Райыңнан қайт, риэлтор!
Райыңнан қайт, риэлтор!

Қазақстанда бір ғана қыз­меті үшін бірнеше миллион теңге ақы алатын мамандық иелері бар. Бірақ әңгіме бро­керлер не заңгерлер туралы емес, риэлторлар туралы. Бұл кәсіп өкілдері үй сату­шы­дан да, сатып алушыдан да ақы алады. Құзырлы орган­дарға риэлторлар ісіне қа­тыс­ты көп шағым түседі. Са­рап­шылар бұлардың қызме­тін реттейтін жеке заң қабыл­дауды ұсынып отыр. Әйтпесе, олар баспана бағасын қым­баттатуға үлес қосуда.

Қара риэлтордың қарекеті де қарау

Риэлторлық қызметтің бір ұшы қылмыспен ұштасып жат­қаны жасырын емес. Ондайларды «қара риэлтор» деп атайды. Аза­маттардың үйін арзанға не тегін алу үшін бұл қаскүнемдер психо­троптық заттарды қолданудан арланбайды. Сондай-ақ азаматтар атына несие ашып, борышы үшін үйін тартып алу схемасы да пай­даланылады екен. Биыл жыл басында Алматыда қайтыс болған және өз әрекетіне жауап беруге қабілетсіз жарымжан жандардың баспанасын тартып алып, миллиондап пайда тапқан қылмыстық топ анықталды. Бір жыл ішінде олар алты пәтерді заң­сыз қолға түсірген. Құқық қорғау қызметкерлері жолын кеспегенде бұл сан әлдеқайда көп болуы мүм­кін еді. Топқа 49 жастағы полиция под­полковнигі жетекшілік еткені белгілі болды. Ол Алматының Кри­ми­налды полиция басқарма­сының ерекше маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі болып қызмет ат­қар­ған. БАҚ хабарлауынша, басты мегаполисіміздегі қылмыстық ахуал жөніндегі жедел баян­да­­ма­ларға, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдардың ақ­параттық базаларына қол жет­кізе алған полицей мұрагері жоқ жал­ғызбасты азаматтар туралы мәлі­меттерді іздеумен айналысқан. Бұл деректерді полиция офицері таныс риэлторына – 55 жастағы алматы­лық әйелге беріп отырған. Мәселен, ол көп жыл қамқор­лық жасап келген анасынан айы­рылып, жалғыз қалған шизофре­ниямен ауыратын мүгедекке, күн сайын тегін арақ жеткізіп, маскүнем еткен. Соңынан сеніміне кіріп, баспа­насының кілтін, бар­лық құжатын қолға түсірген және кейін сату үшін оны өз атына көшіріп алған. Осы арқылы бір ғана зардап ше­гушіге 4,4 миллион теңгеден астам сомаға шығын келтірді. Сондай-ақ мұндай зә­лім риэлторлардан пәтер сатып алған өзге адал адам­дар да алданып, сан соғады, мол қаража­тынан айырылады. Әрине, риэлторлық қызметпен айналысатын мамандардың басым көпшілігі қылмысқа бармайды. Алайда соның өзінде қарекеті заң­сыздық пен бассыздыққа көбірек ұқсайды. Қарағандылық Марат Қосшиев бұлармен бірге жұмыс істеймін деп проблемаға жолық­­қанын жеткізді. Ол басқа қалаға көшетіндіктен, Қарағандыдағы баспанасын сатпаққа ниеттенеді. «Содан «Срочно куплю квар­тиру в вашем доме!» деген хабар­ландыруды байқап, көрсетілген телефонға хабарластым. Үй іздеген біреу болар дегенмін. Риэлтор бо­лып шықты: «Сіз қалаған бағаға тез сатып беремін» деп асты-үстіме түсті. Хабарландыру бермеуімді сұрады. «Жарайды» деп келісе сал­дым. Келісімшарт бекіттік. Арада біраз уақыт өтті. Лайықты клиент тауып бере алмады. Амал­сыз қол­ды бір сілтеп, өз бетіммен іздеп, сатып алушыны таптым. Үй өтіп кеткенде, риэлтор есік қағып, жаңа қожайынды қорқытыпты. Сон­дағы айтатыны, бұл пәтер оның базасында тұр, иесімен келісім бе­­­кітілген, сондықтан сатып алу­шы оның қызмет ақысын төлеуге міндетті. Әйтпесе, таныс ЖСО-ларын салып, баспананы тартып алатынын мәлімдеп, доқ көрсет­кен. Маған да әртүрлі нөмірден қоңырау соғып, мазалап жүр», – дейді М.Қосшиев.

Ештеңеге жауап бермейтін мамандық

Мемлекет коллекторлардың және жеке сот орындаушыларының қызметін біршама реттеді. Оларға өзге нөмірлерден телефон соғуға, борышкердің туысқандары мен таныстарын мазалауға, демалыс және мереке күндері кездесуге шақыруға тыйым салынған. Риэл­торлардың мінез-құлық, жүріс-тұрысы бұлай реттелмей тұр. Елордалық Әсет те осы кәсіп иелерінің алдауына түскенін ай­тады. Сүйікті қызы екеуі жеке үй жалдап тұруға бел буады. Сайт­тардың бірінен қалаған жерден пәтер табады. Оны жылжымайтын мүлік агенттігі жалға береді екен. Оның өкілі баспана қожайынымен жүздестірген. «Жұмысқа жақын, Жеңіс кө­шесіндегі тұрғын үйде орналасқан пәтерді көрдік, ұнаттық. Иесі кексе әйел екен, өзара телефон нө­мірін алмасып, ертесіне, сенбі күні көшіп келуге уағдаластық. Себебі ол күні жұмыстан сұранып барған болатынбыз. Риэлторға қызметі үшін ақысын төлеп, бейбіт тарастық. Бір сағат өтпей жатып, үй қожайыны хабарласып тұр: біз кеткесін ойласа келе, аренда құ­нын азсыныпты. Тағы 10 мың теңге қосуды сұрайды. 26 жастағы риэлторымызға телефон шалып, жағдайды баяндадым, мәмі­лелес­­кендіктен, жалдау ақысын өсіргені дұрыс емесін ескерттім. Ол ештеңе істей алмайтынын мәлім­­деп, телефонын өшіре салды. Артынша үй иесі басқа адамға жалға беріп жібергенін жеткізді. Осыдан кейін риэлтор өзге пәтерлердің дерегін WhatsApp арқылы қаптатып лақ­тыра бастады. Жұмыстан сұранып, оның бәрін аралап жүруге уақыт жоқ. Ақыры пәтер де қолға тимеді, риэлтордан да ақымызды қайтара алмадық» деп ренжиді Әсет. риэлтор Тұтынушыларды осы сала қыз­меткерлерінің сауатсыздығы, жал­қаулығы, біліксіздігі ашындырады. Кәсіпкер Жарас Омарханов Алма­тыдағы көпбөлмелі пәтерін жалға бермек болады. «Тендер ұтып алып, басқа қа­лада тұрақты жұмыс істейтін бол­дық. Таныстар ұсынған жылжы­­майтын мүлік агенттігінен риэлтор шақырдым. «Маған ай сайынғы ақыны адал төлейтін, үйді бүлдір­мей ұстайтын отбасы керек. Гас­тарбайтерлерді, жеңіл жүрісті қыз­­дар­ды маған бағыттамаңыз. Сіздер клиенттердің ішінен пара­сатты, келісті, табысты дегендерін іріктеп жіберіңіздер!» деймін ғой өз талабымды нақтылап. Риэлтор бас шайқайды: «Біз олай ірікте­мейміз, ағасы! Кім пәтеріңізді жал­ға алуға тілек білдірсе, соның бәрін әкелемін. Олай таңдап отырсақ, бұл ғасырда клиент тап­паймыз», – дейді. Егер қалаған адамның бәрі келіп көре берсе, үйім базарға айналып кетпей ме? Сонда агенттіктің көрсететін қызметі қандай?» деп ашуланады кәсіпкер.

Саланы реттейтін заң керек

Қоғам белсендісі Кенжегүл Таласбаева осы саланы реттеуді сұрап, Үкімет мүшелеріне жүгінді. «Жылжымайтын мүлкін сат­қысы келетін адамдар «Этажи», «Крыша», OLX, «Маркет» және бас­қа сайттарда хабарландыру орналастырады. Риэлторлар осы сайттарды жағалайды. Яғни, сайттарда онсыз да тегін орна­лас­тырылған хабарландыруларды сатып алушыларға ақыға сатып, делдалдық қызмет көрсетеді. Қазір риэлторлар қызметі заңнамада толыққанды реттелмеген. Олар Аза­маттық және Кәсіпкерлік ко­дексті басшылыққа алады. Сал­дарынан еліміздің әр өңірінде риэлторлық қызметтер құны, тарифі әртүрлі болып келеді. Бір­қатар қалада риэлторлар сату­шыдан да, сатып алушыдан да ақы алады. Сонымен бірге риэлторлар жылжымайтын мүлікті қайта рә­сімдеуде көмек көрсетпейді. Үй сатыла салысымен, ақысын алып, тайып тұрады. Баспананы көр­сеткеннен басқа ештеңе іс­темейді. Сонда бұларға тұты­нушылар не үшін ақы төлейді деген сауал туады», – деді ол. К.Таласбаева Үкіметке бі­рін­шіден, «Риэлторлық қызмет ту­ралы» жеке заң қабылдауды ұсынды. Мысалы, Өзбекстанда, Ресейде осындай бөлек заңдар бар. Екіншіден, нотариус, ЖСО-лар секілді риэлторлар қызметінің де бірыңғай тарифін не шекті межесін бекіту қажет. Бұл ретте оларды тек бір тараптан ақы алуға міндеттеген жөн. Үшіншіден, барлық жылжы­майтын мүлік агенттігіне, риэл­торларға жаппай тексеріс жүргізіп, тіркеуге алу керек. Төртіншіден, сала мамандарының қатарын «қара риэлторлардан», біліксіз, тентек, жалақор адамдардан та­зарт­қан маңызды. Бесіншіден, риэлтор­ларды лицензиялаған абзал. Тиі­­сінше, егер заң бұзса, қылмысқа барса, лицензиясынан айырылады. Бұл мәселеге орай тұрғын үй саласына жауап беретін мемор­ган – Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі түсі­ніктеме берді. «Бүгінде риэлторлық қыз­мет­тер нарығы заң жүзінде реттел­мейді. Бұл қызметтер өзін-өзі рет­­тейтін салаға жатады. Риэл­торлық қызметтер секторында қа­­­­­­­­тысушылар арасындағы қарым-қатынастар өзара бекіткен келісім аясында реттеледі. Демек, Аза­маттық кодекске сай, азаматтық-құқықтық жауапкершілікке соқ­тырады. Әйткенмен, бұл мәселе бойынша құзырлы меморган – Сауда және интеграция министр­лігіне жүгінген жөн» деп түсіндірді ИИДМ. Сауда және интеграция ми­нистрі Бақыт Сұлтанов риэлторлар қызметін реттеу өз министрлігінің құзырына кірмейтінін мәлім етті. «Риэлторлық қызметтер мем­лекет тарапынан мүлдем рет­­тел­мейді деуге болмайды. Рас, оларға арналған жеке заң жоқ, олардың қызметі басқа заң мен заңнамалық актілерде қамтылған: Кә­сіпкерлік, Азаматтық, Салық кодекстері, «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Жыл­жымайтын мүлікке құ­қықтарды мемлекеттік тіркеу туралы», «Жар­нама туралы» заң­дары риэл­торлық қызметті белгілі бір шамада рет­тейді. Яғни, заңдар бар. Заңнамада жазылмаған жал­­ғыз нәрсе – риэл­торлар алатын комиссия мөл­шері. Бірақ ко­­миссия сомасын уағдала­­сушылар өзара келісіп, белгілей алады», – деді министр ресми блогында. Мамандардың мәліметінше, риэлторлар қымбат пәтерлер мен коттедждерді өткізсе, сату құны­ның 1-2%-ы көлемінде комиссия алады. Сала мамандарының фору­мында алматылық риэлтор Медеу ауданындағы элиталы 1 пәтерді сатудан 4 миллион теңге­ден астам пайда тапқанына мақтанады. Ар­занқол пәтерлер мен үйлер үшін риэлторлар 400 мың теңге сұрауы мүмкін. Ал аренда саласында тариф тұрғын үйдің мәртебесіне бай­ланысты: бюджеттік баспаналар үшін риэлтордың қызметі – жалдау ақысының шамамен 20%-ын құ­райды. Сән-салтанатты тұрғын үй­лерде бұл делдалдың комиссиясы ай сайынғы жалдау құнының 30–100%-ына дейін жетуі мүмкін. Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан мен Алматыда риэлтор қызметінің ақысын екі жақ та төлейді. Делдалға жүгінбей-ақ, өз бе­тінше үй іздейтіндер бар. Дегенмен ол үшін адамның қолы бос, уақыты көп, әрі астында көлігі болуы ке­рек. Оның үстіне сатып алушы өзге өңірден келсе, бөтен қаладағы жағдайдан хабарсыз болуы мүмкін, сол себепті жергілікті жыл­жы­майтын мүлік маманының ақы­лына жүгінуге мәжбүр. Сал­да­рынан кикілжің туады, онсыз да шарықтаған баспана бағасы тіпті көтеріледі. Мысалы, Өзбекстанда арнайы заңға сәйкес, осы делдалдар қыз­меті лицензияланады. Бұл қыз­метпен айналысу үшін маман «риэлтордың біліктілік сертифи­катына» ие болуы шарт. Бұған қоса, әр риэлтор азаматтық жауап­кершілігін сақтандырып, полис алуға міндетті. Нәтижесінде, егер ол тараптардың біріне материалдық шығын келтірсе, лицензиясынан айырылады, ал залалын сақтан­дыру компаниясы өтейді. Бәрін нарықтың реттеуіне жі­берген дамыған, көп алға озған елдерге жалтаңдай бермей, кейде іргедегі елдің ілкімді, ізгі үлгісін өзі­мізге қабылдаған да дұрыс-ау. Риэлторларға ынсап-қанағатқа мойынсұнып, тарифін түсіргені маңызды. Сонда лицензиялау қаупі төнбейді, өзін-өзі реттеу ая­сында қалады.

Айхан ШӘРІП