Биыл жаз аяғынан бастап еліміздің көп аймағында, әсіресе елорда мен Алматыда пәтер жалдау ақысы аспандап кетті. Сол кезде үй иелерін жұртшылық сөккені рас. Бірақ бір түйткілді ұмытқандаймыз. Салада сансыз риэлтор бар, ақысын төлейсіз, олар баспана тауып беруі қажет. Осы арқылы олар кәсібін жүргізіп отыр. Дегенмен қазір риэлторларға қоғамның сенімі аз. Бағаны қымбаттатқан осылар болуы мүмкін деген күмән бар. Сенбеске амал жоқ, себебі Қазақстанда риэлтор қызметі заңмен бекітілмеген. Содан соң саланы бассыздық жайлап жатыр.
Қымбатшылық қолдан болмасын
Тамызда Алматыда пәтер жалдау бағасы күрт қымбаттады. Ізін ала Нұр-Сұлтанда баға шарықтады. Мамандардың пікірінше, сол кезде жалға берілетін тұрғын үй құны екі айда 30 пайызға өсіпті. Талдап көрсек, Нұр-Сұлтанда маусым айында бір бөлмелі пәтерді орта есеппен 100-105 мың теңгеге жалдап тұруға болатын, қазанда 155 мың теңгеге жетті. Krisha.kz ұсынған дерекке сенсек, осы күні 1 бөлмелі пәтердің орташа жалдау құны 153 мың теңге болып тұр. Енді баспана алмақ түгілі жалдаудың өзі мұңға айналды. Қыркүйекте елордада пәтер жалдаудың орташа ақысы 239 мың теңгеге тірелді. Бір бөлмелі пәтер үшін 170-180 мың теңге сұрағандар кездесті. Екі бөлмелі пәтерге қатысты жағдай да тура осы сарында. Қазір елордада 2 бөлмелі пәтердің жалдау ақысы орта есеппен 210 мың теңгенің төңірегінде. Үйдің бағасы орналасқан жеріне байланысты болатыны белгілі, ең қымбат үйлер Есіл ауданында (509 428 теңге), ең арзаны – Сарыарқа (117 509 теңге) ауданында. Мұның барлығы коммуналдық қызмет ақысын есептемегендегі баға. Ол үшін үстіне шамамен 20 мың теңге қосыңыз. Риэлтордың қызметі тағы бар. Оларға бөлек тоқталамыз. Сонда жұрттың жалақысы пәтер жалдауға жетпейтіндей болады. Еліміздегі орташа жалақы мөлшерін ресми органдар 245 мың теңге деп көрсетіп жүр. Бір бөлмелі пәтеріңіз 153 мың теңге болса, оған қосымша коммуналдық төлемдерге 20 мың шығындайсыз. Жалақының 70 пайыздан астамы үй жалдауға кетеді. Азық-түлікті айтпадық. Ал «елдің бәрі 245 мың теңге жалақы ала ма?» деген бөлек сауал. Риэлтор Азамат Ескендіров үй бағасының өсуіне жалпы елдегі қымбатшылықтың әсері болғанын жасырмайды.– Жазда қымбаттады, одан кейін пәтер жалдау ақысы түскен жоқ. Үй бағасының күрт өсуіне нарықта сұраныстың артқаны, қалаға ағылған адамдардың көптігі әсер етті. Нарықтағы әдепкі құбылыс: үйге сұраныс артқан сайын баға да еселенеді. Елдегі өмір сүру деңгейі жоғарылағаны туралы ақпарат та (шындығында керісінше) белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Пәтер иелері «мына пәтерді жалға беруші осындай баға деп көрсеткен екен, мен де өсіремін» деп бағаны негізсіз көтеріп отыр деп ойламаймын. Жүргізілген жөндеу жұмыстарына, жиһаздардың бағасына үйді жалға беру бағасы сәйкес келеді. Шығынды ақтауы керек. Сонымен бірге құрылыс материалдарының бағасы көтерілген, – дейді ол.Алайда азаматтар қымбат пәтердің барлығы бағасына сай емес екенін жиі айтады. Әсіресе, бір бөлмелі пәтерлерге белгіленген бағалар асыра сілтеудің кебі тәрізді. Рас, биыл аяқ астынан оқу форматы дәстүрлі түрге ауысты. Ауылында жатқан студенттің бәрі қала жағалады. Бұл әдет бұрыннан бар еді. Алайда осы жолғысының жөні тіпті бөлек. Оны сарапшылар да мойындаған. Енді кімді кінәлаймыз?
Жүгенсізге заң керек
Жылжымайтын мүлік нарығында риэлтор мәселесі толықтай шешімін таппаған. Пәтер шола қалсаңыз, риэлторлардан көз сүрінеді. Алаяқтары қаншама? Пәтерақы өсті екен деп олардың да қызмет ақысы өсіп кетті. Қазақстанда риэлтор қызметі 90-жылдары жұрт делдалдықты меңгере бастаған тұста келген. Қазір 430-ға жуық жылжымайтын мүлік агенттігі бар. Риэлтор қызметінің құны нарықта кемі 30-40 мың теңге сұрап тұр. Бір қызығы, осылай кәсіп еткендерге арналған заң жоқ. Содан кейін салада бассыздық неге көбеймесін? Заңгер Айсана Сман бұл мәселенің Парламент қабырғасында да сөз болуы қажет екенін жеткізіп отыр.– Халықаралық тәжірибе бойынша, жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру риэлтор арқылы жүзеге асады. Себебі ол – маман, оның сертификаты, лицензиясы болады, соған сай оның жауапкершілігі бар. Келісімшартта жазылған талаптардың бәрін орындауға міндетті. Құқықтың қызметі қоғамдық қарым-қатынастарды реттеу. Нарық жағдайына байланысты мүлікке қатысты түрлі қызмет кәсіпкерлікке айналды. Сатсаңыз да, жалға берсеңіз де кәсіби қызметкерге жүгінесіз. Оның бәрі заң арқылы құқықпен реттелуі тиіс. Елде тап осы риэлторларға қатысты норма жоқ. Ол кәсіптік жұмыс, мемлекетке салық төлеп, қызметін заңдастыруы қажет. Әйтпесе, алаяқ па, қайдан білесіз? Риэлторға жүгінем деп сан соғып қалғандар көп. Мәселе бойынша Парламентте үн қатса жөн. Тұрғын үй нарығына байланысты заңнамалар бар, бірақ риэлторларға байланысты норма таппайсыз. Риэлтор ақысын алып, бір жақтың мүддесін қорғайды. Сол үшін жалға алушы жүгінсе, өзі үй тауып, құжаттарын реттеп, процесті заң тұрғысынан дұрыс атқарғаны абзал. Ал бізде олай емес, ақысын алады, жарнамада тұрған үйдің сілтемесін сізге жіберіп, қарап отырады. Көбіне жұмыссыздар риэлторлықпен айналысып кететінін байқадық, – деді заңгер.Расында, риэлтор қызметі кәсіпкерлікке жатады. Сондықтан онымен айналысқан жан міндетті түрде жеке кәсіпкер немесе ЖШС ретінде мемлекеттік тіркеуден өткені жөн. Яғни, қатынастар азаматтық-құқықтық заңнамалық актілерге, Ата Заң, Азаматтық, Салық кодексі және Заңды тұлғаларды тіркеу туралы заңға сәйкес реттеледі. Риэлторлардың қызметі туралы заң қабылданса, жылжымайтын мүлік агенттігі мен тұтынушыларды қорғай алатын еді. Нарықтан ел бюджетіне түсетін салықтың көлемі артады. Сонда ғана жылжымайтын мүлікке қатысты барлық операция агенттік арқылы жүргізіледі де, нотариус деңгейіндегі құқыққа ие болған риэлторлар келісімшарт үшін барлық жауапкершілікті өзі алған болар еді.
– Риэлторлардың жұмыс тәртібі өзгергені рас, яғни төленетін ақшаның белгілі бір бөлігін алдын ала беру керек. Себебі қазір келісіп алып, артынан жоқ болып кететін адамдар көбейді. Мұндай жағдайда істеген жұмысың зая кетеді. Ал алдын ала ақша төленсе, клиент те, риэлтор да сенімді болады. Рас, риэлторлар арасында да алдап кететіндер көп. Депозит деген дүниені риэлторлар емес, үй иелері шығарған, – дейді азамат.Заңсыз риэлторлардың негізгі құрбандары – жастар мен тәжірибесіз адамдар екен. Көбіне шартты жөндеп оқымайды. Біз риэлторлар жайлы заңды неге қажет еттік? Себебі қазір жалға алушы риэлторларға, риэлтор жалға алушыға, соңында үй иелері бұларға сенбейді. Ал қызмет заңмен реттелген жағдайда біраз мәселенің алдын алар едік. Қызметін бұлдағандар бассыздыққа бармас еді. Одан бөлек, пәтерақы бағасы енді арзандамайтын тәрізді. Екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда елімізде жаңа үйлердің құрылысы 33 пайызға артқаны айғақ. Енді жалға алудың өзінен жалпақ мәселе шығарып алдық.