Ұлттық мәдениет болмаған жерде ұлт болмайды
Ұлттық мәдениет болмаған жерде ұлт болмайды
Фото: qazaqadebieti.kz
–  Ел болу үшін неге сүйенуіміз керек? Елбасымыз бәрін 7 қағидатқа жинаған екен. Біріншіден, Тәуелсіздікті қастерлі құндылық ретінде жан-жақты талдаған. Әрине, Тәуелсіздік болмаса, болашағымыз айқын болмайды. Ел болудағы  ең басты құндылығымыз, байлығымыз – Тәуелсіздік. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болса, әлемдегі дамыған елдермен бәсекеге түсуге мүмкіндік болады. Екінші – бірлік пен келісім мәселесі. Әрине, ел ішінде бірлік, ұлтаралық келісім болуы қажет. Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлттардың арасында бір-біріне деген құрмет, сыйластық, түсіністік болмаса, елдің болашағы жарқын болмайды, іргесі ажырап, берекесі кетіп қалады. Бұл жерде Елбасының айтып отырғаны – мүмкіндігінше ұлтқа, руға, жүзге бөлінбей, бірлік пен келісімде өмір сүрсек, келешекте Қазақстанның әлемдегі дамыған елдермен бәсекелес болуына мүмкіндік туады деген сөз.
Жер мәселесі – ең жанды жеріміздің бірі. Жер десе, әрбір қазақ көтерілетінін тарих көрсетіп берді. Халқымыз «Жер шетелге сатылмасын, жалға да берілмесін!» деді. Мемлекет халықтың талабын орындады. Бұл – ата-бабадан қалған мұрамыз, асыл қазынамыз. Әлемде 9-орында тұрған жеріміз – басты байлығымыздың бірі, темірқазығымыз, кіндік қанымыз тамған Отанымыз. Сондықтан Елбасының жер жайында айтқан сөздерін толық қолдаймын. Біз жерімізден ешқашан ажырамауымыз керек.  
Отбасы мен салт-дәстүр мәселесін Елбасы қоғамның алтын діңгегі деп атапты. Әрине, отбасы деген – шағын мемлекет. Әрбір отбасы қазақтың салт-дәстүрін сақтауы керек. Салт-дәстүр болмаса, ұлт болмайды, келешегіміз жарқын болмайды. Қазір жүрегіміздің ауыратыны – эфирден домбыраның, қобыздың үні көп естілмейді. Ұлттық мәдениетіміз эфирден көп насихатталмайды. Зиялы қауым өкілдері де осы мәселені көтеріп жүр. Ұлттық мәдениет болмаған жерде ұлт болмайды. Ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, өнерімізді, ұлттық санамызды жоғалтпай сақтау – басты мақсатымыз, басты ұстанымымыз болуы керек. Білім мен еңбек мәселесі жөнінде кезінде Алаш қайраткерлері де айтты.  Елбасы бақуатты өмірдің кілті білім мен еңбекте депті. Білімді әрі еңбекқор адам – мемлекетке ең пайдалы адам. Әрбір азаматы білімді болса, мемлекет мықты болады. Мемлекет бақуатты болса, адамдары да бақуатты өмір сүреді. Елбасының айтайын дегені осы болса керек.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

«Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент, айтыскер ақын,

Miras аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшесі