ЖИТС – өміріңе жасалған үкім емес
ЖИТС – өміріңе жасалған үкім емес
224
оқылды
ЖИТС жайлы көп естиміз. Бірақ оған көбіміз мән бере бермейміз. «Оның бетін ары қылсын!», «Құдай сақтасын!» дейтініміз рас. Бірақ «Сақтансаң сақтайды» демекші, ғасыр індеті атанған дерт жайлы білгеніміз – ұрпағымызды сақтағанымыз. Осы мақсатта бүгін біз иммун тапшылығы вирусы жайлы сөз етпекпіз.  Статистикаға сүйенсек, Жамбыл облысында АИТВ жұқтырғандар саны  1380 адам тіркелген. АИТВ  немесе адам иммун тапшылығы вирусы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп болса адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауыратын болады. Емделмеген жағдайда АИТВ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, ЖИТС-ке ұласып кетеді. Дәрігерлер оны АИТВ індетінің соңғы стадиясы деп те атайды. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды. Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей  сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестердің бәрі болмаса да көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Дегенмен әр жарты жылда немесе жылына бір рет ЖИТС-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Оның үстіне  қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы тегін өте алады. Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға болады  дейді мамандар. Аталған терапия жасушадағы ақуыздарға әсер ететін ферменттердің қызметін әлсіретеді. Нәтижесінде иммун тапшылығы ЖИТС-ке айналмайды. Жамбыл облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және аурудың алдын алу орталығының бас дәрігері Ерлан Исмағұловтың айтуынша, вирус анықталған жағдайда ең алдымен ЖИТС орталығына барып тіркелу қажет. Өйткені ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор. Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. АИТВ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі. Айтуынша, сақтанбаған жыныстық қатынастан кейін күмәнданған жағдайда контактіге дейінгі және контактіден кейінгі профилактика шараларын пайдалануға болады. Ретровирусқа қарсы препараттар – тенофовир және эмтрицитабин деп аталады. Ерлан Толалыұлының айтуынша, бұл әдіс вирус жұқтыру қаупін 90 пайызға дейін төмендетеді және бұл көбіне тәуекел тобына жататын адамдарға арналған. Контактіден кейінгі профилактика ЖИТС жұқтыру қаупін төмендетіп, вирустың көбеюіне тосқауыл жасайды. Алайда  емді жыныстық қатынастан кейін алғашқы 72 сағат ішінде бастап, дәрілерді 28 күн қабылдау қажет. Адам иммун тапшылығы вирусы – үкім емес. АИТВ жұқтырғаннан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Жақын адамыңыз осындай дертке душар болған жағдайда кеудесінен итермей, қолдауға тырысу қажет. Өйткені, науқастың күйзеліске толы болатын ендігі өмірінде достары мен туыстарының қолдауы ауадай қажет. Мамандар АИТВ жұқтырған науқастың отбасында әр адамның өзіне тиесілі маникюр құралдары, қырынатын ұстарасы мен жеке тіс щеткасы болуы тиіс екенін ескертеді.

Саян Тілеужан, Жамбыл облысы