600 пәтер газсыз отыр
Кентау қалалық әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, кеншілер қаласында 4 066 адам үй кезегінде тұр. Биыл әрқайсысы 60 пәтерлі 10 үй пайдалануға берілген. Демек, кезекте тұрған көпбалалы аналар, жетім және мүгедек санатындағы 600 отбасы баспаналы болған. Енді тағы да дәл осындай 60 пәтерлік 5 үйдің құрылысы басталыпты. Алайда, өкінішке қарай баспана кілтін алып, қоныстойын тойлаған 600 отбасының қуанышы көпке созылмады. Себебі табиғи газбен жылытылуы тиіс осынау 600 пәтерге газ келмеген. Қазір мұнда тұрып жатқан 180-нен аса тұрғын қыстың суығына бүрсеңдеп, өлместің күнін кешіп отыр. Барлығы да әкімдік тарапынан берілген электр пешін қосып қойған. Қара күз басталғаннан көпбалалы аналар әкімдікке қайта-қайта шағым айтып бара берген соң қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы осында тұрып жатқан әрбір тұрғынға тізіммен пеш таратыпты. Негізінен, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тұратын бұл үйлерде жас балалар көп. Барлығы да аядай бір бөлмеге тығылып, ас ішеді, сабақ даярлайды, ұйықтайды. Одан бөлек, жас балалары бар үйге электр пешінің қауіпті екені айдан анық. Оларды тастап жұмысқа кету түгілі дүкенге шығып келудің өзі қауіпті екенін айтады тұрғындар. Сондай-ақ электр пеші үздіксіз қосылып тұрған соң қатты қызып кетіп, тоқ сұққыш еріп кетуі де мүмкін. Тіпті, электрдің қуаты жетпей, арасында өшіп қалатын жағдай да кездеседі. Қалай болғанда да, бұл – өте қауіпті тәсіл. Ал оңтүстік өңірде жел үп етсе, жарықтың жалп ете қалатын әдеті тағы бар. Өткенде желден Кентау тұрғындары да жарықсыз қалған. Бір пештің үйді жылытуға шамасы келмей жатқан соң кейбіреулері өз қаржыларына қосымша пеш алып екі жақтап қосып отыруға мәжбүр. Бірақ мұндайда қуат жетпей ток жиі өшеді. Тұрғындар үшін электр пешінің тағы бір тиімсіз тұсы есептегіш құралды қатты айналдырады.«Баратын жеріміз жоқ, суық үйде қыстаймыз»
Біз бірқатар тұрғынмен сөйлесіп, мұндағы жағдаймен таныстық. Мұндағылардың айтуынша, электр пешінің есептегіш құралды қатты айналдырып жатқаны жанына батады екен. Демек, электр қуатына төлейтін сома да көбейеді деген сөз. Онсыз да «шықпа жаным, шықпамен» күн көріп жүргендер мұның пәтер ақысынан да көбейіп кетіп жатқанына күйінеді. Өзін Еңлік Тынысбайқызы деп таныстырған 6 баланың анасы биыл баспаналы болғанына қатты қуаныпты. Дегенмен жылу берілмей жатқан соң қара шаңырақтағы тар үйге барып тығылуға тура келген. «Газдың келуін бізден бұрын балаларымыз күтіп жүр. Өздерінің үйіне барып, еркін жүріп тұрғысы келеді. Тұрғындар жан-жаққа шағымданып әбден шаршады. Енді біразы сабырға келіп күтейік дейді. Екі жақтап пеш қосқан соң жиі тоқ өшеді. Әкімдікке барып, үйдің арендалық ақысын төлемек болғанымызда «жылу бергенше төлемей тұрсаңыздар болады», – деді. Қайта-қайта шағым жасай берген соң әкімдік аренда ақысын алмай тұруға уәде беріпті. Бірақ сонда да «ресми түрде айтылып, бұйрық шығарған жоқ, бұл ауызекі шешім ертең үстемеақы қосып жіберуі мүмкін» деп кейбір көршілер аренда ақысын төлеп жүр. Ал біразы төлемейді. Расында, үй қара суық. Адамдар қалың сырт киіммен отырады. Балаларының бәрін киіндіріп қояды. Қашан берілетінін білмейміз», – дейді ол. Тамыз айында жаңа үйге кіргенімен, тұрғындарды ол кезде жылудан бұрын жолдың жоқтығы, қоғамдық көліктің қатынамайтыны мезі еткен. Әкімдік табалдырығын тоздырып жүріп қоғамдық көлікті жүргізіпті. Бірақ таяу күндері жол салынады дегенімен, ол уәде орындалмаған. Енді күн суытқан соң жылу мәселесі бірінші орынға шықты. Ә.Беркінова «Баратын жеріміз болмаған соң осында қыстаймыз» деп отыр. «Өзім еш жаққа көшпеймін. Осы жерде көктем шыққанша амалдаймын. Әкім «баратын жерлеріңіз болса, барып тұрыңыздар» деді ғой. Содан-ақ белгілі биыл жылу берілмейтіні. Газсыз қиын болайын деп тұр. Сәл үйім жылыса, электр пешін өшіріп тастап отырмын, айналдырып жібере ме деп қорқамын», – дейді ол. Ал тағы бір тұрғын «газ берілсе кәмпит шашып, аулада той жасайтын шығармыз. Біздің ең үлкен мәселеміз болып тұр. Тығырыққа тіреліп отырмыз. Электр пешін сәл өшірсек, үй қара суық болып кетеді. Өткенде 2 сағатқа ток өшіп еді, бүрсеңдеп кеттік. Сонда да балалар сабаққа кеткенде аз-аздан өшіріп аламыз. Әйтпесе, ток айналып кетеді. Ертең қатты суықта мына электр пештерінің күші келе ме, білмейміз», – дейді. Халық осылайша әрі-сәрі күйде отыр. «Ең жаманы, ертеңге деген сенімнің болмағаны, күту одан да жаман екен» дейді олар. Бірі газ 1-2 күнде келіп қала деп үміттенсе, енді бірі биыл болмайды, айта береді деп қол сілтейді. Айтса айтқандай, қыс түссе Кентауда жылу проблемасы басталады. Жаңа үйлер түгілі басқа жерлеріне де газ келмеген. Жылуға бөлінген 7,2 млрд теңге қашан тұрғындарды жылытады? Қала әкімдігі тұрғын үйлер 2020 жылы пайдалануға берілуге дайын болғанымен, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмағандықтан, тұрғындарға газ берілмей отырғанын айтады. Алайда биыл баспана кезегінде тұрған көпбалалы әйелдер тобы қайта-қайта әкімдікке келіп үйді беруін талап еткенін, газ болмайтыны ескертіліп, үйдің кілтін таратқанын айтып ақталғансыды. «Энергопоток» ЖШС басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, электр энергиясы төмен бағамен ұсынылыпты. Сонымен қатар пәтердің жалдау ақысын төмендету бойынша жұмыстар атқарылғанын айтады. Жалпы, Кентау қаласын газбен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен жалпы 7,2 млрд теңге қаржы қаралыпты. 2017 жылы №14 «Қызыләскер» автоматтандырылған АГТС және 2019 жылы ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталған. «Бүгінде «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның Шымкент филиалынан АГТС-ті «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жоғарғы қысымды газ құбырына қосуға рұқсат алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосылғаннан кейін, құбырды газға толтыру, «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС мамандарымен АГТС іске қосу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ары қарай АГТС іске қосылған соң Кентау қаласына дейін жеткізіп, ішкі орам жүйелерін газға қосу жұмыстары жүргізіледі» делінген Кентау қалалық әкімдігі берген ресми хатта. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан қыруар қаржы қаралып жатса да, әлі күнге кентаулықтардың жылы жерде отыруының ауылы алыс болып тұр. Қыркүйек айында ғана қазандықтың жаңғыртылып жатқаны туралы сүйінші хабар айтылған болатын. Кентаулықтар биыл мәселе болмайды деп қуанған-ды. Өкінішке қарай, Қаратау тұрғындары әлі де біраз әбігерге түсетін сияқты...Түркістан облысы