Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы-драматург: Тағдыры көрерменге байланған театр көп
Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы-драматург: Тағдыры көрерменге байланған театр көп
1,043
оқылды
– Сұлтанәлі аға, өнерге жаңа көзқарас қалыптаса бастаған секілді. Бұған дәлел «Бөрте» спектаклі. Спек­такльдің бюджеті де қомақты. Яғни, артистерге де, режиссерге де, драматургке де жақсы қаламақы берілген сияқты. Әрі билетінің құны да жоғары. Демек, драма­тургияда жаңа белес басталады. Солай емес пе? – Жоқ, мен олай деп айта алмаймын. Егер шын­дығына келсек, бір спектакльге дәл мұндай өте мол қаржы бөлу осымен аяқталатын шығар. Өйткені Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайы ондай «жомарттықты» көтере бермейді. Сондықтан алдағы уақытта театрларға ақша аспаннан қарша борап, театр қайраткерлері, оның ішінде драматургтердің де жағдайы керемет жақсарып кетеді дегенге сену қиын. – Бұрын режиссерлер тақырып таба алмайтын. Дра­матургтер жақсы режиссерлерге мұқтаж еді. Қазір ре­жис­серлердің жаңа толқыны қалыптасты. Жаңа есімдер пайда болды. Ізденіс бар. Ал драматургтердің жағдайы қалай? – Керісінше, бұрын драматургтерді режиссерлердің өздері іздейтін. Мысалы, атақты режиссер Райымбек Сейтметов кезінде театрға Төлен Әбдіков, Баққожа Мұқай, Тынымбай Нұрмағамбетов, Әділбек Тауасаров бастаған көптеген жаңа драматургті әкелді. Шерхан Мұр­тазаның алғашқы жазған «Сталинге хат» дейтін өте күрделі пьесасын бірден сахнаға шығарды. Мен де Ра­йым­бек Ноғайбұлының қолдауымен драматург болдым. Жалпы, ол кезде аты аңызға айналған режиссеріміз Әзірбайжан Мәмбетов бастаған Ерсайын Тәпенов, Бәйтен Омаров, Есмұқан Обаев, Жақып Омаров, Хұсейін Әмір-Темір, Нұрқанат Жақыпбаев сияқты бүкіл режиссеріміз драматургтердің көркемдік сапасы жоғары шығармаларын үнемі іздеп жүретін. Ал қазір мүлдем басқаша. Көрермен көңілінен шығатын көркем туындыларды ешкім аса керек етпейтін сыңайлы. Оның барлық себебін бұл шағын әңгімемізде түгел айтып шығу қиын. Мен тек жаңа өзің айтқан жас режиссерлер жөнінде бір-екі ауыз пікір білдірейін. Рас, бізде ре­жис­сер­лердің жаңа толқыны қалыптасты. Бірақ олар ба­тысқа тым еліктегіш. Бұл ретте әр халықтың өзіндік ұғым-түсінігі, таным-талғамы, өнер мен өмірге деген ерекше көзқарасы болатынын ұмытпау керек. Кез келген елдің театры өз көрермендерінің осындай ерекше талғамы мен сұраныстарын міндетті түрде ескереді. Жас режиссерлер бұл мәселеге назар аудар­ғаны жөн. Соңғы жылдары театрға келетін көрермендер баяғы біз жұмыс істеп жүрген кезбен салыстарғанда әлдеқайда азайған. Қалың бұқараның көңілін қалдыра берсек, көрерменнен біржолата айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Бұл жағдай жас драматургтердің де назарында болуға тиіс. – Соңғы кезде драматургия саласына жастардың жаңа толқыны келе бастаған секілді. Алайда жарқырап көрініп жатқандары некен-саяқ. Жаңа есімдер неге жоқ? –Дұрыс, драматургияға жастардың жаңа толқыны келе бастады. Мен 15 жылға жуық Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотеле­дра­матургия мамандығы бойынша курс жетекшісі, ұстаз болып қызмет істеймін. Қазір драматургтердің Қол­ғанат Мұрат, Әлібек Байбол бастаған жаңа толқыны өсіп келеді деп толық сеніммен айта аламын. Олардың қатарында өзім төрт жыл оқытып, тәрбиелеп жүрген шәкірттерім де баршылық. Мысалы, Айдана Аламан­ның «Жүрегімнің иесі» атты шығармасы М. Әуезов атындағы театрда сахналанып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әлішер Рахат драматургия мен проза саласында қатар көрініп, танымал қаламгерге айналды. Қазір Ақтөбе театрында жұмыс істейтін Ақмарал Әбдіхалық пен Алматы қуыршақ театрындағы Мәдина Төленің де пьесалары облыстық театрларда сахналанды. Мерей Қосын дейтін шәкіртім «Тәуелсіздік толғауы» атты республикалық конкурстың жүлдегері атанды. Тұрсынбек Кешубайдың бірнеше пьесасы баспасөз бетінде жарық көрді. Айжан Ізімова бірнеше жыл Қызылорда театрында жұмыс істеп, драматургияға бейімділігін танытып, қазір өзіммен бірге болашақ драматургтерге ұстаз болып жүр. – Драматургия саласында жаңа шығармалар жарыққа көп шыға қоймайды. Көбі тасада қалып қойып жатқан жоқ па? – Бұл сұраққа нақты сөзбен жауап қайтару қиын. Баяғы кезде Мәдениет министрлігінің жанында ре­пертуалық-редакциялық коллегия болатын. Қалам­герлер жаңа пьесаларын соған жіберіп, жан-жақты талқылауға түсетін. Соған орай қай драматургтің не жазғанын алдын ала біліп отыруға мүмкіндік бар еді. Қазір ол жақсы дәстүр ұмытылған. Тек Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы театр өнері жөнінде көркемдік кеңеске әрегідік жаңа пьесалар түсіп тұрады. Көркемдік кеңестің мүшесі ретінде бұл пьесалардың біразымен танысқан едім. Бірақ олардың арасынан көрерменнің көзайымына айналса дейтін сапалы дүниелер кездесе қоймады. Ал жыл сайын осы министрлік жариялайтын «Тәуелсіздік толғауы» конкурсына түсетін пьесалардың арасында жақсы шығармалар біршама жиі ұшырасады. Қазылар мүшесі ретінде біз бұл шығармаларды мақ­таймыз, тиісті бәйгесін де береміз, бірақ олардың көпшілігін кейін ешкім керек етпейді. – Балғабаевтың драматургиясы ше? Соңғы кезде пьесаларыңыз сахнаға көп шыға бермейтін секілді. Неге? – Иә, кезінде шығармаларым ең көп қойылатын драматург болдым. Пьесаларым Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр мен Ғабит Мүсірепов атындағы өнер ордаларынан бастап Қазақ­стандағы бүкіл қазақ театрларында сан рет сахналанды. Өзбек, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ театрларында да біраз шығармаларым жарыққа шықты. Ал соңғы жылдары қойылымдарымның біраз азайғаны рас. Оның себебі әртүрлі. Әйтсе де, ең бастысы, бұрын біз жаңа пьесаны жазып болған соң жоғарыда айтылған репертуарлық-редакциялық коллегияға өткізетінбіз. Театр басшылары бұл пьесаларды сол жерден өздері іздеп тауып, ұнатқандарын таңдап алатын. Ал қазір әр адам пьесасын театрларды жағалап, өзі таратады. Бол­маса сол театрлар қарайтын ресми жоғары орындардан сұрамшақтанып, көмек сұрайды. Менің бұл екеуіне де бейімім жоқ. Дегенмен жазған пьесаларымның басым көпшілігі көремендермен жүздесті. Тек соңғы жылдары жазылып, әлі күнге сахналанбаған екі дүнием бар. Оның біріншісі – «Бағаналы батыр Тауасар» дейтін тарихи драма. Екіншісі – өмірден екеуі бірдей тым ерте кеткен атақты айтыскер ақын Оразалы Досбосынов пен оның жұбайы, әнші Ажар Түзелбекқызы туралы жазылған «Сағындым сені» атты музыкалық драма. Жалпы, соңғы пьесаны жазуым кездейсоқ болды. Мен әуелі интернеттен Ажар әншінің «Сағындым сені» атты әнін тыңдап, төтенше әсерге бөлендім. Содан бастап әншінің өзі және оның жан жары Оразалы туралы мұқият зерттей бастадым. Соның нәтижесінде мұңды музыкалық пьеса дүниеге келді. Бірақ оны әзірге ешкім керек еткен жоқ, дегенмен күндердің күні сахнаға шық­са, көрерменге ұнайтын жақсы дүние болады деп сенемін. – Автор мен режиссердің ортақ қолтаңбасынан жақсы дүниелер туып жатады. Сұраныспен пьеса жазып көрдіңіз бе? – Әрине, автор мен режиссер бірлесіп жұмыс істесе жақсы. Бірақ өз басым ешқашан режиссермен бірлесіп жұмыс істеген емеспін. Өйткені, менің ойымша қағазға түскен пьеса мен сахнаға қойылған спектакль екеуі екі басқа дүние. Яғни, пьесаның авторы – драматург, спектакльдің авторы – режиссер. Сондықтан режиссер пьесаны сахналағанда не істейді, не алып, не қосады – оны өзі біледі, мен оған мүлдем араласпаймын. Осыған орай театрда көп мәселе актерлерге да тікелей байланысты екенін айта кеткен жөн. Мысалы, белгілі режиссер Болат Ұзақов менің «Ең жақсы еркек» деген пьесамды үш театрда қойды. Міне, осы үш театрдағы спектакльдер авторының да, режиссерінің ортақ екеніне қарамастан актерлердің ойынына қарай мүлдем үш түрлі болып шықты. Ал сұраныспен бір емес, бірнеше шығарма жаздым. Бірақ оның бір қиындығы болды. Пьеса жазуға отырғанда ең алдымен басты кейіпкерлерді кәдімгідей көріп отыруым керек. Оның мінезі, жүріс-тұрысы, бейнесі бәрі-бәрі көз алдыма келіп, тіпті дауысын да естіп отырғандай боламын. Кейде жынды адам сияқ­танып онымен кәдімгідей сөйлесемін, пікір талас­ты­рамын. Мысалы, «Ең әдемі келіншек» пьесасын жаз­ғанда көз алдымда театрда бірге жұмыс істейтін, барлық мінезін, жүріс-тұрысынан бастап сөйлеу мәнеріне дейін өзім жақсы білетін атақты актриса Лидия Қаденова тұрды. Ал тапсырыспен пьеса жазғанда осы жөнінен біраз қиындық туады. Нақты мысал келтірейін. М.Әуезов атындағы театрдың атақты актрисасы болған Фарида Шарипованы жұрттың бәрі жақсы біледі. Бір күні сол кісі менің Дүниежүзі қазақтары қауымдас­ты­ғын­дағы жұмыс кабинетіме кіріп келді. Жанында өзіме жақсы таныс, жастар театрында бірге қызмет істеген Қазақстанның Халық әртісі Роза Әшірбекова бар. Екі бірдей театр жұлдызының мені неге іздеп келгенін түсінбей, аңтарылып отырып қалдым. Сөйтсем, Фа­рида апамыз келесі жылы 60 жасқа толады, соған орай пьеса жазып беруім керек екен. Бұған бірден келістім. Бірақ осы күннен бастап менен маза кетті. Өйткені Фарида Шарипованың театрда орындаған бірнеше рөлін көргенім болмаса, қандай кісі, мінезі, жүріс-тұрысы, күнделікті өмірдегі сөйлеу мәнері қандай екенінен мүлдем хабарсыз едім. Осылай әбден қиналып жүріп ақыр соңында сәті түсіп, «Ғашықтар болмайтын ғасыр» дейтін жаздым. Ол белгілі режиссер Әубәкір Рахимовтың режиссерлігімен «Ғашықсыз ғасыр» дейтін атпен сахналанып, басты рөлдегі Фарида Шарипованың мерейтойында көрсетіліп, ұзақ жыл театр репертуарынан түскен жоқ. Бұдан кейін осы театрдың тағы бір атақты артисі Жұмабай Медетбаевтың 70 жылдық мерейтойына арнап «Тойдан қайтқан қазақтар» атты пьеса жаздым. Бұл шығарма да Әубәкір Рахимовтың режиссерлігімен сәтті сахналанды. Ал осыдан екі-үш жыл бұрын Ғ. Мүсірепов атындағы театрдың сол кездегі көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбектің ұсынысымен баяғы Роза Әшірбекованың 80 жылдық мерейтойына арнап «Енелер мен келіндер» атты пьеса (режиссері – Ержан Қауланов) жаздым. Сөйтіп, бұдан 20 жылдай бұрын Фарида Шариповамен бірге келіп, өтініш жасаған құрметті Роза Әшірбе­ко­ваның алдындағы міндетімнен құтылдым. Бұдан кейін Талдықорған театрындағы Қазақстанның Халық әртісі Алмақан Кенжебековаға арнап «Мәңгілік өмір – махаббат» (режиссері Оразалы Ақжарқын) және туған жерім Қызылордада жаңадан ашылған жастар театрына арнап «Қызылорданың қыздары» (режиссері Оңталап Нұрмаханов) дейтін пьеса жазып бердім.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС