Дәурен Абаев: Ақыл қайраты
Дәурен Абаев: Ақыл қайраты
250
оқылды
Газетіміздің Тұңғыш Президент күніне арналған ме­ре­келік санына орай ҚР Президенті Әкімшілігі Басшы­сы­ның бірінші орынбасары Дәурен Абаев сұхбат берді. – Дәурен Әскербекұлы, биыл Тәуел­сіздігіміздің 30 жылдық ме­рейлі белесі. Мемлекеттігімізді қа­лыптастыру ісінде Елбасының ала­тын орасан зор рөлін атамай өту мүмкін емес. Назарбаев бас­шы­лық жасаған кездегі Қазақ­стан­ның басты жетістігі деп нені ай­тар едіңіз? – Бұл сұрағыңыздың жауабын бі­рауыз сөзге сыйғызу оңай бола қоймас. Себебі тақырып аса ауқымды. Біреулер басты нәтиже нарықтық экономикаға өтке­німіз десе, енді біреулер халық­аралық қауымдастықтың Қа­зақстанды мойындағаны мен шекарамыздың шегенделгенін айтады. Кейбір отандастарымыз негізгі табысы­мызға жаңа елор­даның салынуын, елімізде тұ­рақтылық пен келі­сімнің, тату­лық пен берекенің орнауын жатқызады. Ең бастысы, бұл уәждердің қай-қайсысы да бел­гілі-бір деңгейде дұрыс. Осы тұрғыда менің жауабым қарапайым сияқты көрінуі мүм­кін. Дегенмен, меніңше Тәуелсіз Қазақстанның басты табысы – халқымыздың кемелденуі, сана-сезімі мен рухының жаңғыруы. Бұл ретте мен 30 жылда ді­лі­міздің оң өзгерістен өткенін мең­зеп отырмын. Біз көптеген кем­бағалдық көзқарастан, төмен­шіктеп, қаймыға беретін әдеті­мізден арылдық. Өз жеріміз бен тағдырымыздың, бүгініміз бен болашағымыздың иесі өзіміз екенін толыққанды сезіндік. Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет істеп жүрген кезімде дипломат әріптестерімнің бір қызық жайтқа куә болған­да­рын айтқаны бар еді. 90-жыл­дардың басында азаматтарымыз шетелге шыққанда қысылып, қымтырылып, кәдімгідей күй­зеліске түсетін болған көрінеді. Дегенмен жылдар өте, еліміз дамып, нығая түскен сайын бұл жағдай түбегейлі өзгерді. Шет мемлекетке шыққанда жалтақтауымызды қойып, нық сенім пайда болды. Көптеген азаматымыз ағылшынша емін-еркін сөйлейді және таныс емес ортаға оңай бейімделеді. Бәріміз де Қазақстаннан екенімізді мақтаныш етеміз. Шетелдіктерге Отанымыз бен халқымыз, тари­хымыз бен мәдениетіміз туралы сағаттап айтуға дайынбыз. Бойда бұғып жатқан бірегей қасиеттеріміз жарыққа шығуда. Оларды әншілеріміз, музыкант­тарымыз, режиссерлеріміз, спорт­­­­шы­ларымыз, ақындарымыз ар­қылы айдай әлемге паш етіп жатырмыз... Ал басқа таңдау таңдасақ мұндай табысқа жетуіміз неғайбіл еді. – Мысалы? – Мысал жетерлік. Соның бірі – ядролық қарудан бас тартпағанда әлемдік аренада сенім мен абыройға ие болуымыз күмәнді еді. – Тұңғыш Президенттің қандай қасиеттері Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел өміріне тың серпін берген маңызды жаң­ғыртуларды іске асыруға көмек­тесті деп ойлайсыз? – Көптеген қасиетінің ішінен басшылық дарынын айрықша айтуға болатын шығар. Елбасы – әлемдік деңгейдегі басшы. Ол кеңестік форматтағы республика­ның қирандыларынан қуатты мемлекет құра білді. Бұл жерде мен мемлекеттік басқару тәсілінің ерекшелігін, яғни иерархияны қатаң сақтау, төмендегі органдардың жоғары тұрған органдарға бағыныш­тылығы, қатаң орталықтанды­рылған жүйе, лауазымды тұлға­лар­дың өзіне сеніп тапсырылған жұмыс учаскесіне жеке басымен жауаптылығы сияқты билік вер­тикалын меңзеп отырмын. Осы орайда мемлекетті бас­қарудың мұндай тәсілі авто­кратияға алып келеді, «икемсіз», ескірген және әлемдегі өзгермелі құбылыстарға бейімделу қабілеті төмен деген сияқты әртүрлі пікірді көп естідім. Алайда тәуелсіздіктің елең-алаңында осындай тәсілдің қолданылуы тарихи тұрғыдан қажет те еді. Аумағы ұлан-байтақ, этникалық және тілдік құрылымы әртекті, әлеуметтік-экономика­лық ерекшелігі бір-біріне ұқса­майтын 15-тен астам өңірі бар мемлекетті сақтап қалудың басқа қандай жолы бар еді? Бұған жекелеген елді мекен­дердегі тұрғындардың сепара­тистік көңіл күйін, шекара бо­йынша толыққанды келісім­дердің болмағанын, экономи­калық қатынастар жүйесінің толық күйрегенін қосыңыз. Назарбаев тиімді басқару жүйесі арқылы осы қауіп-қа­терлерді еңсере білді. Бұл жерде кейбір авторлық бағдарлама жүргізушілері сияқты Елбасын мейірімді ақсақал ре­тінде сипаттап, қолдан қиялға құрылған бейне жасаудың қажеті жоқ. Назарбаев – мықты әрі қатал басшы. Ұлт мүддесіне кел­генде ақылды сезімнен жоғары қояды. Ол осы жолда күрделі әрі жұртқа ұнай бермейтін шешімдер қабылдауға мәжбүр болды. Оның айнымас ерік-жігері мен берік мінезі соғыстан кейінгі қиын жыл­дарда қалыптасып, кейін мемлекеттік істердің ішкі және сыртқы контурындағы күрделі қақтығыстарда шыңдала түсті. – Өзіңіз де білесіз, арғы-бергі саясаткерлердің көбі, тарихшылар мен саясаттанушылар, сарап­шы­лар Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқанда прагматистік қасиетін жиі тілге тиек етеді. Бұл пікірмен ке­­лісесіз бе? Келіссеңіз, осы қа­сие­тін айшықтайтын ең маңызды шешімін атаңызшы. – Бұл тұжырыммен келіспеу мүмкін емес. Шынында да, Назарбаевтың тұла бойы тұнып тұрған прагматизм. Ол ешқашан тағдырға немесе кездейсоқ сәттілікке арқа сүйе­мейді, өз өміріне өзі ие, әрдайым бәрін алдын ала жоспарлап оты­рады, уақытты ресурс ретінде ұқыпты жұмсайды, кез келген дағ­дарысты мүмкіндік деп қа­былдайды, оның әрбір шешімі ұтымдылық сүзгісінен өтіп, ұлт мүддесіне орай құрылады. Оған мысал да жетерлік. Ел­басының жоғарыда айтқан ядролық қарудан бас тартуы ха­лықаралық қатынастарда ор­нық­ты әрі сенімді мемлекет ретінде танылуымызға мүмкіндік берді. Сонымен бірге қолайлы инвес­ти­циялық климатты қалыптас­тыру жолында атқарған орасан зор жұмысын мысал етуге болады. Бұл 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында шырт ұйқыға кеткен экономиканың бойына қан жүгіртті. Ал елор­да­мызды Алматыдан Нұр-Сұлтанға ауыстыру арқылы демографиялық өсімге серпін беріп, Солтүстік геоэкономикалық белдеуді ны­ғайт­қаны бүгінде классикалық үлгідегі мысалға айналды. Десе де, Елбасының ең басты, ең маңызды, ең күрделі қадамы қандай болды десеңіз, 2019 жыл­ғы 19 наурызда президенттік өкі­леттілігін тоқтатуын айтуға бола­тын шығар. Бұл – ұлт болашағына деген қамқорлықтан туындаған аса ұтымды, парасатты және сарабдал шешім. Мұны ерекше оқиға деп есептеуге болады. Әлемдік тәжірибеде мұндай мы­салдар саусақпен санарлық. Сондықтан ол қазірдің өзінде тарихқа айналды. Менің ойымша, бұл шешім үлкен күштен, даналық пен ақыл­дың қайратынан хабар береді. – Таяуда партияның саяси кеңесінде Назарбаев қоғамдағы бірлік пен келісім туралы тағы бір мәрте сөз қозғады. Елбасы үшін бұл неліктен соншалықты маңызға ие? Өйткені бүгінгі тұрақтылық жағдайында дәл осыған қатысты алаңдаушылық туындата қоя­тындай негіз жоқ қой. – Елбасы үшін бірлік пен келісім еш уақытта жалаң ұран болған емес. Ол өзінің өмір жолында ынтымақ болмаған­дықтан, мемлекеттің күйреп, азаматтық соғысқа, қақтығысқа, жау­ласу мен өзара тартысқа әкелген мысалдарын көп көрді. Кеше ғана мамыражай күн кеш­кен қалалар мен елдер үйінді астында қалып жатыр емес пе? Тарих тағылымынан сабақ алған болсақ, бірлікті бағаламауға қақымыз жоқ. Сондықтан ел үшін ең күрделі жылдарда, халқымыз енді ғана дербес өмір сүре бастаған кезде Назарбаев «Бірліксіз даму мүмкін емес» деген жалғыз формуланы қасиетті дұғадай үздіксіз қайта­лаумен болды. Ол мұны қарамағындағылар мен спичрайтерлерімен бірге тыныш кабинетте емес, жалақы берешегі үшін ереуілге шыққан шахтерлермен, егіс науқаны кезінде жанармайсыз қалған ауыл еңбеккерлерімен, «халық­тың әлеуметтік қорғалмаған то­бы» санатының барлық ауырт­па­лығын сезінген бюджет қызмет­кер­лерімен және зейнеткер­лер­мен кездесуде қайталады. Ол мұны Солтүстікте де, Оң­түстікте де, қалада да, ауылда да, қазақша да, орысша да қайталап айтты. Сондықтан адамдар Елбасына сенім артты. Бүгінде қоғамымыздағы келісім қалыпты дүние секілді қабылданады. Ал ол кезде болашаққа деген көзқарас алуан түрлі еді, тартыс пен қақ­тығыстың ауылы алыс емес деп іштей пайымдаушылардың да көп болғаны белгілі. Ол мұндай сценарийді түбегейлі тоқтатты. – Соңғы уақытта Назарбаев көшбасшылығының феномені жайында жиі айта бастады. Сіз осы сан қырлы көшбасшылықтың қайсы компонентін ең басты деп көрсетер едіңіз? – Әрине, тиімді, өнімді көш­басшылық болған жерде бі­ліктілік, саналылық, ақыл сияқты сан түрлі фактордың болуы заң­дылық. Бірақ бұл компо­ненттің барлығын қосқаннан көшбасшы шыға бермейді. Себебі көш­басшылықтың түп негізінде ба­тылдық та болуға тиіс. Мұны әсіре сенімділік пен «ессіз батылдықпен» шатыс­тыр­мау керек. Бұл жерде көпшілік құптамайтын, қалыптасқан стан­дарттан тыс қадамдар жасап, оның жауапкершілігін көтере білу­дегі батылдық жайында ай­тып отырмыз. Әдетте біздің өмірге деген көз­қарасымыз технологиялық, моральдық-этикалық, тарихи және басқа да нақты бір шең­бермен шектелген. Ол шеңбер өзіміз дұрыс, қалыпты, тиімді деп санайтын тар құрсау қалыптас­тырады. Дегенмен аталған шеңберден шығып, көкжиекке көз жүгірте алатын, мәселені мүмкіндік ре­тінде көріп, оған өзгеше көзқа­рас­пен қарай алатын жандардың ғана өмірде табысқа жететінін тарих дәлелдеп отыр. Алайда бұл мүмкіндіктерді тек көре білу жеткіліксіз. Оған қоса, осы ойдың табысқа жеткізерін айналаңа дәлелдеп, олардың бойындағы күмән, сенімсіздік пен енжарлықты жеңе білу қажет. Мұндай кедергіні нағыз көш­басшы ғана еңсере алады. Осы тұрғыдан алғанда Назарбаев – есімі тарихта алтын әріппен жазылатын нағыз Көшбасшы. Оның сырттай қарағанда асқан сенімділік болып көрінетін әрі жанқиярлықпен астасып жатқан батылдығы, шын мәнінде суық мұздай зерек ақылға негіз­деледі. Мұны қазір визионерлік деп те жүр. Қазақшалап айтсақ, бұл – сұңғылалық пен көре­генділік. – Дәурен Әскербекұлы, сұхбат соңында газетіміздің оқырман­дарына тілегіңізді білдірсеңіз. – Газет оқырмандарын бүгінгі Тұңғыш Президент күнімен, келе жатқан Тәуелсіздік күнімен және Жаңа жылмен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Отба­сыларыңызда әрдайым амандық пен қуаныш болсын! Ал редакция ұжымына шы­ғармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін! Газеттің әр санын асыға күтетін оқырман­дарыңыз көбейе берсін!

Сұхбаттасқан Бақытжан Тұрлыбек