Асхат Жұмабеков: Оқушыларым үшін Финляндияға барудан бас тарттым
Асхат Жұмабеков: Оқушыларым үшін Финляндияға  барудан бас тарттым
945
оқылды
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі, «Қазақстан мұғалімі», «Үздік жыл мұғалімі» сыйлықтарының жеңімпазы Асхат Жұмабеков әлемнің үздік 50 мұғалімінің тізіміне енген еді. Жуықта Global Teacher Prize («Әлемнің үздік ұстазы») халықаралық сыйлығының қорытындысы шықты. Осы орайда жаңашыл ұстазбен аз-кем сұхбаттасқан едік. – Асхат Советханұлы, сіз биыл әлем­нің ең үздік 50 мұғалімінің қатарына кірдіңіз. Жақында Global Teacher Prize («Әлемнің үздік ұста­зы») халықаралық сыйлығының амбассадоры атанғаныңызды естідік. Құтты болсын! – Рақмет. Жаһандық дең­гейдегі байқаудың қорытындысы 10 қарашада шығып, АҚШ мұ­ғалімі мәртебелі сыйлықтың же­ңім­пазы болды. Шынымды айтайын, «Әлемнің үздік ұстазы» халықаралық сыйлығының амбассадоры атанғанымды естігенде ерекше қуандым. Енді мен осы үлкен сыйлықтың амбассадоры, яғни өкілі ретінде дүниежүзіндегі әріптестеріммен тәжірибе алмасып, еліміздің атынан халық­аралық форумдар мен конферен­цияларға, ЮНЕСКО-ның барлық жобаларына қатысатын боламын. – Бәрекелді! Әлемдік деңгейдегі сыйлық болғаннан кейін талаптары да оңай болмаған шығар? – Әрине, қиындықтар болды. Мен бұл әлемдік байқауға қа­тысуға 2018 жылдың қазан айынан дайындала бастадым. Жаһан­дық деңгейдегі сайыстың әр ке­зе­ңі­не мұқият әзірленіп, олардың тарапынан берілген әрбір тапсырманы тиянақты орындадым. Бір ғана тапсырманы орындаудың өзіне қаншама ай уақыт кетті. Өйткені өзіңнің мұғалімдік қыз­метің мен оқушыларыңның же­тіс­тіктерін көрсету, материалдар жинау, оны дәлелдеу оңай болған жоқ. Алғашқы іріктеуден сүрінбей өтіп, Global Teacher Prize халық­аралық сыйлығының өкілдері өтінішімді қабылдап, мені тіркегеннен кейін сұхбаттасу, әртүрлі тапсырмаларды орындау секілді кезеңдер басталды. – Қандай кезеңдер сіз үшін қиынға соқты? – Алғашқы анкета толтырып, әртүрлі сұрақтарға жауап беру кезеңі өте қиын болды. Анкетаны ағылшын тілінде сауатты жазып, толтырудың өзіне қаншама уақыт жұмсалды. Өзің туралы, жеткен жетістіктерің, ғылыми жұмыс­тарың туралы видео әзірлеу де күр­делі жұмыс екен. Сценарий жазуға да тура келді. Мәртебелі сыйлықтың қазылар алқасының мүшелерімен live режимінде сөйлесу де оңай болған жоқ. «Білім саласына қандай өзгеріс енгізгіңіз келеді?», «Сіздердің үкіметтеріңіз осы саладағы қандай мәселелерге дұрыс көңіл бөлмей отыр?», «Мектептердегі буллинг мәселесін қалай шешуге болады?» деген секілді әрқилы сұрақтар қойды. – Білуімше, сіз 2019 жылы «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сый­лығының жеңімпазы болғаннан кейін әлемдік деңгейдегі сыйлыққа үміткер ретінде ұсынылдыңыз. Солай ғой? – Иә, дәл солай. Оған дейін, яғни 2018 жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ААҚ-ның 20 бөлімшесі арасында өткен бай­қауда «Үздік жыл мұғалімі – 2018» атағын иелендім. Шынымды айтсам, бұл байқауға оқу­шыларым «қатысып көрсеңізші» деп қол­қалаған соң қатыстым. Одан кейін дәл осы жылы Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Үздік педагог – 2018» байқауында топ жар­дым. Қысқасы, 2018 жыл ме­нің өмірім­дегі айтулы, бетбұрысты жыл болды. Ал мені Global Teacher Prize халықаралық сыйлығына Әлия Назарбаева жетекшілік ететін «Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту» қоры ұсынды. Өйткені мен 2019 жылы аталған қор бастамашы болған «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атандым. – «Болашақ» бағдарламасымен Финляндия елінде біліміңізді шың­да­дыңыз. Қазіргі жетістік­теріңізге осы мемлекетте оқыған­дығыңыз әсер етті деп ойлайсыз ба? – Әрине, «Болашақ» бағдар­ламасы болашағыма үлкен жол ашты. Ел көрдім, жер көрдім. Ме­нің мұғалімдікке келуіме Семейдегі №23 мектепте сабақ берген алғашқы ұстазым Людмила Степановнаның ықпалы зор болды. Ол кісі әр оқушыға мән беріп, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеп, бойындағы қарым-қабілеттерін ашуға тырысты. Бір сыныпта 39 оқушы оқы­сақ та, барлығымызға бірдей қарады. Мектеп бітірген соң Семей педагогикалық институтына (қазіргі Шәкәрім университеті) грантқа оқуға түстім. Бізге өте білімді оқытушылар дәріс берді. Серікбай Маусымбаев пен Ғалия Нұрабаева есімді ұстаздарым мені үнемі әртүрлі байқауларға қатыс­тырып, ғылыми жобаларға баулыды. Сол кезде Михайл Панин оқу орнының проректоры болды. Ол кісі менің ғылыми жобамен Мәскеуге барып, халықаралық байқауға қатысуыма жағдай жасады. Әлемнің 20 елінен келген үміткерлер арасынан 2-орын алдым. Бұл сапар мені қанаттандырды. Сенімімді нығайтты. Міне, менің бүгінгідей дәрежеге жетуіме жо­ғарыда есімдері аталған жандардың еңбегі зор. – Жақсы. Енді Финляндияға келейікші. Не үйрендіңіз бұл елден? – Ғылыми тағылымдама ке­зінде университеттерде болдық, мектептерді көрдік. Сондағы мек­тептердің бірінде сабақ та бердім. Байқағаным, бұл елде теориядан гөрі тәжірибеге көп көңіл бөледі. Мұғалімдер жаңа технологияларды көп қолданады. Мәселен, сабақ кезінде смартфонды пайдаланады. Сабақтары қызықты болу үшін ойын форматында жүргізеді. Сабақ процесіне оқушылардың көбірек қатысуына мән береді. Қазір өзім оқушыларға дәріс бергенде осы әдістерді қолданып жүрмін. – Фин мемлекетінің білім саласындағы қандай жаңашылдық­тар­ды біздің білім жүйесіне енгізуге болады? – Әр сабақтың стратегиясы бо­­­лады. Бұл жақта осыған ерекше ден қояды. Сабақты эксперимент ар­қылы жүргізу деген бар. Мә­се­лен, бір нәрсені құр сөзбен айтпай, тәжірибе жүзінде көрсеткен ләзім. Өзі­м осы жағына көп мән беремін. Сон­да оқушылар да же­ңіл қабыл­дай­ды, сабақ та қызықты өтеді. Фин елінен түйген тағы бір дүнием, сонда оқып жүргенімде жергілікті ұстазым рефлексивті күнделік жүргізуді үйретті. Бұл дегеніңіз өткен әр күніңізді, жүргізген әр сабағыңызды сараптап, талдап, өзіңе сұрақ қойып отыру. Мұны ұлы Абай да өзінің 15 қара сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал. Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?» деп айтып кеткен жоқ па? Сондықтан білім саласына келіп жатқан жас мамандарға рефлексивті күнделік жүргізуді ұсынар едім. – Иә, енді өз тәжірибеңіз жа­йында да айтыңызшы. Сіз сабақты қалай өткізесіз? – Жаңа жоғарыда да атап өттім, сабағым қызықты әрі тартымды болуы үшін ойын форматында жүргізуге тырысамын. CLIL, FILA деген әдістемелер мен әдістер бар. Дәрістің практикалық жағына, зертханалық жұмысқа көңіл бөлемін. Шәкірттерімнің зерттеушілік қырларын ашуға күш саламын. Оқушыларымды ғылы­ми жобаларға, байқауларға, олим­пиадаларға жіберуге көбірек мән беремін. Өз пікірім, мұғалім оқу­шыға дайын нәрсені айтып берумен шектелмеуі керек, олардың да сыни тұрғыдан ойлануына, баға беруге, қорытынды жасауға, өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік жасауы қажет. – Финляндия демекші, сізге осы елдің Білім және мәдениет министрлігі докторантурада оқу жөнінде ұсыныс айтыпты. Тіпті, грант та ұсыныпты деп естідік. Бірақ сіз бас тартқан екенсіз. – Иә, ондай ұсыныстың бол­ғаны рас. Бірақ мен өзім дәріс беріп жүрген оқушыларымды бірінші орынға қойдым. Бірлесіп бастаған жобаларымыз аяқсыз қалатын болды. Соның бәрін ойлана келе бас тарттым. Оған еш өкінбеймін. Өйткені маған дәл қазір жұмыс істеп жүрген мектебім, сабақ беріп жүрген оқушы­ларым қымбат. – Үнемі жымиып жүресіз, өте салмақты, салқынқанды көрінесіз. Түріңізге қарасақ, оқушыларға көп ұрыспайтын секілдісіз. Әлде мен қа­те­лесем бе? – Ұрыспайтыным рас. Тоғыз жылдық мұғалімдік тәжірибемде бір оқушыға ұрысқаным есімде жоқ. Мен мүмкіндігінше шәкірт­терімнің жағдайын түсінуге, біреуді кінәламас бұрын себебін білуге тырысамын. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болады ғой. Бір оқушың күйзелісте жүруі мүмкін. Оған сыртқы фактор әсер етуі де ықтимал. Осындай кезде оқушы үй тапсырмасын орындамай келсе, ештеңе демеймін, ұрыспаймын, сөкпеймін, уақыт беремін, күтемін. – Сіз бір сұхбатыңызда «Егер Global Teacher Prize халықаралық сыйлығын жеңіп алсам, оған берілетін 1 миллион АҚШ доллары­ның белгілі бір бөлігін облысымызда онкология орталығын салуға жұмсар едім» дедіңіз. Өкінішке қарай, бұл сыйлық сізге бұйырмады. – Оған ешқандай өкініш жоқ. Бірақ Шығыс Қазақстанда, туған жерімде онкология орталығын салу жөніндегі ойымнан бас тартпаймын. Мұның өзіндік себептері де бар. Өйткені біздің өңір республика бойынша онкология­лық аурулар жағынан көш бастап тұр. Менің тағы бір арманым – шалғай ауылдардағы оқушыларға көмектесу. Олар қаладағы оқушы­лармен тең дәрежеде білім алса деймін. Үшінші – инклюзивті білім беру. Бұл тарапта біраз мәсе­лелер бар. Алдағы уақытта үлкен байқаулардан үлкен қаржылай сыйлықтар алып жатсам, жо­ғарыда айтқан мәселелерге бірінші кезекте көңіл бөлемін. – Сөз соңында ата-анаңыз, от­басыңыз жайында айтып өтсеңіз. – Әке-шешем қарапайым адамдар. Өзім көпбалалы отбасында өстім. 1990, 2000 жылдары қиындықты да көрген кездеріміз болды. ҰБТ-ға репетитор жалдау­ға, оқулықтар сатып алуға ата-анам­ның ақшасы жетпеген сәт­тердің де болғанын жасырмаймын. 1-сыныптан бастап анама нан сатуға көмектестім. 9-сыныптан бастап жазда жанар-жағармай бекетінде, күзде репетитор болып жұмыс істедім. Соның бәріне қарамастан бізді оқытты, то­қыт­ты, жеткізді. Сондықтан ма­ған ең қымбат жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Сұхбаттасқан Азамат ҚАСЫМ

Шығыс Қазақстан облысы