Көкшетауда екі баласын тастап, із-түзсіз жоғалып кеткен әйелді араға бес күн салып полиция қызметкерлері іздеп тапты. Бұл туралы Aikyn.kz порталының тілшісі хабарлады.
Анасының айтуынша, 19 қараша күні түнгі он екілер шамасында белгісіз бағытқа шығып кеткен 28 жастағы қызы сол күйі оралмаған. Криминалды полиция қызметкерлері дереу арада екі баланың анасын іздеу шараларына кіріскен. Ақмола облысының барлық құрылымдық бөлімдеріне ұшты-күйлі жоғалған әйел туралы бағдар жолданған. «Әйел барады-ау деген жерлердің барлығы тексеріліп, таныстары мен туыстарынан жауап алынды. Іздеу шаралары нәтижесінде Көкшетау қалалық Полиция басқармасының криминалды полиция қызметкерлері әйелді Бұланды ауданының Макинск қаласынан іздеп тапты. Оның денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп болмаған», – дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Әйелмен және оның туыстарымен профилактикалық әңгіме өткізілген. Кәмелет жасына толмаған балалары болуына байланысты ювеналды полиция қызметкерлері де бұл отбасына барынша назар аудармақ.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы