Елбасының еңбегін жоғары бағалады
Елбасының еңбегін жоғары бағалады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Роберт Флойдты қабылдады.

Елбасы Р.Флойдты Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының басшысы болып сайлануымен құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі. – 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қой­ғаныма 30 жыл толады. Содан бері біз ядролық қаруға қарсы талмай күрес жүргізіп келеміз. Қазақстан ядролық сынақтардың ауыртпа­лығын басынан өткерген ел: мем­лекетімізде 500-ден астам жары­лыс болып, көп адам зардап шекті. Біз полигонды жабумен қа­тар, көлемі жағынан дүниежү­зін­дегі төртінші ядролық арсе­налдан бас тарттық. Мен биыл Ресей мен АҚШ арасындағы стра­тегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу жөніндегі келісімнің ұзартылғанына қуа­ныш­тымын. Осы жылы Ядролық қаруға тыйым салу шарты күшіне енді. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойып, рати­фикациялаған ел­дердің қатары артып келеді. Бұл жұмыс жалғасын табады деп үміттенемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті. Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­станның антиядролық бағыттағы күш-жігерін жоғары бағалағаны үшін ризашылығын білдірді. – Біз ядролық қаруға қарсы күреске және ядролық сынақтарға тыйым салуға арналған барлық іс-шараға атсалысып келеміз. Осы жұмысты жоғары бағалағанда­рыңыз үшін алғысым зор. Біздің ұсы­нысымыз бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ха­лық­аралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Р.Флойд ядролық қарусыздану, ядролық қаруды таратпау, сондай-ақ атом энер­гиясын бейбіт мақсатта пайдалану ісіне зор үлес қосқан көрнекті тұл­ғамен кездесу мүмкіндігіне ие болғаны үшін алғысын білдірді. – Сіз Ядролық сынақтарға жап­пай тыйым салу туралы шарт­ты жүзеге асыруға ерекше ықпал еттіңіз. Сіздің қосқан үлесіңіз зор, оның әсері де мол, – деді Р.Флойд.