Түркістан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлерінің үстінен қызмет бабын пайдалана отырып ұйымдасқан топ құру және оған басшылық жасап, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иемденіп алды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған болатын. Қылмыстық істі Түркістан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
2019 жылы Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары түріндегі бірқатар спорттық іс-шаралар өткізілген. Осынау жоспарды іске асыру мақсатында басқарма басшысы П.Қырықбаев спорттық іс-шараларды жүзеге асыру туралы, сондай-ақ олардың қатысушыларын қаржыландыру туралы бірқатар бұйрықтар шығарған.
Алайда, спорттық іс-шаралардың бір бөлігі ғана өткізіліп, кейбіреулері мүлдем өткізілмей, есесіне аударылған қаражаттың толық сомасын жұмсау туралы «аванстық есеп» түріндегі құжаттар тапсырылып тұрған.
Аға жаттықтырушылар бөлінген қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырғаннан кейін оның бір бөлігін Басқарма қызметкерлеріне беріп отырған. Ақшаның қалған бөлігіне аға жаттықтырушылар спорттық іс-шаралардың бір бөлігін ғана өткізген. Салдарынан мемлекетке 70 миллион теңге шамасында залал келтірілген.
Түркістан облыстық қылмыстық сотының хабарлауынша сотталушылар М.Пернебаев пен Ғ.Әшірбековтің аса ірі мөлшерде ақша қаражатын жымқыру бойынша кінәсі қылмыстық іс материалдарымен және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденген.
Сот істі зерделеу барысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде сотталушылар П.Қырықбаев пен Б.Оспанованың іс-әрекеті дұрыс сараланбаған деген тұжырымға келіп отыр. Осыған байланысты сот олардың әрекеттеріне абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық деп қайта саралайды. Өйткені олар қызметтік міндеттері бойынша қаражаттың толық және мақсатты жұмсалуын бақылауға міндетті болған, алайда олардың өз міндеттеріне немқұрайлы қарауы, аса ірі мөлшерде залал түрінде ауыр зардаптарға әкеп соғып отыр.
Айыпты деп танушы Прокурор Б.Оспанованы «қылмыстық топты құру, оған басшылық ету» түріндегі айыптауынан бас тартып, оны жәрдемдесу түріндегі жазамен кінәлі деп тануды және 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Ал, П.Қырықбаев, М. Пернебаев және Ғ. Әшірбековты кінәлі деп тауып, олардың әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраған.
Сонымен, сот үкімімен М.Пернебаев пен Ғ.Әшірбеков аса ірі көлемде ақша ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып отыр. Ал, басқарма басшысы болған П.Қырықбаевқа 2 жылға, Б.Оспановаға 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған. Сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген.