«Тәуелсіздік түлектері» шығармашылық көрмесі ашылды
«Тәуелсіздік түлектері» шығармашылық көрмесі ашылды
298
оқылды
26 қарашада Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген түлектердің «Тәуелсіздік түлектері» атты шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған.   Т.Қ.Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясы көп сатылы мамандандырылған оқу орны, түлектері әлемдік және ұлттық мәдениет пен өнер саласында алтын қорды құрайтын шығармашылық интеллигенцияны дайындау орталығы ретінде белгілі.   Көрмеге түрлі тақырыпты бейнелеген, ұлттық мазмұнға толы кескіндеме, мүсін, графика, витраж, қолданбалы өнер түрлерінің жүзден астам көркем туындылары қойылды. Шара аясында камералық мүсіннен монументалды мүсінге дейінгі жанрларда жұмыс істейтін әйгілі қазақстандық мүсіншілердің бірі – Эдуард Казарян мен «Қазақстанның 100 жаңа есім» ұлттық жобасының жеңімпазы, республикалық, халықаралық фестиваль, конкурстардың жеңімпазы  Анар Абжанованың шеберлік сағаты өтті.   Іс-шараға академияның ұстаздары, студенттері мен түлектері қатысты. Академия түлектері қатарында қазіргі таңда республикамызға, алыс, жақын шетелдерге танымал суретшілер: Сембіғали Смағұлов, Ғазиз Ешкенов, Серік Рысбеков, Естай Даубай, Эдуард Казарян, Дәурен Қастеев, Анар Абжанова, Талғат Тлеужанов болды.  
«Бұл көрме – студенттер үшін өнеге. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сіздер дарындарыңыздың, Құдай берген қабілеттеріңіздің арқасында кәсіп жасап отырсыздар. Жас ұрпақ тәрбиелеп, үлкен өнер шығармаларын қалдырып, Отанымызға қызмет етіп келесіздер. Академия сіздерді мақтан тұтады», – деді Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректорының у.м.а. Шәріпбек Әмірбеков.
  Сондай-ақ, академия ғылыми кеңесінің 25 қарашадағы шешімімен Ешкенов Ғазиз Ағзамұлына академияның Құрметті профессоры атағы берілді. Көрмеге атсалысқаны үшін және бейнелеу өнерінің өркендеуіне өз үлесін қосқаны үшін алғыс хатпен марапатталды. Өз кезегінде Ғазиз Ағзамұлы мына студенттерге әлеуметтік көмек ретінде шәкіртақы тағайындады.
  1. А.А. Екенбаев – «Монументалды кескіндеме», 4-курс;
  2. А.Н. Жангисина – «Графикалық дизайн», 2-курс;
  3. Д.Б. Амангелді – «Сәулеттік өнер», 5-курс;
  4. Қ. Акуов – «Монументалды кескіндеме», 4-курс.