Қатты желден қақыраған үйлер
Қатты желден қақыраған үйлер
174
оқылды
«Қатты жел соғып, дауыл тұрса, қорқатын болдық. Шатырымызды болмаса қабыр­ғадағы биттің қабығындай қап­таманы жұлып кете ме деп алаңдаймыз. Себебі үйлердің бәрі сапасыз салынған». Бұл – Өскеменнің жаңадан бой көтерген шағынауданындағы тұрғындардың жанайқайы. Олар сапасыз тұрғызылған үйлердің жырын айта-айта, жаза-жаза шаршағандарын айтады. Тұрғындар айтса айтқандай, кейінгі жылдары Өскеменде са­лын­ған сапасыз үйлер халықты әбден әуре-сарсаңға салып-ақ тұр. Алысқа бармай-ақ тек биылғы 11 айда тіркелген фактілерге зер салайықшы. Сәуір айында «Нұрлы жол» бағдарламасымен, «Қазақ­стан­дық ипотекалық компаниясы» мен «Бәйтерек Девелопмент» АҚ мұрындық болуымен бой көтерген Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №14-ші 9 қабатты үйдің қабырғасы түн ішінде ажырап кетіп, тұрғын­дарды бір шошытты. Айтпақшы, бұл үйдің қабырғасындағы қаптама 2020 жылдың желтоқсан айында және осыдан бір-екі ай бұрын тағы да ойылып кеткен болатын. «Үйге кіргеннен проблемадан көз ашпа­дық. Мұншама жауапсыз болуға бола ма? Қаншама адамның обалына қалып отыр. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз жоқ. Үйді салған мердігердің басшысын таба ал­мадық. Сөйтсек, ол банкрот болыпты. Техникалық қадағалауды «AD Строй Групп» жасау керек болған. Олар бірде-бір бетке қол қоймаған көрінеді» деп мұң шаққан еді сол кезде осы үйдің тұрғыны Бақытбек Әміренов. Арада үш ай өтпей, тамыз айын­да шаһардың 19 шағын­ауданын­­дағы Есенберлин көшесі­нің бойында орналасқан 31/2 үйдің қабырғасында жарық пайда болды. Өскемен қалалық Құрылыс бөлімі­нің тапсырысымен салынған бес қабатты тұрғын үй 2020 жылдың соңында пайдалануға берілген. Су жаңа үйдің бір жылға жетер-жетпес уақытта мұндай күйге түскеніне тұрғындар алаңдаушылығын білдірген еді. «Көптен күткен үй еді. Бәленбай жыл ақша жинап, әрең дегенде қол жеткізіп едік. Мұнда көктемде көшіп келдік. Сәуір айында жаңбыр жауғанда төбеден су аға бастады. Ал мына қабырға­дағы жарықты балконды қаптайық деп сайдингті ашқанда көрдік. Қабырға 1-қабаттан 5-қабатқа дейін бір-ақ бөлініп кеткен. Білмеймін, енді бұл жерде қалай тұрамыз?» деп күйінішін жеткізген еді сол кезде осы үйдің тұрғыны Мақпал Мұха­мадиева. Бір қуаныштысы, ол кезде үйді салған мердігер компания кемшілікке жол берілгенін мойындап, жауапкершілікті өз мойынына алатынын, қала басшылығы «Үлбі» әлеуметтік орталығынан уақытша орын ұсынатынын айтқан еді. Жақында Өскеменде қатты дауыл тұрып, жаңбыр жауғанда 19 шағынаудандағы қазақтың белгілі батыры мен танымал жазушысы­ның есімін иеленген көшелердегі жаңа үйлер тағы да сыр берді. Есен­берлин мен Көкжал Барақ көше­сіндегі екі үйдің қабырғасын­дағы қаптама екпінді желге шыдамады. Айдың-күннің аманында қап­та­масы қақ айырылған Есенберлин көшесіндегі 23/2 үйдің тұрғыны Жанар Нұғыманова баспаналарына 2017 жылы қараша айында кіргенін, 15 жылға жасалған келісімшарт негізінде ай сайын 119 мың теңге төлеп отырғанын айтады. «Білуімше, бұл үй Samruk-Kazuna construction АҚ-ның бастамасымен салынған. Барлық проблема 2018 жылы басталды. Үйі­міздің қабыр­ғасы қапталмаған­дықтан жаңбыр жау­ғанда суланатын болды. Содан мер­дігерге әке-көкелеп жүріп, сай­динг шегелеттік. Олар қабырға мен сайдингтің арасына ештеңе салмай жай ғана шегелей салды. Шегелегенде біздің үйдің сол жақ қапталын ғана қымтағандай болды. Оң жағы әлі қаптаусыз тұр. Қаптамасын бастап жартылай тастап кеткен үйлер де бар жанымызда. Жуықта түнде үдете соққан қатты жел біздің үйдің ілдәбайлап тұрған сайдинг­інің жұлма-жұлмасын шығарды. Бұл жерде тоғыз үй бар. Негізі талап бойынша барлығының сырты қапталуы керек екен. Бірақ сол талап орындалмай тұр. Біздің үйді салған «Техно груп» компаниясы банкрот болған ба, атын өзгерткен бе? Әйтеуір, сайда саны, құмда ізі жоқ. Таба алмай жүрміз», – дейді ол. Осындай сапасыз үйлерге қа­тысты «Әкімдік қайда қарап отыр? Мынадай сапасыз үйлерді қалай қабылдап алған?» деген сұрақтар тұрғындар тарапынан жиі қойыла­ды. Біз де бұл сұрақты қалалық әкімдіктің өкіліне қайтара қойдық. «Бұрын мемлекеттік комиссия қабылдайтын. Заңдағы ол бөлімді бес жыл бұрын алып тастаған» деп қысқа жауап қайырды Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы