Ерекше бала сапалы білімге зәру
Ерекше бала сапалы білімге зәру
451
оқылды
Ерекше қажеттілігі бар әр бала білім алуға құқылы. Алайда елімізде әлі күнге дейін оларға білім беретін мамандар да, орталықтар да жеткіліксіз. Қатардағы оқушының онлайн алған білімі көңілге күдік ұялтатқанда ерекше балалар қашықтан қалай оқып жүр? Білім сапасы мен мамандардың біліктілігіне ата-аналардың көңілі неге толмайды? Жалпы, білім ордаларында олардың еркін жүріп-тұруы үшін жағдай жасалған ба? Қоғам қалай қабыл­дайды? Зерттеп көрдік.

ТЬЮТОРЛАР ТАПШЫ

Білім және ғылым министр­лі­гінің мәліметінше, бүгінде елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 18 жасқа дейінгі 161 мың 826 бала бар. Өкінішке қарай, бұл санаттағы балалардың саны жыл сайын 3 па­йызға өсіп отыр. Республика бойын­ша олар үшін 195 психоло­гиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 14 оңалту орталығы және 38 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 75 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) жұмыс істейді. Заң бо­йынша бір ПМПК 60 мың баланы қамтуы тиіс, сонда елде тағы 21 ПМПК ашылуы керек. Бұл салада шешілмеген түйт­кіл шаш етектен. Соның ең ма­­­ңыз­дысы – ассистент-педагог­тер­дің тапшылығы. Еңбек биржа­сының мәліметінше, бүгінде білім саласы 18 мың маманға мұқтаж.Жалақысы аз, жұмысы ауыр ма­мандыққа жас­­тардың да ынтасы жоғары емес екен. Бұл ойды «Бо­лашақ» қоғам­дық қоры «Әр бала мектепке ба­руға лайықты» жоба­сының же­текшісі Жазира Ескен­дірова қуат­тап отыр. Айта кетейік, бүгінде Қазақстан бойынша пе­дагог-ассистенттерді тек «Бола­шақ» қоры ғана дайындайды. «Қазір 1 200-ден аса педагог-ассистент жұмысына кірісті. Олар үшін қазан айынан бастап білік­тілікті арттыру курстары ашылды. Бүгінге 150 маман оқып шықты. Де­генмен педагог-ассистенттер әлі де жеткіліксіз. Себебі жалақысы аз, әр жерде әртүрлі төленеді. Мә­се­лен, бір мектептерде 35 мың теңге төленсе, енді бірінде 90 мың теңге. Еден жуушының өзі 70-80 мың тең­ге алады, ал тьюторлар­дың жұ­мысы ауыр болса да, та­батын та­бы­сы мардымсыз», – дейді Ж.Ескендірова.

Ойсырап тұрған білімнің орнын кім толтырады?

Бүгінде 99 арнайы мектепте 15 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар бала білім алады. Сонымен қа­тар 432 жалпы білім беретін мек­тепте 1 200 арнайы сынып ашыл­ған. Онда 9 мыңнан астам бала оқиды. Енді осы санаттағы 12 864 бала орта білімді үйде алып отыр. Бірақ сол үйде оқу дегеннің өзі аты бар да, заты жоқ сипатында секілді. Үйге келіп оқытатын мұ­ғалім­дердің біліктілігі мен білім са­па­сына көп ата-ананың көңілі тол­майды. Со­лардың бірі Шым­кент қаласының тұрғыны, ерекше баланың анасы Құралай Кентаева. Оның тұңғышы Ерсұлтанға «ДЦП спастика гипер­кинетикалық фор­масы» диагнозы қойылған, жасы 18-де. Мектеп мұ­ғалімдері 1-сы­ныптан ұлын үйге келіп оқытыпты. Қазір оның қа­тар­ластары 1-курста оқыса, Ерсұл­тан үйінде отырады. «Себебі 8 жыл бо­йы қағаз жүзінде білім алды де­гені болмаса, шын­дығында мұға­лімдер үйге келіп, жанында 10-15 минут отырып кететін», – дейді ол. «Аптасына 2 рет қана келетін, «басқа күндері неге келмейсіздер» де­сем, айтатын сылтауы көп. Мек­теп директорына хабарласып, бір­неше рет айттым, бірақ нәтиже бол­­мады. Кейін баруды да, хабар­ласуды да қойдым. Ұлым 9-сы­ныпты оқымады, аттес­тат алмады, 8-сы­нып­тан кейін оқу­ды тастап кетті», – деді ерекше баланың анасы.

ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСПАҒАН

Елімізде «ерекше» балаларға арналған білім беру саласының да­муында, оны ұйымдастыруда, жал­пы инфрақұрылымында әлі де кем­­­шіліктер бар. Білім ордала­рын­да арнайы жеделсаты, пандус, ер­кін жү­ріп-тұруға мүмкіндік беретін қондырғылар жоқ. Ерекше бала тәр­биелеп отырған ана Мамура Қат­табекова 11 жастағы ұлының бо­лашағына алаңдаулы. Себебі қа­зір онлайн білім режимінде уа­қыт телефонға телмірумен өтетінін айтып қынжылды. «Мұғалімдері тапсырманы ма­ған жібереді, соны орындатамын. Дәрігерлер «Прадир-Вилли син­­дро­мы» диагнозын қойған. Мек­тепте пандус, жеделсаты болғанда қатынап оқитын едік. Онда білім алуға деген ынтасы оянар ма еді? Қазір далаға әрең алып шығамын, тек жата бергісі келеді. Мүм­кін­дігінше баланы қатарға қосып, мек­­тепте оқуына жағдай жасаса дей­­­мін. Мектепті үйтіп-бүйтіп бі­тір­геннің өзінде университеттерде де ерекше балаларға жеткілікті жағдай жасалмаған», – дейді М.Қаттабаева. Педагог-ас­сис­тент Жанна Қам­­барованың айтуынша, «ерек­ше» балалар қа­тардағы оқушы­лар­мен бір сыныпта отырса да, бас­қалармен салыс­тыр­ғанда мүмкін­ді­гіне қарай жеңілірек тапсырмалар беріледі. Баланың диаг­нозына бай­ланысты оқу бағ­дарламасы жа­салады. Деген­мен болашақта ерек­ше қажеттілігі бар баланың бар­лы­ғы дерлік оқуын үздік аттестатпен аяқтамаса да, жоқ дегенде дүкенге барып, керек-жа­ра­ғын сатып алуы, айнала­сын­дағы­лар­дан қым­сынбай көмек сұрай алуы тиіс.

ӨЗЕККЕ ТЕППЕЙ, ӨЗІМСІНСЕ

– Ерекше балалардың білім алуында кедергі аз емес. Арнайы кітап, бағдарлама, жеделсатыдан бөлек психологиялық қысымды да ескерген жөн. Мұндай балалар мек­тепте оқыса, өзге оқушылар кемсітуі мүмкін. Баланы орта қа­былдамаса, түсіністікпен қара­ма­са, психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді. Қатарластарының мазақ­тауы, қорлауы тыйылмаса, ауыр күйзеліске алып келеді, – дейді психолог Динара Көпбасарова. Ұлыбританияда ерекше ба­лаларды кемсіту, бөлектеудің ал­дын алу жұмыстары балабақшадан бас­талады. Мысалы, балаларға ойын барысында арнайы мүге­дек­тік бел­гілері бар қуыршақ беріледі. Сонда кішкентайынан мүгедектік белгі­ле­рімен танысып өскен бала мектепке барғанда бір сыныпта отырған «ерек­ше» балаға таңғала қарап, мү­сіркеп жатпайды. Сон­­дықтан болар, бұл елде мүгедектігі бар балаларды, азаматтарды қо­ғамдық орын­дардан жиі кездес­ті­руге болады. Ойды қорытындыласақ, да­муын­­­­да ауытқуы бар, денесінде қан­­дай да бір кем-кетігі болса да, әрбір бала қоғамның тең құқылы мүшесі. Олар да сапалы білім алуға құқылы.

Наима НҰРӘЛІ