Колледждер енді 50 мамандықты оқытпайды. Неге?
Колледждер енді 50 мамандықты оқытпайды. Неге?
©А.Ахметқазы
266
оқылды
Статистикаға сүйенсек, колледждерде білім беру бағдарламаларының 80 пайызға жуығы еңбек нарығының талаптарына сай емес. Мемлекеттік колледждерде жабдықтардың шамамен 50 пайызының тозығы жеткен. Түлектерінің 60 пайызы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Жағдайды түзеу мүмкін бе? «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, бүгінде колледж бітіргендердің шамамен 60%-ы өзге саладан нә­пақасын тауып жүр. Түлектердің 27%-ы 1 жыл бойы жұмыс таппаған, ал алған біліктілігіне сәйкес тек 13%-ы жұмыс істейді. Яғни, колледж бітіргендердің ма­мандығына сай жұмыс табуы – бұл саладағы өзекті мәселелердің бірі. Білім беру бағдарламалары 80 пайыз ескірген. Ха­лық­аралық сертификаттау бағдарламаларына қарағанда, колледж дипломдарына сұраныс аз. «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы жүр­гізген сауалнама бойынша 25 мыңға жуық компанияның 53%-ына колледж түлектері, 21%-ына жоғары оқу орындарын бітіргендер, ал 26%-ына қысқамерзімді дайындықтан өткендер қажет екен.

ҚАНДАЙ МАМАНДАР ТАПШЫ?

Қазақстанда негізінен құ­рылыс және өнеркәсіп секторларында жоғары санаттағы инженерлер сұранысқа ие. Мұны жылдан-жылға Қазақстанға осы мамандық бойынша шетелдік қызметкерлердің көбірек шақырылатынын дәлелдейді. Мысалы, өткен жылы шетелдерден 2,3 мың инженер және 1,7 мыңға жуық түрлі техник пен механик келген. Ал цифрландыру және технологияларды дамыту дәуірінде тиісін­ше IT саласындағы мамандарға да сұраныс артып келеді. Тек электронды еңбек биржасы алаңында жыл басынан бері осы салада 3 мыңға жуық бос жұ­мыс орны жарияланды. Шетелден маман алдырмай, өзіміздегі колледж түлектерін жұмысқа тартуда не кедергі?

БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЕСКІ

Бірінші, колледждер еңбек нарығының сұра­нысына сай мамандар дайындау үшін сұраныстағы мамандықты оқытуы керек. Өйткені сынама іріктеуші, шам жасаушы, гувернер, заңгер-кон­сульт сияқты 50 мамандықтың мерзімі өткен. Нұр-Сұл­тан қаласы Көлік және коммуникация кол­леджінің директоры Зулфухар Гайповтың айтуынша, бұл тізімде Кеңес үкіметінен бастап оқытылып келген мамандықтар бар. «Халықаралық еңбек нарығында «сынама реттеуші», «шам жасаушы» мамандықтары жоқ. Осы мамандықтардың бірін меңгерген азамат ертеңгі күні шетелге барса, дипломымен жұмыс таба алмай қиналады. 50 мамандық толығымен жойылып кетпейді. Олар белгілі бір бағыт бойынша біріктіріледі не жіктеледі. Мүлдем қажетсіз деп танылғандарын ғана оқыту түбегейлі тоқта­тыла­ды», – дейді З.Гайпов. Мәселен, осыған дейін «киберқауіпсіздік», «интернет заттары» мамандықтары бірге оқытылса, енді оның ішінен 2 мамандық бөлек шығарылып, жеке-жеке оқытылады. «217 мамандық бойынша 217 білім беру бағ­дар­ламасын жасап шықтық. Колледждер сол бағ­дарлама бойынша оқыта алады. Егер де азаматтар тарапынан сол 50 мамандықтың қайсы­сына болсын қызығушылық туындаса, 1 айдан 9 айға дейінгі қысқамерзімді курстар сипатында оқуына мүм­кіндік бар», – дейді Talap КеАҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков.

ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР ҚАЛАЙ ОҚЫТЫЛАДЫ?

2011 жылдың сәуір айында Елбасы әлемдік деңгейдегі колледждер желісін құруды тапсырып, нәтижесінде жаңа колледждерді құру әрі халық­аралық тәжірибені техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған бүгінгі бұрын­ғы «Кәсіпқор» холдингі құрылды. Бір жарым жыл бұрын атауы Talap-қа өзгерді. 2013 жылғы наурызда холдингтің алғашқы жобасы – «APEC PetroTechnic жоғары колледжі» ЖШС ашыл­ды. «Ембімұнайгаз» АҚ-қа қарасты «Жайық­мұнайгаз» мұнай өндіру басқармасымен бірлесе оқытылатын дуалдық жүйені 2013 жылдан бері қолға алып келе жатқан колледж базасы бүгінде толықтай заманауи оқу құралдарымен жабдық­талған. «Оқу орнының басқа оқу орындарынан ерекшелігі – білім ордасында шетелдік мұнай-газ компанияларының халықаралық стандарттары мен талаптарына негізделген жаңа білім беру бағдар­лама­ларының пайдаланылуында. Колледждегі дуалды оқытудың арқасында оқытушылар студенттерді жұмыстың тәжірибелік дағдыларына баулып, оқу орнын бітірген соң түлек осы дағдылардың көмегімен жұмысқа оңай кірісіп кетеді. Сол секілді еліміздегі өзге де колледждерді APEC деңгейіне жеткізудің бір жолы жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату», – дейді Talap КеАҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков.

БАҒДАРЛАМА БАР, ОҚЫТУШЫ ШЕ?

Сұранысқа сай мамандық енгізіп, сапалы білім беру бағдарламасын жасаумен бұл саладағы түйткіл шешілмейді. Себебі қазір колледждерде 40 мыңға жуық педагог жұмыс істесе де, еңбек на­ры­ғы тағы 2,4 мың маманға зәру. «Педагог мәр­тебесі» туралы заң қабылданып, мектеп мұғалім­дерінің жалақысы артып, жағдайы жақсар­ғанмен, колледж мұғалім­дерінікі сол қалпы. Мектеп ұстаздарының жала­қысы артқалы колледжден жұмыстан шығып, мек­тепке ауысқандар саны күрт өскен. «2019 жылға дейін колледжде 5 жыл бойы 120 мың теңгеге жұмыс істедім. Былтыр мектепке ауыс­тым. Мектепте қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ беремін. Алатын жалақым 200 мың теңгеге жуық. Колледжде сабақ беру мектепке қарағанда жеңіл. Жалақысы жақсы болса, мектепке келмес едім», – дейді Айнұр Нұртазина есімді ұстаз. Екінші, колледждердегі педагогтердің 30%-дан астамы – 55 жастан асқандар. Өйткені колледжге кел­ген жас маманға кемі екі жыл мардымсыз жала­қыға жұмыс істеуге тура келеді. Мәселен, 2020 жылы жұмысқа тұрған жас маман модератор болу үшін 2022 жылдың көктемінде ғана тест тап­сыра ала­ды. Сондықтан бұл салада жас мамандар­дың тапшылығы жалақы мәселесі көтерілмейін­ше шешілмейін деп тұр.

ЗАМАНАУИ ЖАБДЫҚ ЖЕТІСПЕЙДІ

Колледждердегі білім сапасына әсер ететін тағы бір фактор – заманауи жабдықтардың жетіс­пеуі. Елімізде 770 колледж жұмыс істесе, оның 424-і мемлекеттік және 346-сы жекеменшік. Бү­гінде 180 колледж ғана «Жас маман» жобасы аясында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жобадан шет қалған Түркістан облысын­дағы Индустриалды-құрылыс колледж мәселесін жыл басында көтерген едік. Хабарлассақ, баяғы жартас сол жартас. Тозығы жеткен жабдықтары шаң басып тұрғанын ай­тып қынжылды колледж басшылығы. Мемлекет­тік грант­ты ұтып алған студенттер оқу барысында осы күні өндірісте пайдаланылып жүрген жабдық­тармен емес, өткен ғасырда жасалған көнерген технологиялармен танысады. Оларды басқаруды үй­рен­геннен не пайда? Көне технологиялардың тілін меңгерген колледж түлегі ертеңгі күні өндіріс орнын­дағы заманауи жабдық­тармен қалай жұмыс істейді? Францияда «Мектеп 42» деген оқу орны бар. 2 жыл оқытады, бірақ диплом бермейді. Тегін оқудан шы­ғып қалған студент айыппұл төлейді. Оқып, сер­тификат алған түлекті жұмысқа алуға ірі ком­пания­лар кезекке тұрады. Сол секілді бізде де 2021 жылдан 2025 жылға дейін барлық кәсіптік тех­ни­калық мамандықтар тегін оқытылады. Мектеп оқушысы 9-сыныптан кейін колледжде білім аламын десе, еш қиындықсыз оқуға қабылданады. Бірақ колледждердің әлеуметтік серіктестері мықты оқытушылардың біліктілігі жоғары болмаса, оқу орны соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталмаса, сол оқу орнын бітірген студентке сұраныс бола қоя ма?