Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан форумға арнайы келген «Жаңа Әзербайжан» партиясы төрағасының орынбасары Таир Будагов екі ел арасындағы саяси, мәдени, экономикалық байланыстың артуына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұрындық болғанын айрықша атап өтті.
– Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму жолында биік белестерді бағындырды. Қазақ елінің қоғамдық-саяси жүйесінде де жемісті реформалар жүзеге асты. Осындай бұрын-соңды болмаған күрделі, тың реформалардың қоғамда қолдау табуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Nur Otan партиясын басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан зор.
Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеті арасында ынтымақтастық пен достықтың нығаюы да ұлт көшбасшысы Гейдар Алиев мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі деп айтар едім. Әсіресе, әзербайжан-қазақ бауырлас халықтардың етене жақын араласуына ықпал еткен «Жаңа Әзербайжан» мен Nur Otan партиясының алар орны ерекше.
Бүгінде Әзербайжан Республикасының Қазақ елімен саяси-экономикалық байланысы екі ел басшылары Ильхам Алиев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты жүйелі саясатының нәтижесінде нығайып отыр. Екіжақты әріптестік байланыс екі елдің достығын мызғымастай бекіте түсті.
Бүгінде салиқалы саясаттың нәтижесінде, ел арасындағы байланыс кеңейіп, жаңа деңгейге көтерілді. Оған биыл 12 қарашада Станбұлда өткен Түркітілдес елдердің саммиті дәлел. Саммит түбі бір түркі елдерінің, оның ішінде Әзербайжан мен Қазақстанның болашақта ары қарай дамуына даңғыл жол ашты.
«Жаңа Әзербайжан» мен Nur Otan партиясы арасындағы әріптестік байланыстың нығаюы екі ел үшін де өте маңызды рөл атқарады. Себебі, екі партияның жаңа реформалар мен жоспарларды жүзеге асыруда тәжірибе алмасуы, екі тарапқа да тиімді. Мәселен, жастар саясатын жүйелі жүзеге асыру үшін «Жаңа Әзербайжан» партиясы Nur Otan-ның Jas Otan жастар қанатымен тәжірибе алмастық. Мұндай ынтымақтастықтың жастар саясатын жан-жақты жүргізуге ықпал етеді.
Жаңа тәжірибемен бөлісу, әдіс алмасу біздің партияға мүше қоғамның қозғаушы күші саналатын әр саладағы жетекші, озық ойлы 800 мыңға жуық адамға ой саларына, олардың елдің дамуына ерекше қарқын қосары сөзсіз. Сол себепті, екі партия арасындағы саяси байланыстың ықпалы біз үшін маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта да бауырлас елдердің достығы нығая түседі деген сенімдемін.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 29-30 қарашасында Нұр-Сұлтанда Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форумы өтті. Іс-шараға 600-ден астам шетелдік және отандық сарапшылар, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың және 15 елдің, оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзербайжан және Орталық Азия дипломатиялық корпусының өкілдері сайлау жүйелерін дамытудың өзекті мәселелерін, заманауи электоралдық трендтерді, дәстүрлі және балама идеологиялардың келешегін талқылау үшін панельдік сессияларға қатысты.