Алаш ардақтысы Ғұмар Қараштың қайғылы қазасына орай басылған мақала
Алаш ардақтысы Ғұмар Қараштың қайғылы қазасына орай басылған мақала
©kazbilim.kz
462
оқылды

Бұл мақала 1921 жылдың 22 тамызында «Қазақ тілі» газетінің №136 санында жария көрген Мәннан Тұрғанбаевтың туындысы. Ғасыр бұрын мерт болған Алаш ардақтысы Ғұмар Қараштың қайғылы қазасына орай басылған автордың бұл мақаласын тебіренбей оқымау мүмкін емес. Тарих қойнауының қатпарында қалған осынау құнды мақала Алаш ерлері ту тіккен қасиетті мекен - Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің кітапхана қорында сақталған. Төте жазудан бүгінгі жазуға түсірген музейдің маманы Ақжол Қадылбекұлы.

Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ та өтірікші болмаймыз. Қазақ елінде ғылымды, пікірлі қызметшілердің өте керек болып тұрған заманда Ғұмар сияқты зор ғалымның – қашқындардың қылышынан кескіленіп өлтірілуі жан күйдіреді, жүрекке от жағады. «Ғұмар қазақтың қандай кісісі еді?», «Өмірі қандай болып өтті?» деген сұраулардың жауабын білуді әрбір қазақ ұлының жүрегі тілейді. Біз бұл сұрауларға толық жауап бере алмаймыз. Ғұмармен жақыннан таныс болмадық, мән-жайын түсіндірген кісі де болмады, сондықтан өзінің тіршілігінде жазып шығарған кітаптарының берген мағлұматы бойынша жазып өтеміз. 1911 жылы Уфада басылып шыққан «Өрнек» деген кітабында «Жасырақ уақытымда» деген өлеңінде айтуы бойынша, Ғұмар жасында ескіше оқып, медреседе молла болған. Шайхылық жолына түскен, пірге қол тапсырып, ынтасымен ғибадат істей бастаған, өзінде әулиелік нышанын сезген, ұстазынан бата алып шыққан. Солай айтып жүргенде ашық пікірлі бір ғалымға (атын айтпайды) жолығып, көп уақыт мәжілістес болған. Ғалым түрлі дәлелмен Ғұмардың пікірін бұзған, әулиелік деп жүрген қияли ауыру екенін ашып айтқан. Соның артынша Ғұмардың қолына Мысырда шығатын «Әлмнәр» деген журнал түскен, ол журналда мұсылманның атақты философы Жәмәләдин Афғанидің сөздері басылған. Содан кейін Ғұмар ескі жолын бір жолата тастаған, дүниеге екінші көзбен қарай бастаған. Ғұмар осыны баяндап келіп, сөзінің ақырында айтады: «Бұл екі хакімнің сөздері мені қиял дәриясынан шығарды, Алла рахымы болсын, әрі екеуіне де міндеткермін» деп. Ғұмар қазақ елін соқыр сенім, нашар әдеттерден құтқармақ болды; ишан, шайхы, соқыр молдалардың жолдары, істері жат екенін, әулие деген сөз – дініне азып, жан қиналған соң пайда болған қияли дерт екенін, осы күндегі мұсылманның ісін пайғамбар заманындағы мұсылмандыққа жақын келмейтінін сол «Өрнек» кітабында айтып шығады. Ғұмар – тарих, әдебиет ғылымдарына өте құмар болған, қазақтың ескі жырауларының, зор адамдарының сөзін жинап, «Шайыр» деген кітап шығарады. Қазақ тарихын жазатын кісілерге өте керекті бір құрал. Бұдан соңғы жазған кітаптарының көбі өлең болып жазылған; «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Тұрымтай». Ғұмардың өлең кітаптарында айтқан сөзінің бәрі қазақ елінің кемшілігі, қайғысы болып шығады. Сөздерін ашып айтқанда, төмендегі баптарда жазылған: қазақтың хакімдерінің, жігіт ағаларының адасып жүргендігі, молдалардың азғындығы, әйел жайы, тәрбие жайы, ғылым жайы, іссіз жүрген бозбалалар жайы, соңғы уақытта жазған өлеңдерінде саяси мәселелерге де кіреді. Ғұмар 1916 жылы  Уфадағы муфтидің бірі болып тұрды. Жалпы қазақ тобында Ғұмар баяндама жасағаннан кейін қазаққа айрықша құрылуын лайықтады; сол жалпы қазақ тобынан кейін Уфадан өз еліне қайтты. Ғұмар өзінің тура деген пікірін қорғаншақтықпен жасырып ұстаған емес, құрбандық шалмай-ақ тірідей бағасын мектептердің пайдасына беру керек деп «Қазақ» газетіне басып шығарған. Ғұмар бұл пікіріне молдалардың һәм көпшіліктің қарсы екенін білсе де өзі дұрыс екенін білген соң жалпыға жария қылды. Ғұмар өмірін ғылым жолында өткерді; арабша, парысша, түрікше, орысша сияқты бірқанша тілдерді білді, кітапханасы бай деген хабарды білеміз. Ғұмар үлкен дәрежелі мектепті бітірмесе де өзінің ыждағаттымен алдыңғы қатардағы ғалымдар ретіне кірді. Ғұмар - баспа жүзінде қазақтың қамын ойлап, қайғырған кісілердің біріншісі. Ғұмар қазаққа қолынан келген қызметін аяп қалған жоқ. Ғұмар соңғы уақытта ортақшыл партиясына кірді деген хабарды естідік. Ғұмардың коммунист партиясына кіруі - езілген қазақ елінің теңдігін коммунист партиясымен ғана табылады деп сенгендіктен. Ғұмардың артында жазылған кітаптары қалды деген хабарды телеграмнан оқыдық. Бөкейдегі Ғұмардың мән-жайын білетін бірге өскен азаматтар, өмірін, тәрбиесін, мінезін, қызметтерін, ата-анасы туралы жайларын толық кітапқа айтып жазып шығарар деп сенеміз. Ғұмардың қазақ еліне қадірі үлкен. Ғұмарды жалпы қазақ жоқтайды, қайғырады. Қызмет үстінде, екінтіде жолда келе жатып уақытсыз кеткен есіл ер, топырағың торқа болсын! Ғұмар, сен өлдің, сенің атың, қызметің қазақ халқымен бірге жасайды, өлмейді.

Мәннан ТҰРҒАНБАЕВ, Алаш қозғалысының қайраткері, «Қазақ тілі» газетінің ұйымдастырушысы, көрнекті ағартушы