29-30 қараша күндері Rixos President Astana қонақүйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер және келешегі» халықаралық форумы өтті. Оған әлемнің 15 елінен 600-дей қонақ, оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзербайжан және Орталық Азияның жетекші партияларының, халықаралық ұйымдар мен шетелдік елшіліктердің өкілдері, депутаттар, сарапшылар, саяси және қоғам қайраткерлері қатысты. Кеш тізгінін ұстаған BTS Education Бас директоры Саясат Нұрбек қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілдерінде төрт аяғы тең жорғадай тайпалатып, әңгіме көрігін қыздырып отырды. – Біріншіден, биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына отыз жыл толып отыр, Тәуелсіздігіміз құтты болсын, ағайын! Екіншіден, осы жыл БҰҰ тарапынан «Сенім және бейбітшілік» жылы деп жарияланған, сондықтан сенім, ынтымақтастық, бейбітшілік үшін саяси партиялардың қосқан үлесі өте зор. Бұл бүгінгі форумның қызық қасиеті болып табылады деген үміттеміз. Үшіншіден, өзімнің жеке басым үшін қасиетті жыл, Семейдегі ядролық полигонның жабылғанына отыз жыл, құрметті ағайын! Осындай тарихи оқиғаларға Елбасымыз – Тұңғыш Президентіміздің, партияны қалаушы тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың да осындай тарихи оқиғаларға тікелей қатысы бар екенін еске салып кетейік, – деп Саясат Нұрбек сөзін жалынды бастады. Модератор одан кейін бүгінгі диалогтың жалғасы ретінде партияның дамуына, Қазақстанның жалпы партиялық жүйесінің қалыптасуына шолу жасаған шағын бейнероликті көруге шақырды.
Егеменді елдің тарихында Елбасының еңбегі ерен
Алғашқы сөз сөйлеу кезегі «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке берілді. Ол форумның барша қатысушыларына алғысын жеткізді. Көпшіліктің мұндай жиынға қызығушылық танытуы қоғамда партияаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға деген сұраныстың жоғары екенін білдіретінін айтты. «Тәуелсіздіктің 30 жылында біздің еліміз ғасырға татитын үлкен жолды жүріп өтті. Халқымыз ауыр сынақтарды еңсере жүріп, мемлекеттігін қайта жаңғыртты, өзінің тәуелсіздік туралы ғасырлар бойғы арманын ақиқатқа айналдырды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жете ойластырылған батыл реформалары қысқа уақыт ішінде халықты ұйыстырып, болашаққа деген үміт пен сенім ұялатты. Орнықты экономикасы бар табысты, бейбітсүйгіш мемлекет құруға мүмкіндік берді»,– деді ол. 90-жылдардың бас кезін Қазақстан посткеңестік өңірдегі өзге мемлекеттер сияқты экономикасы құлдыраған, іс жүзінде партиялық саяси жүйесі күйреген күйде қарсы алды. Гиперинфляция өршіп, өндірістер тоқтаған, жаппай жұмыссыздық етек алған белгісіздік жайлаған шақтан заманауи мемлекетті түп-тамырынан бастап қайта құру қажет болды. Басқарушы билікте дайын рецепт болмады. Аңдаусыз жіберілген бір қателік әлемде жер көлемі жағынан 9-орынды алатын аумаққа этносаралық шиеліністер мен тұрақсыздықтар әкелуі де мүмкін еді. Сонымен қатар еліміздің әлемде 4-орын алатын ядролық арсеналға иелік еткенін де ұмытпаған жөн. Бауыржан Байбек Қазақстан халқын міне осындай «соқтықпалы-соқпақсыз» күрделі жағдайдан аман алып шығып, дамудың даңғыл жолына түсуінде Елбасының еңбегі ерен екенін атап өтті: бірінші, сарапшылардың басым бөлігінің болжауына қарамастан, Қазақстан тұрақтылық пен орнықты дамудың үлгісі бола отырып, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етті. Екінші, республика жойқын ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей полигонын жапты. Үшінші, Еуразияның кіндігінде егемен елдің жаңа елордасы – Нұр-Сұлтан қаласын салды. Бүкіл түркі әлемінің рухани астанасы болып табылатын көне Түркістан қайта түлеп, қуатты даму серпініне ие болды. Төртінші, прагматикалық және бейбітсүйгіш саясат еліміздің барлық мемлекеттермен тату қарым-қатынас орнатуына жол ашып, 15 мың шақырым мемлекеттік шекараны бекітуге мүмкіндік берді. Бесінші, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап экономиканы нарықтық трансформациялау бойынша түбегейлі реформалар жүргізді. Нәтижесінде, Орта Азияға салынған барлық инвестицияның 70 пайызы Қазақстанға келді. Үстеме кірістерді қауіпсіздік көпшіктері қылып жинау үшін Ұлттық қор құрылды. Ол қазір де дағдарысты еңсеруге көмектесуде. Алтыншы, әлеуметтік-көліктік инфрақұрылымға мыңдаған шақырым автомобиль және теміржол жолдары төселді, мектептер, ауруханалар және маңызды әлеуметтік нысандар салуға ауқымды инвестиция құйылды. Еліміздік көлік транзитін көтерген Батыс Қытай – Батыс Еуропа магистралы салынды. Жетінші, өткен ғасырдың бірінші жартысындағы ауыр сын-сынақтарға және 90-жылдардың басындағы халық үдере көшуіне қарамастан, Қазақстан халқы 19 млн адамнан асты. Отыз жылда 1 миллион астам қандасымыз оралды. 9,5 млн адам, яғни қазіргі Қазақстан халқының тең жартысы Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген азаматтар. Бұл жетістіктердің барлығы дамыған мемлекетттік-қоғамдық саяси институттардың, дамыған адами капиталдың, қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жақсаруының, сондай-ақ Тәуелсіздік жылдарында жолға қойылған «Nur Otan» партиясы секілді үстем саяси күші бар көп партиялық жүйенің арқасында мүмкін болып отыр. Бауыржан Байбек республиканың партиялық-саяси жүйесінің қалыптасуын негізгі 3 кезеңге бөледі. Бірінші онжылдық – көппартиялықты заңдық тұрғыда бекіту, партиялардың институттану кезеңі. Екінші онжылдық – партияның сапалы нығаю, мажоритарлықтан пропорционалды сайлау жүйесіне біртіндеп көшу кезеңі. Үшінші онжылдық – үстем саяси күші бар көппартиялық жүйенің қазақстандық моделінің қалыптасуы.Саяси жүйе сабақтастық дәстүрі арқылы жалғасын тапты
2019 жылдан бастап партиялық-саяси жүйенің дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сабақтастық саясаты арқылы жалғасын тапты. «Президенттік сайлауда айқын басымдылықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауында: «Біз саяси реформаларды асығыстыққа салынбай, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып, жүзеге асыратын боламыз. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз» деді Президент. Одан бері де бірнеше саяси реформалар жүзеге асырылды. Партияларды тіркеу және Мәжіліске өту көрсеткіштері заң бойынша төмендетіліп, сайлауалды тізімдерде әйелдер мен жастар үшін квота бөлінді, ауыл әкімдерін тікелей сайлау және парламенттік оппозиция институттары енгізілді, митингілер өткізудің хабардар ету қағидаты бекітілді», – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. Тұңғыш Президенттің бастамасымен 2019 жылдың тамыз айында қолға алынған партияны жүйелі «қайта жандандыру» үрдісі жыл басындағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауларында «Nur Otan»-ға тиісінше 72% және 82% дауыс алып берді. Саяси тәжірибеде алғаш рет праймериз өткізіліп, халықтың сұранысы негізінде әр облыс, қала және аудан үшін 216 сайлауалды бағдарлама жасалды. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев осыдан он шақты жыл бұрын көппартиялық жүйенің одан әрі ұзақмерзімді дамуына екпін берген «Қазақстан–2050» Стратегиясын, ал 2015 жылы Бес институционалдық реформаны жария етті. Конституциялық реформаның нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Парламенттік партиялар атқарушы билікке ықпал етудің қосымша тетіктеріне ие болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің 60 пайыздан астамының тәжірибесі бойынша пропорционалды сайлау жүйесіне көшу толыққанды жүзеге асырылды. Бұл партиялардың қоғам өміріндегі рөлі мен маңызын институционалды тұрғыда нығайтты. Алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында «Nur Otan» партиясы округтердің 80%-дан астамында жеңіске жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей сайлаулар республика халқының 40%-дан астамын құрайтын ауыл тұрғындарының мүддесін қозғайтын саяси реформалардың дәйегі болғанын айтты. Соның нәтижесінде қазір Мәжіліске – 3, мәслихаттарға – 5, ауылдық әкімдер деңгейіне 6 саяси партияның өкілдіктері енген. Қазіргі жаһандық проблемалар барлық мемлекеттің тығыз қарым-қатынас орнатып, өзара үйлесе әрекет етуін талап етеді. Сондықтан әр елдердегі билеуші партиялардың арасындағы іскерлік ынтымақтастықтың маңызы орасан. Бауыржан Байбек бұл форумның саяси партиялардың ғана емес, сонымен бірге мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға да өз үлесін қосатынына сенім білдірді. – Еліміз егемендік алған сәттерден бастап орнаған партиялық жүйе мемлекет дамуына айтарлықтай әсер етті. Әсіресе, қазақстандық қоғамның біртұтастығы мен саяси белсенділігін арттыру ісінде алатын орны ерекше. Тәуелсіздігіміздің осы отыз жылдық маңызды межесінде өткенімізді бағамдап, болашағымызды бағдарлау үшін мұндай жиынның маңызы зор. Оның үстіне бұл жиынды еліміздің көшбасшы партиясы – «Nur Otan»-ның ұйымдастырып отырғаны заңды. Өйткені партия құрылған күннен бастап көптеген әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларды кез-кезеңмен жүзеге асырып келеді. Бүгінгі форумда партиялық өмірдің бүгіні мен келешегі туралы сындарлы ой-пікірлер айтылады деп сенемін, – деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өз кезегінде. Ол «Nur Otan» көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билеуші партияның жетекшілік өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беруі партиялық жүйе эволюциясының маңызды кезеңдерінің бірі болғанын атап өтті. «Осынау парасатты шешім Қазақстан халқы тарапынан қолдау тапты. Бүгінде біз Мемлекет басшысының жетекшілігімен оның «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты саяси ұраны аясында алға қарай қарқынды қадам басудамыз», – деді Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.Шетелдік партия өкілдері «Nur Otan»-ның қызметін жоғары бағалады
Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясының Бас хатшысы Чо Бён Чжэ Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Ол Еуразия құрлығының ортасында орналасқан қазақ елінің көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуін ұтымды шешім деп біледі. Оның ойынша Қазақстан осының арқасында көршілерімен ғана емес, сонымен бірге Батыс елдерімен де жақсы қарым-қатынаста. Республика халықаралық ұйымдармен, басқа елдердің жетекші партияларымен сындарлы диалог орнатқан. Осылайша, «Nur Otan» партиясы халықаралық қатынастар локомотивтері бірінің қызметін атқарып келеді. Енді пандемияға жағдайында алдағы сын-қатерлерді еңсерудің негізгі міндеті мен жауапкершілігі билік партиясына жүктелетіні сөзсіз. Аталған форум жаһандық сын-қатерлерді жоюға бағытталған пікір алысуға, тәжірибе алмасуларға жақсы мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Ал «Единая Россия» партиясының Бас кеңесі хатшысының орынбасары Андрей Климов Қазақстан мен Ресейдің билік партиялары арасындағы достық қатынастардың нығая беретініне сенімді. Оның айтуынша, екі елдің бас партиялары бір мерзімде құрылған. «Партияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Жоғарғы комиссияның жетекшісі, РФ Сыртқы істер министрі С.Лавров «Ресей мен Қазақстан: шекарасыз ынтымақтастық» атты мақаласында Ресей – Қазақстан еуразиялық интеграциялық үрдістің ажырамас бөлшегін атқаратынын атап өтті. Оның идеялық шабыт берушісі – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев, – дей келе Андрей Климов көптеген мәселелердің жетекші саяси күштердің тәжірибесін ескере отырып шешілетінін айтты. Біз өз тарапымыздан «Nur Otan» партиясының праймериз өткізу тәжірибесін, азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін онлайн ресурстарды пайдалануын, жастар қанатын дамытуын және Қоғамдық саяси институт жұмыстарын мұқият қадағалап отырамыз», – деп соның бір дәлелі ретінде алдын ала дауыс беруді, яғни праймеризді атады. Климовтың айтып отырғаны тегін емес. Егер естеріңізде болса, билеуші партия былтыр парламенттік сайлау алдында партияішілік іріктеу – праймериз өткізіп, көптеген адамды саяси процесте қамтығаны белгілі. Ашық бәсекеде кандидаттар өз сайлауалды бағдарламаларын ұсынып, жақтастарын жинауға тырысты. Ал көп дауыс жиып, топ жарғандары ғана «Nur Otan» партиясының атынан парламенттік және жергілікті сайлауға қатысты. Яғни, праймериз арқылы партия үздік азаматтарын додаға қосты десек, артық емес. Форумға жиылған халықаралық сарапшылар бұл саяси дамудағы серпіліс болғанын атап өтті. Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитетінің халықаралық бөлімінің меңгерушісі Цянь Хуншань екі елдің билеуші партиялары арасында ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға ниетті екендерін жеткізді. Бүгінде ҚХР Коммунистік партиясы әлемдегі ең ірі ұйым болып саналады. Оның құрамында 95 миллион мүше бар. «Коммунистік партияның жетекшілігімен Қытай алға жылжып келеді. Биліктің саяси ұйымы қоғамға жалпыхалықтық демократия идеясын ұсынады. Біз Халық партиясымен және мемлекеттік ерік-жігер арқылы біртұтас социалистік демократияға айналамыз», – дей келе Цянь Хуншань Қазақстанның да Тәуелсіздік жылдары ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін, осы жетістіктердің бәріне «Nur Otan»-ның көшбастаушы үлесі үлкен екенін айтты. Өйткені билік партиясы құрылған сәтінен бастап күні бүгінге дейін ел өміріндегі қаншама игілікті істер мен тарихи реформаларды жүзеге асыруға бастамашы болып келеді. Цянь Хуншань екі елдің арасында ынтымақтастықты нығайтып, оның ішінде билік басындағы партиялардың байланысын жалғастыра беруге мүдделі екенін танытты.Лордтың жоғары бағасы
Ұлыбританияның Консервативтік партиясының өкілі, Лордтар палатасының мүшесі Джеймс Уортон «Қазақстан ұлт ретінде, ал «Nur Otan» көшбасшы партия ретінде күш біріктіру арқылы талай биіктерді бағындырып, ірі жетістіктерге жете алатынын» атап өтті. Шетелдік мәртебелі мейман республика мен жетекші саяси күштің болашақ дамуына қатысты пікірін білдірді. Оның пайымдауынша, жалпы қазақ еліндегі барлық саяси күштер мен партиялар қалыптасқан, байыпты, тұғырлы ұстанымға ие. Бұл – Елбасы жүргізген реформалардың жемісі, елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі. Уортон мырзаны, әсіресе билік партиясының алға қойып отырған мақсат-мұраттары тәнті еткен екен. «Nur Otan» алдына өршіл мақсаттар қойып отыр және оған қол жеткізуге партияның әлеуеті де, қабілеті де молынан жетеді. Қазақстанның да болашағы жарқын. Бұл менің сіздердің елге келген тұңғыш сапарым және мен үшін үлкен құрмет. Азат жылдары еңсе тіктеген Қазақстан аймақ көшбасшысы атанып, енді өңірде ғана емес, халықаралық сахнада маңызды саяси ойыншыға айналып барады. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің көшбасшылығы арқасында көп істер тындырылғаны, ірі жетістіктерге қол жеткізілгені сөзсіз», – деді лорд Джеймс Уортон. Ағылшын мейманы «Nur Otan» партиясының жетекшілігімен жасалған бірқатар стратегиялық құжаттарымен таныстығын айтып, оларды жоғары бағалады. Мысалы, Елбасы дайындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мемлекеттің болашақ даму көкжиегін кеңейтті. Сондай-ақ оны Тұңғыш Президенттің «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығы қызықтырған. Бұл ұстындардың Қазақстанның бүгінін бекем етіп, болашағын нығайта алатынына сенімді. Ол тоталитарлық одақтан құтылып шығып, егемендікке қол жеткізген елдің демократиялық және ұлттық құндылықтарды берік ұстанған көшбасшы партия құрып, осы жылдар ішінде ілкімді ілгерілеу жолымен өркендеп келе жатқанына қайран қалып, сүйсінгенін жеткізді. «Мемлекеттік институттарға құрметпен қарау, нақты жоспарлау, сарабдал өзгерістер мен жаңғырулар, ұлттық эволюция жолы – осының бәрі болашақ ұрпақ үшін де қызмет ететін болады. Меніңше, әлемдегі кез келген мемлекет дәл осындай болашақты қалар еді. Басқа да шетелдік спикерлер осындай тоқтамға келгеніне сенімдімін. Қазақ елі – қонақжай, жайдары халық. Қазақстандықтардың тамаша әдептілігін, құндылықтарға беріктігін біліп, қатты қуандым. Бұл құндылықтар сіздердің болашақ жоспарларыңыздан айқын байқалады. Біз де Ұлыбританияда праймериз, ішкіпартиялық іріктеу өткізіп, сынап көрудеміз», – деді Лордтар палатасының мүшесі Джеймс Уортон. Түркияның Әділет және даму партиясы Төрағасының орынбасары Эфкан Ала билеуші партияның Қазақстанның қазіргі келбетін қалыптастырудағы рөліне тоқталды. «Түркия мен Қазақстан – тарихи тамыры терең бауырлас елдер. Біз республиканың қысқа мерзімде қол жеткізген табыстары мен дамуын мақтан етеміз. Әрине, мұнда билеуші партияның рөлі зор. Қазақстан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономикалық көптеген игіліктерге қол жеткізгенін байқап-көріп отырмыз. Алдағы күні жаңа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен жалғасып жатқан реформалар бұдан да зор жетістіктерге жеткізетініне күмәніміз жоқ», – деді Эфкан Ала. Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясындағы (ЕКПА) Еуропалық консерваторлар мен демократиялық альянс топтарының Бас хатшысы Том Ван Дайк «Nur Otan»-ның республиканың партиялық-саяси жүйесін қалыптастырудағы рөлін өте жоғары бағалады. «Nur Otan» құрылғаннан бергі 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның саяси ландшафтында нық орнықты. Саяси ұйым жаңа сын-қатерлерге жауап беру бағытында белсенді жұмыс істеп, праймериз секілді демократияның маңызды құралдарын пайдаланып жатқанын көріп отырмыз. Саяси қызметте әйелдер мен жастарға барынша қолдау көрсетіліп, партиялық тізімдерде 30%-дық квота көзделген. Еуропа Кеңесінің 15 мемлекетінің парламенттерінде гендердік теңдік деңгейі Қазақстандағыдан төмен деп айта аламын. Партияны халықпен онлайн ресурстар арқылы тікелей коммуникация жасау жүйесі арқылы дамыту да игі нышан. Тек бір жылдың ішінде партия филиалдары 400 мың өтінішті қараған. Бұл мыңдаған адамның партияға деген сенімін білдіреді», – дейді Том Ван Дайк.Мұндай гендерлік теңдік – көпке үлгі
Халықаралық форумның екінші күні «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» атты халықаралық акцияға дәл келуі жәй ғана сәйкестік емес. Үлкен мән-мағына бар. Себебі 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған халықаралық күрес күні, сол кезден басталатын жыл сайынғы халықаралық науқан, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық күн 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Диана Дигол әңгімелеп берді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен партиялық тізімге әйелдер мен жастарға арнайы квота енгізілді. Осы бастаманың арқасында талай белсенді әйелдер, жастар заңды әлеуметтік лифт арқылы Мәжіліс пен мәслихаттарда қоғам мүддесін қорғау мүмкіндігіне ие болды, депутат болып сайлады. Форумға жиналған сарапшылар бұл Қазақстанның либерализм бағытындағы үлкен қадамы деп бағалады. «Бүгінде әйелдер мен жастардың саяси процестерге қатысуы, оған етене араласып, белсенділігін сөз етпекпін. Меніңше, әйелдер өздерінің қоғамдағы құқығы үшін күресуі керек. Мәселен, бізде, Молдавада, елдің президенті болып әйел адам сайланған. Бұл қадам – біздің қауымдастық үшін маңызды дүние. Өйткені біз тепе-теңдікті сақтай отырып, әйел затының біліктілігі мен кәсібилігіне қарай сайланғанын көрсетті»,– деді Диана Дигол. Жалпы, әйел құқығы үшін күрес арғы заманнан басталған. Жай ғана білім саласын алайық. Мысалы, әлемде алғашқы оқу орны ХХ ғасырда пайда болды. Сол үшін әлі күнге дейін Болонья мен Оксфорд арасындағы біріншілікке талас тоқтар емес. Ол кезде университетті ер адамдар ғана оқи алатын. Тек 500 жыл өткеннен кейін ғана әйел адамның білім алып, оқуына, университет дипломын алуға рұқсат етілген. Сонда алғаш диплом алған венециалық ақсүйектің қызы – Елена Корнаро. Сол заманда әйелдерге оқу орнына баруға рұқсат болмаған соң ол оқуға барған емес. Үйінде жекелеген мұғалімдерден сабақ алып, сол арқылы емтиханын тапсырып, дипломын алған. Оның айтуынша, ертеректе әйел құқығына барлық жағынан шектеу қойылған. Әйелдердің таңдау құқығы болған емес, қандай да бір қызметке сайланауы, әскерге баруы, дүние-мүлкін өсиетке қалдыруға болмайтын. Тіпті, Нобель сыйлығын алса да бөлісетін. Әйелдер дауыс беруге құқықты 1973 жылы алса, сайлау компаниясына қатысуға 1893 жылы рұқсат етілген. Сондықтан егер тең құқылы, демократиялық принципте өмір сүреміз деп шешсек, әрбір ер азамат өзінің анасына, қарындасына, қыздарына қолдау көрсетіп, пікірімен санасқан жөн. Ол үшін әйелдер кез келген сатыдағы қызметке сайлана алуы керек, табыстың аздығын келіспеуі керек. Егер ел боп, бірігіп күреспесек, бұл теңсіздікпен күресу бағана мысалымда тағы 500 жылды керек етеді. Бүгінде БҰҰ-на мүше 193 елдің 120-дан аса мемлекетті гендерлік саясатты жүргізіп жатыр. Орталық Азия елдерін айтар болсақ, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Қазақстан да әйелдерге 30 пайыздық квота заңды түрде тұрақталған. Негізі, әйелдердің саясатқа араласауына, олардың рөлін арттырудың түрлі жолы бар. Сол жағын қарастыру керек.Тілеуі бір жұрттың тілегі бір
«Жаңа Әзербайжан» партиясы төрағасының орынбасары Таир Будагов Қазақстан мен Әзербайжан арасында саяси, мәдени, экономикалық байланыстың артуына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұрындық болғанын айрықша атап өтті. – Қазақстан Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму жолында биік белестерді бағындырды. Қазақ елінің қоғамдық-саяси жүйесінде де жемісті реформалар жүзеге асты. Осындай бұрын-соңды болмаған күрделі, тың реформалардың қоғамда қолдау табуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan» партиясын басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан зор. Екі ел арасында ынтымақтастық пен достықтың нығаюы да ұлт Көшбасшысы Гейдар Алиев мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі деп айтар едім. Әсіресе, әзербайжан-қазақ бауырлас халықтардың етене жақын араласуына ықпал еткен «Жаңа Әзербайжан» мен «Nur Otan» партиясының алар орны ерекше,– деп атап өтті Таир Будагов. Қазіргі күні Әзербайжан Республикасының Қазақ елімен саяси-экономикалық байланысы екі ел басшысы Ильхам Алиев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты жүйелі саясатының нәтижесінде нығайып отыр. Екіжақты әріптестік байланыс екі елдің достығын мызғымастай бекіте түсті. Салиқалы саясаттың нәтижесінде қос тарап арасындағы байланыс кеңейіп, жаңа деңгейге көтерілді. Оған биыл 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Түркітілдес елдердің саммиті дәлел. Саммит түбі бір түркі елдерінің, оның ішінде Әзербайжан мен Қазақстанның болашақта ары қарай дамуына даңғыл жол ашты. «Жаңа Әзербайжан» мен «Nur Otan» партиясы арасындағы әріптестік байланыстың нығаюы бауырлас екі ел үшін де өте маңызды. Себебі екі партияның жаңа реформалар мен жоспарларды жүзеге асыруда тәжірибе алмасуы екі тарапқа да тиімді. Мәселен, жастар саясатын жүйелі жүзеге асыру үшін «Жаңа Әзербайжан» партиясы «Jas Otan» Жастар қанатымен тәжірибе алмасқан. Мұндай ынтымақтастықтың жастар саясатын жан-жақты жүргізуге ықпал ететіні сөзсіз. «Жаңа тәжірибемен бөлісу, әдіс алмасу біздің партияға мүше қоғамның қозғаушы күші саналатын әр саладағы жетекші, озық ойлы 800 мыңға жуық адамға ой саларына, олардың елдің дамуына ерекше қарқын қосарына сенімдімін. Сол себепті екі партия арасындағы саяси байланыстың ықпалы біз үшін маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта да бауырлас елдердің достығы нығая түсетіні даусыз»,– деді Таир Будагов. Республикалық партияның АҚШ Өкілдер палатасының экс-мүшесі Курт Уэлдон саяси партиялардың және басқа да қоғамдық-саяси ұйымдардың рөлі өте маңызды екенін атап өтті. Өйткені олар мемлекеттік институттарды азаматтық қоғам институттарымен байланыстыратын механизм ретінде әрекет етеді. «Олардың арасында Қазақстанның ең ірі партиясы – «Nur Otan»-ға жетекші рөл беріледі. Бүгінде біз Қазақстанның межеленген саяси реформаларда, оның ішінде партиялық құрылыс жағынан дамып келе жатқанын көріп отырмыз», – деп пікір білдірді Курт Уэлдон. Ұлыбританияның Консервативтік партиясының өкілі, Лордтар палатасының мүшесі Джеймс Уортон «Nur Otan» партиясының демократия мен ортақ құндылықтарды дамытудағы жетістіктері бойынша өз пікірін айтты. «Бұл құндылықтар қазіргі мақсаттары мен болашаққа жасаған жоспарларында айқын көрінеді. Праймериз – біз соңғы жылдары Ұлыбританияда енгізіп жатқан саяси құрал. Өз даму жолдарыңызда осынау жаңа үрдістерге араласа отырып, біздің демократия бойынша алған сабақтарымызды сіздер де игеретіндеріңізге сенімдімін. Партиялық тізімдерде квотаны көздейтін гендерлік саясат та – ұзаққа бағытталған жоспарлардың көрінісі. Мұның бәрі біздің арамызда тығыз ынтымақтастық орнатуға қажетті тоғысатын тұстарымыз көп екенін білдіреді», – деді Лорд Джеймс Уортон.Президенттік партия – жат ұғым емес
Қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев Қазақстандағы партиялық-саяси жүйенің қалыптасу эволюциясына тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер 1986 жылдың сәуірінде Горбачевтің «Қайта құруынан» басталған. Кеңес Одағы кезінде бір партия, бір идеология, меншікті басқарудың ортақ формасы болды да, халық саяси жүйенің не екенін түсінбеді. Есесіне, саяси тұрғыдан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында ауқымды өзгерістер болды. Бейнелеп айтқанда, біз бір қоғамдық-экономикалық формациядан екіншісіне өтіп кеттік. Сәйкесінше, партиялық-саяси жүйеде де ауқымды өзгерістер болды. Кеңес Одағы тараған соң Қазақстанда партиялар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. «Азат» қозғалысы республикалық партияға айналды. Танымал ақын Олжас Сүлейменов Қазақстанның Халық конгресі партиясын құрды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің басын біріктірген аграрлық партия болды. Ал ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарының жұмысшылары азаматтық партияға күш біріктіріп жатты. Жалпы, Н.Назарбаев Президент болып сайланғанға дейін бірінші кезекте партиялық-шаруашылық белсенділерімен, ұлттың кіл қаймағымен, елдің барлық менеджменті өкілдерімен етене жұмыс істеді. Сондықтан ол партиялардың жұмысымен жақсы таныс болды. «1999-2007 жылдар аралығында мен саяси демократияның, бәсекелес партиялар арасындағы күрес шарықтау шегіне жетті деп ойлаймын. 1999 жылдың қазанында Қазақстан тарихында алғаш рет Парламенттік сайлау өтті. Бұл сайлауда «Отан» партиясы сайлаушылардың 40 пайызының даусын алды. Ал Аграрлық, Азаматтық және Коммунистік партиялар 20 пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Осындағы коммунистік партияға жетекшілік еткен Серікболсын Әбділдин 1999 жылдың қаңтарындағы сайлауда Назарбаевқа лайықты қарсылас бола алды», – дейді Ермұхамет Ертісбаев. Оның айтуынша, 2004 жылы «Ақ жол» партиясының құрылуымен жағдай тіптен ушығып кеткен. Сондай-ақ Дариға Назарбаеваның ұйымдастырушылық қабілеті «Асар» партиясын құрумен сыналды. Ол қысқа ғана уақыт ішінде бәсекеге қабілетті мықты партия құра алған. 2004 жылғы сайлауда бұл партия сайлаушылардың 7 пайызының дауысын еншілеп, үздік ондыққа кірді. Ширек ғасыр бойы Нұрсұлтан Назарбаев саясаттан бұрын экономикаға басымдық беру туралы айтып, Парламент пен Үкіметтің бірлесе жұмыс істеуіне баса мән берді. Елдегі саяси реформалардың заңнамалық тұрғыдан кеңірек ақпараттандырылуын қалады. Осылайша, 2007 жылы бірлескен съезд шақырылып, Азаматтық, Аграрлық және «Асар» партиясының «Отан» партиясымен күш біріктіруімен мықты президенттік партия «Нұр Отан» құрылды. Расында бұл партия осы уақыт аралығында елдегі ішкі саяси тұрақтылықтың негізі бола алды. «Назарбаевтың өзі бір кездері «Қазақстандағы ішкі саяси тұрақтылық сақталып, реформалар жалғасын табуы үшін алдағы жарты ғасырда партиялық-саяси алаңда «Нұр Отан»-ның басымдығын қамтамасыз ету маңызды» екенін айтты. Мұнда заңға қайшы нәрсе жоқ. Бұл тұрғыда Оңтүстік Кореяның, Жапонияның тәжірибесінен мысал келтіруге болады. Мәселен, Жапонияда партиялық-саяси алаңда либералды-демократиялық партия үстемдік етті»,– дейді қоғам қайраткері. Сонымен, халықаралық сарапшылар бас қосқан бұл форум бірнеше ұғымды қуаттады. Біріншісі, 30 жылда Қазақстанның партиялық-саяси жүйесі толық қалыптасты. Ол елде тұрақтылықты қамтамасыз етті. Ал тұрақтылық экономикалық өсімнің кепіліне айналды. Екіншісі, аталған процесте, жүйені қалыптастыру үрдісінде Елбасы Н.Назарбаевтың рөлі жоғары. Себебі оның жетекшілігімен саяси жүйе бірнеше қалыптасу және даму кезеңін бастан өткізді. Үшіншісі, «Nur Otan» партиясы бүгінгі қалыптасқан саяси жүйеде жетекші рөлге ие және осы позициясын одан әрі сақтауға әлеуеті жеткілікті.Дәулет АСАУ, Анар ҚОНЫС