Алматыда робототехника жасаушылардың екінші чемпионаты өтуде
Алматыда робототехника жасаушылардың екінші чемпионаты өтуде
Алматыда бүгін робототехникадан «Robocon 2021» екінші республикалық чемпионаты өтуде. Чемпионатты ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бұл шараның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өтіп жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі жаһандық бәсеке – технология бәсекесі. Робототехника – технологиялық серпілістің негізгі бағыттарының бірі. Robocon 2021 кәсіби өсу, қарым-қатынас және шығармашылық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Чемпионатты болашақта әлемдік технология нарығындағы бәсекелестікке дайындық ретінде қарастыруға болады. Чемпионатқа қатысушы – IT, электроника және робототехника саласында ғылыммен айналысатын дайын жас маман. Алматы жас таланттар мен батыл бастамаларға ашық», – деді Ержан Бабақұмаров.

Биылғы чемпионатқа елімізден 13 студенттік команда қатысуда. Робототехника байқауы жас ғалымдарға дизайн мен механикадан, электроникадан бастап, роботты интеллект бағдарламасын жазуға дейін роботтарды әзірлеуді нөлден бастауға мүмкіндік береді. Чемпионаттың негізгі мақсаты – Қазақстан жастарының өздерінің стартап жобаларын әрі қарай жүзеге асыруы және Қазақстанның инновациялық қызметіне белсенді қатысуы үшін заманауи техникалық білім беру, сондай-ақ дарынды жастарды анықтау, оқыту, іріктеу және қолдау болып табылады. Жарыстың ашылуына елордадан тікелей эфир арқылы қатысқан Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев 2019 жылы бірінші чемпионат жоғары деңгейде өткенін, оған отандық жоғары оқу орындары студенттерінің бастамашыл топтары қатысқанын айтты. Оның айтуынша қазіргі таңда елімізде роботтарды шығару үшін толық жабдықталған жаңа робототехника зертханалары салынған. «ETU Robocon 2021» көрмесіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Өскемен және Алматы облысының студенттік командалары қатысуда. Ұйымдастыуршылардың сөзінше, мұндай іс-шаралар робот жасау саласын дамытуға және елдегі цифрландыру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.