Министрлер секіріп кетті

Министрлер секіріп кетті

Мына қоғам не боп барады? Елімізде шіріген байлар, миллионерлер, мен миллиардерлер ақшалы өмірден түңіліп, о дүниеге үңіліп, құтырынған ақшаларын қайда жұмсауларын білмегендіктен, алтынның буына мастанғандықтан, қонақ үйлердің тоғызыншы, оныншы қабаттарынан жаппай секіріп кетіп жатыр! Сұмдық, бұрын‒соңды бақытсыз миллиардер болғаны үшін өздеріне қол жұмсап, суйцидке барған бай‒бағландарды көріп пе едіңіз?  Әне, халықтың әлеуметтік жағдайын жасайды деген министріміздің өзі он бірінші қабаттың терезесін ашты: О, жарық дүние! Мен саған ғашықпын! Бірақ, халықтың жағдайын жасай алмай жатырмыз. Жемқорлармен жағымпаздар, өтірік есеп беретін әкімдер көбейді. Хош бол, астана, хош бол, нан сұрап, жылаған жас бала, хош, хош, көп балалы аналар!‒деді де, терезеден секіріп кетті. Оның артынан тағы бір министр көрінді. Секірсем бе екен? Секірмесем бе екен?  Бүгін қай күн өзі? Сәрсенбінің сәтті, жанымның тәтті күні екен ғой? Өмір сүргім келмей кетті. Шаршадым. Байлықтан. Мансаптан... Халықтың қарғысынан... ‒деген ол төмен қарады, Туу, не деген биік еді? Кофе ішіп алып секірсем бе екен? Уылдырық жеп алайын ба? Жарайды, секіріп көрейін! Министр секіріп кетті. Зуылдап барады. Төмен қарап еді, жиналған халық қол бұлғасып тұр екен. Бесінші қабатқа келгенде, балконға қарап еді, біреу бетіне түкіріп жібергені. Ұятсыз десе! Нәрмәлні өлуге де мұрша бермейді. Тағы бір жерде әкім секірейін деп жатыр! Ол әйелімен, бала‒шағасымен жылап‒еңіреп қоштасты. Қайта‒қайта, төмен қарайды. Басын шайқап, көзіне жас  алды. Мен ылғи үкіметті алдаумен келемін. Өтірік есеп беруден алдыма жан салмаймын. Есеп комитеті біліп қойды. Енді суцид жасаудан басқа не қалды? Хош бол, қаланың сасық ауасы, хош бол, қаланың қайыршылары! Хош бол, салынып бітпеген көшелер, газ бармаған ауылдар! ‒деген ол секіріп кетті. Үйдің бірінші қабатынан. Қалың матрацтың үстіне.Тырайып, тырп етпей жатыр. Желкесін қасып қояды. Халық қазынасы арқылы байып, шет елден небір хан сарайларын сатып алған атақты миллиардер де сегізінші қабаттың терезесін ашты. Ох, не деген таза ауа! Төменде екен ғой дем ала алмайтыным. Ақшалардан, бриллитанттардан, саф алтындардан басым айналды. Кедейлрге көмектесе алмадым, тек өзіме жинай бердім. Енді міне, өмірмен хоштаспақпын. Көзім тоймайды байлыққа. Жетпей жатыр. Қу жоқшылық жанымды жаралап жатыр. Миллиардтардың өзі маған жетпейді.  О, жаратқан ием, не деген бақытсыз едім, не деген кедей сорлы едім! Хош менің сыбайлас  жемқорларым! Ол секіре бергенде, біреу қолынан ұстай қалды. Жалт қарап еді, өзінің  танысы, миллиардер Анау Мынауемесұлы екен. Сен қайдан жүрсің? ‒деп сұрады ол. Сізді секіріп өлгелі жатыр деп естіп, соған қуанып. Оның несіне қуанасың? ‒Мен де жалғыз секіруге қорқып...  Сізбен бірге, қол ұстасып секірсем деп едім. Жоқ, жалғыз жасаймын суйцидті. Бірге секірейік, Жол‒жөнекей әңгімелесіп құлаймыз дегендей... Сенің есің дұрыс па? Қашанғы менің арқамнан жүгіресің? Ары тұр, секіремін. Ертең секірсек қайтеді? Неге? Ертең ертең болады дегенім ғой. Көп сөйлей берме,‒деген ол секіріп кетті. Анау Мынауемесұлы терезеден төмен қарады.  Миллиардерді оқ қағарлары мен қарамағындағылар далиған, үлкен кілеммен қағып алды! Әлгі екі министрді де  орынбасарлары мен бөлім басшылары мамық былғары төсенішпен қағып алған болатын. Олар өздерін өлімге қимай, қағып алатындарын да білген еді. Сіз шынымен сеніп отырсыз ба? Байлар секірмейді. Секірмей‒ақ та қойсын. Аман болсын. Бірақ, үкіметтегілер қарапайым халықтың, көп балалы аналардың, зейнеткерлердің, тұрмысы нашар жастарды қашан қамқорлығына алады? Кейбір депутаттар түстен кейін «маңырап» жатыр. «Өйту керек, сөйту керек!» деп. Бұрын неге осы мәселені көтермейді? Ал, еліміз суйцид бойынша мемлекеттер арасында көш басына жақын тұр. Биылдың шілде, тамыз, қыркүйек айларының өзінде  834 қазақстандық суцидке барған. Жыл басынан бері 105 жеткіншек өздерін өлімге киған. 2017 жылғы көрсеткішті еске алудың өзі қорқынышты. Бұл жылы 3644 адам суйцидтен көз жұмған. Уралаймыз, ба, әлде халықтың жағдайын туралаймыз ба? Осының бәрі еріккеннен, өмірден зеріккеннен деп ойлайсыз ба? Әрине, тоқшылықтан емес, жоқшылықтан, Астанасы бар болғандықтан емес, баспанасы жоқ болғандықтан, бар  болып, алыс берістен емес, жоқ болып, ұрыс‒керістен болып отыр. Өндіріс пен шағын бизнес өлген, оларды үкімет әлде қашан көмген. Халықтың жағдайын жасайтын бағдарламалар қабылданып жатқанымен, статистика өтірік. Бір депутат әйелдің ауылдарды аралап, ауыл біткен май жалап отыр дегенінен құлағымыз шуылдап, басымыз дуылдап тұр. Жас отбасылар кедейліктің қайығына отырған. Ал, бай‒шенеуніктер келісті кемелермен жүзіп келеді... Ура, кімдікі тура?  

Мұхтар ШЕРІМ