Оқиға Мырзакөлсор су айдынында болған.
Ақмолалық тұрғыннан 264 келі балық тәркіленді
171
оқылды

Зеренді ауданында табиғат қорғау полициясының қызметкерлері рейд барысында заңсыз ауланған 264 келі балықты анықтады. Ауыл тұрғыны 65 қапқа салынған балықты өзі пайдаланбақ болғанын айтқан,  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға Мырзакөлсор су айдынында болған. Рейд кезінде полицейлер Алексеевка ауылының 32 жастағы тұрғыны басқарған автокөлікті тоқтатып, тексеру жүргізген.

Көлікті қарау барысында салоннан жалпы салмағы 264 келі болатын 65 қап балық табылды. Сонымен қатар автокөліктің жүксалғышынан балық аулауға арналған құрал-саймандар мен арнайы киімдер анықталған.

Тұрғын полицияға балық аулауға алғаш рет шыққанын және ауланған балықты жеке тұтыну үшін пайдаланбақ болғанын түсіндірген. Алайда көлемі 264 келі болатын олжа құқық қорғау органдарының назарын аударған.

 

Аталған факті бойынша балық ресурстарын заңсыз аулау дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл бап бойынша құқық бұзушыға 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған,  дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Полиция заңсыз балық аулау үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады. Жазаның мөлшері құқықбұзушылықтың мән-жайына және келтірілген залалдың көлеміне байланысты белгіленеді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері Ақмола облысында балық аулау ережелерін бұзғаны үшін 260-тан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы