 мил­лион тонна өнім шетелге кеткен. 2015 жылға дейінгі экспорт көлемі 30 миллион тоннадан төмендеген емес. 2016 жылы шамамен 4 мил­лион тоннаға азайған. 2019 жылдан бері шамамен 25 миллион тонна көмір шекарадан әрі асып жатыр. Оның 80 пайыздан астамын көр­шіміз Ресей алады. Қазақстандық көмірдің орташа бағасы әлемдік на­рықтағыдан үш есе арзан әрі әлдеқайда тұрақты саналады екен. Бірақ ішкі на­рықты қамтамасыз ет­пей тұрып, сыртқа жөнелткен орынды ма? Өскемендегі көмір дауын айттық. Ал әкімдік тұрғындардың өзін кінәлі етті. «Жазда алаңсыз отырып, қара суық түс­кенде ғана көмірге жүгіретіндер осылай дүрлігеді» деген. Олар тұтыну­шылардың 97 пайызы отынмен қам­тылғанын айтқан. Бірақ ел көмір таппай сенделді. Басқа бір төбе, қарашада бас қаланың өзінде көмір жетпеді. Көмір тапшылығы оның са­пасымен де тікелей байланысты тәрізді. Қызуы жақсы Шұбаркөл мен Қаражыра көмірі осы себепті жетіспейді. Сапасы мен бағасы төмен Майкөбе отынын ешкім алғысы келмейтіндей. Қостанай­дың маңайында да тас отынды көтерме баға­мен сататын 5-6 кә­сіп­орын бар. Жылда осы уақытта көмірден қаратау тұрғызып, сау­дасы қайнап жататын бұл кәсіп­орындардың көмір түсіретін ауласы биыл босап қалған. Араға бір апта, он күн салып бір келетін 5-6 вагон қысқы отын­ды алдын ала кезекке тұрып қойған жүк көліктері талап әкетіп жатыр. Жауапты­лар тасы­мал­дайтын теміржол тарифінің көтеріліп кеткенін себеп ретінде алға тартқан. Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі аймақ­тарға 9,3 мил­лион тонна көлемінде көмір тапшылығы бай­қалғанын анықтапты. Ведомство ақ­парына жүгінсек, оның 8,8 миллионы тие­­ліп қойған. Вагондар уақытында жіберіліп жатқанға ұқсайды. Егер ай­мақтардан сұраныс көбейсе, қосымша қор жіберуге дайын екен. Бұған сенгіміз-ақ келеді. Бірақ тап­шылық пен баға тура­сында әлі де шағымдарды естіп қалып жа­тыр­мыз. Осыған қара­ғанда, жағдай толықтай бақыла­нып, тұрақтал­маған. Ал үйіне жылу іздеген жұрт тала­бының орын­­далар түрі жоқ.