Статистикаға сүйенсек, колледждерде білім беру бағдарламаларының 80 пайызға жуығы еңбек нарығының талаптарына сай емес. Мемлекеттік колледждерде жабдықтардың шамамен 50 пайызының тозығы жеткен. Түлектерінің 60 пайызы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Жағдайды түзеу мүмкін бе?
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, бүгінде колледж бітіргендердің шамамен 60%-ы өзге саладан нәпақасын тауып жүр. Түлектердің 27%-ы 1 жыл бойы жұмыс таппаған, ал алған біліктілігіне сәйкес тек 13%-ы жұмыс істейді. Яғни, колледж бітіргендердің мамандығына сай жұмыс табуы – бұл саладағы өзекті мәселелердің бірі. Білім беру бағдарламалары 80 пайыз ескірген. Халықаралық сертификаттау бағдарламаларына қарағанда, колледж дипломдарына сұраныс аз. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалнама бойынша 25 мыңға жуық компанияның 53%-ына колледж түлектері, 21%-ына жоғары оқу орындарын бітіргендер, ал 26%-ына қысқамерзімді дайындықтан өткендер қажет екен.
ҚАНДАЙ МАМАНДАР ТАПШЫ?
Қазақстанда негізінен құрылыс және өнеркәсіп секторларында жоғары санаттағы инженерлер сұранысқа ие. Мұны жылдан-жылға Қазақстанға осы мамандық бойынша шетелдік қызметкерлердің көбірек шақырылатынын дәлелдейді. Мысалы, өткен жылы шетелдерден 2,3 мың инженер және 1,7 мыңға жуық түрлі техник пен механик келген. Ал цифрландыру және технологияларды дамыту дәуірінде тиісінше IT саласындағы мамандарға да сұраныс артып келеді. Тек электронды еңбек биржасы алаңында жыл басынан бері осы салада 3 мыңға жуық бос жұмыс орны жарияланды. Шетелден маман алдырмай, өзіміздегі колледж түлектерін жұмысқа тартуда не кедергі?
БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЕСКІ
Бірінші, колледждер еңбек нарығының сұранысына сай мамандар дайындау үшін сұраныстағы мамандықты оқытуы керек. Өйткені сынама іріктеуші, шам жасаушы, гувернер, заңгер-консульт сияқты 50 мамандықтың мерзімі өткен. Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және коммуникация колледжінің директоры Зулфухар Гайповтың айтуынша, бұл тізімде Кеңес үкіметінен бастап оқытылып келген мамандықтар бар.
«Халықаралық еңбек нарығында «сынама реттеуші», «шам жасаушы» мамандықтары жоқ. Осы мамандықтардың бірін меңгерген азамат ертеңгі күні шетелге барса, дипломымен жұмыс таба алмай қиналады. 50 мамандық толығымен жойылып кетпейді. Олар белгілі бір бағыт бойынша біріктіріледі не жіктеледі. Мүлдем қажетсіз деп танылғандарын ғана оқыту түбегейлі тоқтатылады», – дейді З.Гайпов.
Мәселен, осыған дейін «киберқауіпсіздік», «интернет заттары» мамандықтары бірге оқытылса, енді оның ішінен 2 мамандық бөлек шығарылып, жеке-жеке оқытылады.
«217 мамандық бойынша 217 білім беру бағдарламасын жасап шықтық. Колледждер сол бағдарлама бойынша оқыта алады. Егер де азаматтар тарапынан сол 50 мамандықтың қайсысына болсын қызығушылық туындаса, 1 айдан 9 айға дейінгі қысқамерзімді курстар сипатында оқуына мүмкіндік бар», – дейді Talap КеАҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков.
ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР ҚАЛАЙ ОҚЫТЫЛАДЫ?
2011 жылдың сәуір айында Елбасы әлемдік деңгейдегі колледждер желісін құруды тапсырып, нәтижесінде жаңа колледждерді құру әрі халықаралық тәжірибені техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған бүгінгі бұрынғы «Кәсіпқор» холдингі құрылды. Бір жарым жыл бұрын атауы Talap-қа өзгерді. 2013 жылғы наурызда холдингтің алғашқы жобасы – «APEC PetroTechnic жоғары колледжі» ЖШС ашылды. «Ембімұнайгаз» АҚ-қа қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай өндіру басқармасымен бірлесе оқытылатын дуалдық жүйені 2013 жылдан бері қолға алып келе жатқан колледж базасы бүгінде толықтай заманауи оқу құралдарымен жабдықталған.
«Оқу орнының басқа оқу орындарынан ерекшелігі – білім ордасында шетелдік мұнай-газ компанияларының халықаралық стандарттары мен талаптарына негізделген жаңа білім беру бағдарламаларының пайдаланылуында. Колледждегі дуалды оқытудың арқасында оқытушылар студенттерді жұмыстың тәжірибелік дағдыларына баулып, оқу орнын бітірген соң түлек осы дағдылардың көмегімен жұмысқа оңай кірісіп кетеді. Сол секілді еліміздегі өзге де колледждерді APEC деңгейіне жеткізудің бір жолы жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату», – дейді Talap КеАҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков.
БАҒДАРЛАМА БАР, ОҚЫТУШЫ ШЕ?
Сұранысқа сай мамандық енгізіп, сапалы білім беру бағдарламасын жасаумен бұл саладағы түйткіл шешілмейді. Себебі қазір колледждерде 40 мыңға жуық педагог жұмыс істесе де, еңбек нарығы тағы 2,4 мың маманға зәру. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, мектеп мұғалімдерінің жалақысы артып, жағдайы жақсарғанмен, колледж мұғалімдерінікі сол қалпы. Мектеп ұстаздарының жалақысы артқалы колледжден жұмыстан шығып, мектепке ауысқандар саны күрт өскен.
«2019 жылға дейін колледжде 5 жыл бойы 120 мың теңгеге жұмыс істедім. Былтыр мектепке ауыстым. Мектепте қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ беремін. Алатын жалақым 200 мың теңгеге жуық. Колледжде сабақ беру мектепке қарағанда жеңіл. Жалақысы жақсы болса, мектепке келмес едім», – дейді Айнұр Нұртазина есімді ұстаз.
Екінші, колледждердегі педагогтердің 30%-дан астамы – 55 жастан асқандар. Өйткені колледжге келген жас маманға кемі екі жыл мардымсыз жалақыға жұмыс істеуге тура келеді. Мәселен, 2020 жылы жұмысқа тұрған жас маман модератор болу үшін 2022 жылдың көктемінде ғана тест тапсыра алады. Сондықтан бұл салада жас мамандардың тапшылығы жалақы мәселесі көтерілмейінше шешілмейін деп тұр.
ЗАМАНАУИ ЖАБДЫҚ ЖЕТІСПЕЙДІ
Колледждердегі білім сапасына әсер ететін тағы бір фактор – заманауи жабдықтардың жетіспеуі. Елімізде 770 колледж жұмыс істесе, оның 424-і мемлекеттік және 346-сы жекеменшік. Бүгінде 180 колледж ғана «Жас маман» жобасы аясында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жобадан шет қалған Түркістан облысындағы Индустриалды-құрылыс колледж мәселесін жыл басында көтерген едік. Хабарлассақ, баяғы жартас сол жартас. Тозығы жеткен жабдықтары шаң басып тұрғанын айтып қынжылды колледж басшылығы. Мемлекеттік грантты ұтып алған студенттер оқу барысында осы күні өндірісте пайдаланылып жүрген жабдықтармен емес, өткен ғасырда жасалған көнерген технологиялармен танысады. Оларды басқаруды үйренгеннен не пайда? Көне технологиялардың тілін меңгерген колледж түлегі ертеңгі күні өндіріс орнындағы заманауи жабдықтармен қалай жұмыс істейді?
Францияда «Мектеп 42» деген оқу орны бар. 2 жыл оқытады, бірақ диплом бермейді. Тегін оқудан шығып қалған студент айыппұл төлейді. Оқып, сертификат алған түлекті жұмысқа алуға ірі компаниялар кезекке тұрады. Сол секілді бізде де 2021 жылдан 2025 жылға дейін барлық кәсіптік техникалық мамандықтар тегін оқытылады. Мектеп оқушысы 9-сыныптан кейін колледжде білім аламын десе, еш қиындықсыз оқуға қабылданады. Бірақ колледждердің әлеуметтік серіктестері мықты оқытушылардың біліктілігі жоғары болмаса, оқу орны соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталмаса, сол оқу орнын бітірген студентке сұраныс бола қоя ма?