Жаңа үйде жылу жоқ
Жаңа үйде жылу жоқ
356
оқылды
Кентау қаласындағы 200 тұрғын жылусыз отыр. Жы­лусыз болғанда да, осы уақытқа дейін газ келмеген, тас кірпіштен салынған жап-жаңа көпқабатты үйде отыр олар. Сөйтіп, үйлі болғандардың қуанышы көпке созылмады.

600 пәтер газсыз отыр

Кентау қалалық әкімдігі бер­ген мәліметтерге сүйенсек, кен­шілер қаласында 4 066 адам үй кезегінде тұр. Биыл әрқайсысы 60 пәтерлі 10 үй пайдалануға беріл­ген. Демек, кезекте тұрған көпба­лалы аналар, жетім және мүгедек санатындағы 600 отбасы баспа­налы болған. Енді тағы да дәл осындай 60 пәтерлік 5 үйдің құ­ры­лысы басталыпты. Алайда, өкінішке қарай баспана кілтін алып, қоныстойын тойлаған 600 отбасының қуанышы көпке со­зылмады. Себебі табиғи газбен жылытылуы тиіс осынау 600 пә­тер­ге газ келмеген. Қазір мұнда тұрып жатқан 180-нен аса тұрғын қыстың суы­ғына бүрсеңдеп, өлместің күнін кешіп отыр. Барлығы да әкімдік тарапынан берілген электр пешін қосып қойған. Қара күз басталған­нан көпбалалы аналар әкімдікке қайта-қайта шағым айтып бара берген соң қалалық тұрғын үй ком­муналдық шаруашылық бөлі­мі арқылы осында тұрып жатқан әрбір тұрғынға тізіммен пеш тара­тыпты. Негізінен, әлеуметтік аз қам­тылған және көпбалалы отбасы­лар тұратын бұл үйлерде жас балалар көп. Барлығы да аядай бір бөлмеге тығылып, ас ішеді, сабақ даярлайды, ұйықтайды. Одан бөлек, жас балалары бар үйге электр пешінің қауіпті екені айдан анық. Оларды тастап жұ­мысқа кету түгілі дүкенге шығып келудің өзі қауіпті екенін айтады тұрғындар. Сондай-ақ электр пеші үздіксіз қосылып тұрған соң қатты қызып кетіп, тоқ сұққыш еріп кетуі де мүмкін. Тіпті, электр­дің қуаты жетпей, арасында өшіп қалатын жағдай да кездеседі. Қалай болғанда да, бұл – өте қауіпті тәсіл. Ал оңтүстік өңірде жел үп етсе, жарықтың жалп ете қалатын әдеті тағы бар. Өткенде желден Кентау тұрғындары да жарықсыз қалған. Бір пештің үйді жылытуға шамасы келмей жатқан соң кей­біреулері өз қаржыларына қосым­ша пеш алып екі жақтап қосып отыруға мәжбүр. Бірақ мұндайда қуат жетпей ток жиі өшеді. Тұр­ғындар үшін электр пешінің тағы бір тиімсіз тұсы есептегіш құ­ралды қатты айналдырады.

«Баратын жеріміз жоқ, суық үйде қыстаймыз»

Біз бірқатар тұрғынмен сөй­лесіп, мұндағы жағдаймен таныс­тық. Мұндағылардың айтуынша, электр пешінің есептегіш құралды қатты айналдырып жатқаны жа­нына батады екен. Демек, электр қуатына төлейтін сома да көбейеді деген сөз. Онсыз да «шықпа жа­ным, шықпамен» күн көріп жүр­гендер мұның пәтер ақысынан да көбейіп кетіп жатқанына күйінеді. Өзін Еңлік Тынысбайқызы деп таныстырған 6 баланың ана­сы биыл баспаналы болғанына қатты қуаныпты. Дегенмен жылу берілмей жатқан соң қара ша­ңырақтағы тар үйге барып тығы­луға тура келген. «Газдың келуін бізден бұрын балаларымыз күтіп жүр. Өздерінің үйіне барып, еркін жүріп тұрғысы келеді. Тұрғындар жан-жаққа шағымданып әбден шаршады. Енді біразы сабырға келіп күтейік дейді. Екі жақтап пеш қосқан соң жиі тоқ өшеді. Әкімдікке барып, үйдің арен­да­лық ақысын төлемек болғаны­мызда «жылу бергенше төлемей тұрсаңыздар болады», – деді. Қайта-қайта шағым жасай берген соң әкімдік аренда ақысын алмай тұруға уәде беріпті. Бірақ сонда да «ресми түрде айтылып, бұйрық шығарған жоқ, бұл ауызекі шешім ертең үстемеақы қосып жіберуі мүмкін» деп кейбір көршілер арен­да ақысын төлеп жүр. Ал бі­разы төлемейді. Расында, үй қа­ра суық. Адамдар қалың сырт киім­мен отырады. Балаларының бә­рін киіндіріп қояды. Қашан бе­рілетінін білмейміз», – дейді ол. Тамыз айында жаңа үйге кір­генімен, тұрғындарды ол кезде жылудан бұрын жолдың жоқтығы, қоғамдық көліктің қатынамай­тыны мезі еткен. Әкімдік табал­дырығын тоздырып жүріп қоғам­дық көлікті жүргізіпті. Бірақ таяу күндері жол салынады дегенімен, ол уәде орындалмаған. Енді күн суытқан соң жылу мәселесі бі­рінші орынға шықты. Ә.Беркінова «Баратын жеріміз болмаған соң осында қыстаймыз» деп отыр. «Өзім еш жаққа көш­пеймін. Осы жерде көктем шық­қанша амалдаймын. Әкім «бара­тын жерлеріңіз болса, барып тұ­рыңыздар» деді ғой. Содан-ақ бел­гілі биыл жылу берілмейтіні. Газ­сыз қиын болайын деп тұр. Сәл үйім жылыса, электр пешін өшіріп тастап отырмын, айнал­ды­рып жібере ме деп қорқамын», – дейді ол. Ал тағы бір тұрғын «газ берілсе кәм­пит шашып, аулада той жа­сайтын шығармыз. Біздің ең үлкен мә­селеміз болып тұр. Тығырыққа тіреліп отырмыз. Электр пешін сәл өшірсек, үй қара суық болып кетеді. Өткенде 2 сағатқа ток өшіп еді, бүрсеңдеп кеттік. Сонда да балалар сабаққа кеткенде аз-аздан өшіріп аламыз. Әйтпесе, ток айналып кетеді. Ертең қатты суықта мына электр пештерінің күші келе ме, білмейміз», – дейді. Халық осылайша әрі-сәрі күй­де отыр. «Ең жаманы, ертеңге деген сенімнің болмағаны, күту одан да жаман екен» дейді олар. Бірі газ 1-2 күнде келіп қала деп үміттенсе, енді бірі биыл бол­май­ды, айта береді деп қол сілтейді. Айтса айтқандай, қыс түссе Кентауда жылу проблемасы бас­талады. Жаңа үйлер түгілі басқа жерлеріне де газ келмеген. Жылуға бөлінген 7,2 млрд теңге қашан тұрғындарды жы­лытады? Қала әкімдігі тұрғын үйлер 2020 жылы пайдалануға берілуге дайын болғанымен, орталық­тандырылған жылу жүйесіне қосылмағандықтан, тұрғындарға газ берілмей отырғанын айтады. Алайда биыл баспана кезегінде тұрған көпбалалы әйелдер тобы қайта-қайта әкімдікке келіп үйді беруін талап еткенін, газ бол­майтыны ескертіліп, үйдің кілтін таратқанын айтып ақталғансыды. «Энергопоток» ЖШС басшы­лығымен келіссөздер жүргізіліп, электр энергиясы төмен бағамен ұсынылыпты. Сонымен қатар пәтердің жалдау ақысын тө­мендету бойынша жұмыстар атқарылғанын айтады. Жалпы, Кентау қаласын газ­бен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен жалпы 7,2 млрд теңге қаржы қаралыпты. 2017 жылы №14 «Қызыләскер» автоматтан­дырылған АГТС және 2019 жылы ішкі жүйелерінің құрылысы аяқ­талған. «Бүгінде «Интергаз Ор­талық Азия» АҚ-ның Шымкент филиалынан АГТС-ті «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жоғарғы қы­сымды газ құбырына қосуға рұқ­сат алу жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Қосылғаннан кейін, құ­бырды газға толтыру, «Батыс­Мұ­найГазЖабдықтары» ЖШС ма­мандарымен АГТС іске қосу жұ­мыстарын жүргізу жоспарланған. Ары қарай АГТС іске қосылған соң Кентау қаласына дейін жет­кізіп, ішкі орам жүйелерін газға қосу жұмыстары жүргізіледі» делінген Кентау қалалық әкімдігі берген ресми хатта. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан қыруар қаржы қара­лып жатса да, әлі күнге кентау­лықтардың жылы жерде оты­руы­ның ауылы алыс болып тұр. Қыр­күйек айында ғана қазан­дықтың жаңғыртылып жатқаны туралы сүйінші хабар айтылған болатын. Кентаулықтар биыл мәселе болмайды деп қуанған-ды. Өкінішке қарай, Қаратау тұрғындары әлі де біраз әбігерге түсетін сияқты...

Түркістан облысы