Математик Асқар Жұмаділдаевтың оттай жанған ой-толғамдары
Математик Асқар Жұмаділдаевтың оттай жанған  ой-толғамдары
347
оқылды
Әңгіме кітапты көп оқуда емес. Әңгіме керек кітапты оқуда. Керек емес кітапты оқығаннан не пайда? Босқа миың ашып кетеді. *** Адамға ең жақын, ең керек екі мамандық – мұғалім мен дәрігер. Менің білуімше. Сіздің білуіңізше де солай болуы керек. *** Тәуелсіздіктің ширек ғасырында мұнайдан басқа бренд таппадық. “Неге?” деген сауал жанымызды жегідей жеп, намысымызды қамшылау керек еді. Бұл ретте үкімет пен Білім және ғылым министрлігінің басына келген тұлғалар түн ұйқыларын төрт бөлуге тиіс болатын. Бізде бәрі керісінше болды. Шенеуніктер білім саласын реформа өткізетін сынақ алаңына айналдырды. Балалардың басы қатты. Мұның зардабы ондаған жылдан кейін су бетіне шығады. *** Ғылым өнер емес. Димаш сахнаға шығып, әнін айтып, шыңғырып берсе, бәрі жақсы көріп қалады. Бұл түсінікті. Немесе біреу екіншісінің мұрнын бұзса да, не болғанын ұғып тұрасыз. Ал, ғылымда олай емес. Оны игеру үшін уақыт керек. *** Қазақтың сөзі асыра мақтауға да, жермен-жексен етуге де жетеді. Бірақ конденсат пен резисторға келгенде, бүгелектеп қала береміз. *** Ұлттық бірыңғай тестілеу бар, жылына төрт рет келетін емтихан бар. Сол кездері жұрттың барлығы мені іздей бастайды. Соған таңғаламын. Ондайда қашып кетем. Телефон да жоқ, ештеңем де жоқ. Тығылып қалам. Ешкім таба алмайды мені. Басқа уақытта ешкімге керегім жоқ. Сондағы мақсаты – “емтиханға көмектес, түсіріп жібер, өткізіп жібер”. *** Әніңізді, күйіңізді сақтаңыз. Жеті атаңызды білу дәстүрін дәріптеңіз. Осының барлығын сақтай отыра, жаңа заманға бейімделіп, технократтық елге айналыңыз. Сонда ғана қазақтың болашағы болады. *** Кеңес үкіметі құлағанда жазушыларды таппай қалдық. Коммунистік партия болмаса, жазушылар ешкімге керек емес екен. Ешкім оқымайды. *** Қазір қазақта не көп, ғылыми атағы бар адам көп. Бірақ бұл ғылым көп деген сөз емес. Өкінішке қарай, осындай нәрселер тек ғылымда десеңіз, қателесесіз. *** Мысалы, таза математикке берілетін сыйлық бар. Бірақ оны ешкім білмейді. Ал, “Нобельді” барлығы біледі. Нобель деген кісі тек қана ғалым емес, ол мықты бизнесмен ғой. Ішіне әдебиетті кіргізіп қойып, керемет мықты маркетингтік жүріс жасады. Әдебиет жүрген жерде ылғи шу, дау-дамай, ұрыс–керіс секілді тегін жарнама жүреді. *** Қазір ақылды адамдар азайған жоқ, керісінше, ақылды жастарды ұғатын шалдар азайып кетті. *** Мен еш уақытта қазақ болып туғаныма мақтанған да емеспін, өкінген де емеспін. Әр адамның өзінің ұлты бар. Әр адамның тегі бар. *** Кеңес одағы кезінде Қазақстанда математика, физика, химия сияқты жаратылыстану ғылымдары жақсы дамыған еді. Оның әдістемесі жақсы қалыптасқан. Осы уақытқа дейін балаларымыздың ылғи олимпиададан, байқаудан озып жатқанының бірден-бір себебі осы инерциямызда. *** Ұлыма математикаға бармай-ақ қой дедім. Бір үйге бір математик жетеді. Өйткені, ертең ұлын ертіп жүр деген сөз ереді. Ол маған керек емес. *** Сөздің парқы деген ұғым бар. Істің парқы деген ұғым бар. Батыс елдерінің, мысалға, ағылшын азаматының отаншыл болып келетін себебі – оларда ең алдымен іс жүреді. Ал біздің қазаққа келсеңіз, ісі артта қалады да, сөзі озып кетеді. *** Біз үшін салтанатты шаралар, хаттама маңызды. Тойымыздың өзі партияның жиналысы сияқты ғой. *** Мен мектепте оқып жүргенде, жек көретін екі жазушым болды. Абай және Лев Толстой. Өйткені, дым түсінбедім. Толстойдың “Соғыс және бейбітшілігін” оқысаң, өңкей түсініксіз бірдеңелер. Абайды оқып қалсаң, ақыл айтады да жатады. Маған ол ұнамайды. Түсінбеймін. Мағына көрмеймін… Жас бала Абайдың, Толстойдың ұлы екенін түсінбейді. Оған зорлап оқы дегеннен ештеңе шықпайды… Толстойды МГУ-да оқып жүргенде, 2-3 курста оқыдым. Ұлы екенін түсініп, рахаттанып оқыдым. Мәскеуге барғанда Абайды оқып бастап, ұлылығын сонда түсіндім. *** Әлемде “Ұлттық кодымыз қандай?” деп жанталасып, Күлтөбенің басында күнде жиын құрып жатқан ел – біз ғана. Заңда бар ма, бітті, істеуге міндеттісің! Эмоцияңды қалтаңа салып қой, үйіңе барғанда кемпіріңе айтасың.