«Кредитке теледидар алған» – Алматыда үш баласымен 9-қабаттан секірген әйелдің туыстары оқиғаның мән-жайын айтты  
«Кредитке теледидар алған» – Алматыда үш баласымен 9-қабаттан секірген әйелдің туыстары оқиғаның мән-жайын айтты  
Фото: yandex.kz
238
оқылды

Алматыда әйел алдымен 9-қабаттан үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен.

Қайтыс болған Бақтыгүл Қыдырбаева бұрын екі мәрте анафилактикалық шок алған екен. Оны марқұмның туған әпкесі Жанар Қыдырбаева бүгін 31 арнаға телефон арқылы берген сұхбатында айтты. Телеарнаның мәліметінше, марқұм келіншектің күйеуі әйелімен соңғы сөйлескенінде екеуара еш араздық болмағанын айтқан. Келіншегінің атына рәсімделген үш бірдей несиеден де хабары бар екен. Бақтыгүл Қыдырбаева соңғы рет қазан айында ғана шағын несие ұйымынан 15 мың теңге несие рәсімдеген. Бірақ уақытында төлей алмаған. Оқиға болған күні Бақтыгүл Қыдырбаева әпкесімен сөйлескен. 22 қараша таңғы сағат 10-ның кезінде WhatsApp-та хабарлама жазған. Марқұм келіншектің әпкесі Жанар Қыдырбаеваның айтуынша, содан кейін Бақтыгүл телефонын көтермеген. Көңіл күйі жақсы еді. Бірнеше күн бұрын кенжесіне 20 мың теңгеге комбинезон сатып алғанының суретін жіберген, үлкен қызының мақтау қағазын көрсетіп, қуанышымен бөліскен.

Жанар Қыдырбаева, марқұм Б.Қыдырбаеваның әпкесі: «Екі рет анафилактикалық шок алған. Аллергиясы болатын. Бірақ неден аллергиясы бар екені белгісіз. Соңғы рет екі ай бұрын, преднизолон салып, әрең аман алып қалған», – дейді.

Күйеуі Нұрсұлтан Оразов соңғы күні жұмыс мәселесімен шығып, үйде қонбағанын айтты. Тілшінің «Қайда болдыңыз, Шымкентте ме?» – деген сауалына «Жоқ, Алматыда болдым. Жұмыстың мәселесімен шығып кеткенмін. Бір күн бұрын шығып кеттім. Жұмыс мәселесімен. Ешқандай ренжіскен жоқпыз. Соңғы рет күнделікті үйдегі әңгіме, тіршілік туралы әңгімелестік...», – деп жауап берген. Бақтыгүл Қыдырбаеваның атына үш несие рәсімделген. Екеуіне қатысты уақытылы төлей алмағандықтан, ісі сот орындаушыларының қарауында. Соңғы рет қазан айының соңында 15 мың теңге несие алыпты. Бірақ ол қаражатты да уақытында төлей алмаған. Нұрсұлтан Оразов келіншегінің несиелерінен хабардар. «Бірге алдық. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ, шамама қарай төлеп жүрмін», – деді. Марқұмның әпкесі, жәрдемақы алуға бірнеше мәрте құжат өткізіп, рәсімдей алмағанын айтқан болатын. Ал, Нұрсұлтанның туыстары жас отбасының қаражаттан қысылғанынан хабарсызбыз дейді. Бір-ақ күнде үш немересі мен келінінен айырылған Бауыржан Оразов: «Дәл осындай әрекетке баратындай денсаулығында кінәрат жоқ еді, қаражаттан қысылатындай емес, тек кредитке теледидар алған», – дейді. Бауыржан Оразов, келіні мен ұлы, немерелерімен 20 қараша күні ұлының туған күнінде телефонмен бейнеқоңырау арқылы тілдескен. Қайғылы оқиға болған күні Бақтыгүлді Нұрсұлтаннан кейінгі ұлдары көрген. Олар сол үйде тұрып жатқан. Жұмысқа кетерінде келін мен немерелері ұйықтап жатқан екен.   https://youtu.be/DS-S2vwNKN8

Бұған дейін Алматыдағы оқиғаға қатысты полиция тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.