Құрылыстағы заңсыздықтар

Құрылыстағы заңсыздықтар

Көкшетауда заңсыз салынған құ­рылыстар жауыннан кейінгі саңырау­құлақтай көбейе бастады. Компаниялар көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар құрылысын еш рұқсат құжатынсыз мемлекеттік органдарға ескертпестен бастап кететін болған. Ал мұндай құрылыс­тарда жұмыс істейтін адамдар үшін қарапайым қауіпсіздік ережелері де сақтала бермейтіні байқалып тұр. Жуырда ғана 9 қараша күні «Комфорт Строй-2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан 9 қабатты үйден 55 жастағы тас қалаушы Жеңіс Шайкенов құлап кетіп,  бірден жантәсілім етті. Оқиға орнына дереу жеткен жедел тергеу тобы аталған фактіге сәйкес қылмыстық іс қозғаған. «Көкшетау қалалық Полиция басқар­масына көпқабатты құрылыс нысандары­ның бірінің тоғызыншы қабатынан 55 жастағы жұмысшының құлап кеткені туралы телефон хабарламасы түскен. Сот медициналық сараптамасының қорытын­дысына сәйкес құрылысшының өліміне «Диффузиялық бас жарақаты, жамбас сүйектерінің  жарақаттары» себеп болған. Полиция қылмыстық кодекстің 277-бабының 2-тармағы «Құрылыс жұмыс­­тарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ере­жесінің бұзылуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын басталды», – деді Ақ­мола облысы Полиция депар­таментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Ал кейін құрылысты салушы компания басшылығымен тілдесу барысында олар­дың жауапкершіліктен оңай сытылып кетуі мүмкін екені анық байқалды. «Комфорт Строй-2020» компаниясы басшысының орынбасары Вячеслав Лашевичтің айтуынша, олар құрылысты салуға бас мердігер етіп PROLOG SISTEM жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жалдаған. Ал олар өз кезегінде құрылыс салуды жеке кәсіпкер «Ахметов С.А.» бригидасына тапсырып, суб мердігерлікке берген. Қайтыс болған Жеңіс Шайкенов дәл осы соңғы жеке кәсіпкердің қарамағында жұмыс істеген болып шықты. «Үйдің лифт шахтасының кірпішін қалап жатқан тас қалаушы Жеңіс Шайкенов 9 қабат үйдің биіктігінен құлап мерт болды. Еңбек инспекциясының басшысы Амангелді Смаиловтың бұйрығымен арнайы тексеріс жасалып, оның құрамына мемлекеттік еңбек инспекторы Бекішев кірген арнайы тергеу басталды. Тергеу аяқталғаннан кейін материалдар Полиция басқармасына процесусалды шешім қабылдау үшін жолданатын болады», – дейді еңбек жөніндегі инспекцияның бөлім басшысы Гүлден Саутова. Құрылыс басында қаза тапқан тас қалаушының топырағы кеппей жатып 30 қараша күні тағы бір құрылысшы жұмыс үстінде шатыр төбесінен бесінші қабатқа құлап кетті. Бас ми сүйегінің жарақаты мен сол жақ қабырғасы сынған жігіт қазір облыстық ауруханада жатыр.  Полиция бұл жолы да құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережесінің сақталмағанын алға тартты. «Жедел тергеу тобы  бес қабатты салынып жатқан үйдің шатырынан 34 жастағы құрылысшы ер адамның бесінші қабатқа құлап кеткенін анықтады. Қазір аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 156-бабының 1-тармағы «Ең­бекті қорғау ережесінің бұзылуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», – дейді Ақмола облысы Полиция де­партаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Тоғызыншы қабаттан құлап қаза тапқан ер адам аман қалуы да мүмкін еді. Тергеу барысында жоғарыдағы «Комфорт Строй – 2020» компаниясы құрылысты ешқандай рұқсат құжаттарынсыз бас­тағаны белгілі болған. Тіпті, үй құрылысы үшін көшеден өз еркімен тұрғын үй үшін шұң­қыр қазып тастаған. Дөңгелек үстел кезінде «Комфорт-Строй–2020» заңгері құры­лыс заңнамасын онша түсінбегенін айтып ақталмақ болған. Ал бұл компания бұған дейін де бірнеше көпқабатты тұрғын үй­лерді салып тастаған. Қала тұрғындары осыған дейін құрылыс аумағындағы мұнаралы кран орнатылуына да қарсы болып, шу шығарған. Олар жеке тұрғын үйлердің қасына үй салуға құрылыс компаниясының рұқсат құжаттары бар екеніне күмән­данатынын айтқан. Тіпті, оқыс жағдай болса мұнаралы кранның үйлерге, адам­дарға құлап кету мүмкін­дігі­нен де қауіп­тенген. Ал құрылыс басшылығы тек «Ме­нің аумағымда не істесем де өзім білемін» деген жауап қана еститінін айтады. Ал облыстық сәулет және қала құры­лысы басқармасы «Комфорт Строй –2020» компаниясы шағын бизнес субъектісі бол­ғандықтан оларды тексеруге мораторий жарияланғандықтан еш бақы­лау жасай алмайтынын жеткізді. «Комфорт Строй – 2020» компаниясы шағын кәсіпкерлік субъектісіне жатады. Ал елімізде оларды тексеруге мүлдем мораторий жарияланған. Сондықтан біздің оларды бақылауға алуға еш құқымыз жоқ. Компанияның Островский көшесі 33 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Тексеріс барысында сәулет және қала құрылысы саласында заң­бұзушылық фактілері анықталды. Тексеріс нәтижелері бойынша құрылыс жұмыс­тарын тоқтатып, заңбұзушылық­тарды жоюға нұсқау берілді. Сонымен қатар құрылыс салушыға шешім қабылдау үшін басқармаға келу туралы хабарлама табыс етілген », – дейді  мемлекеттік Сәулет және құрылыс бақылау басқарма­сының бас маманы Рауан Шаймерденов.

P.S.

Облыс орталығында осыған дейін де балалардың футбол алаңын бұзып, орнына құрылыс салу бойынша үлкен дау туын­даған. Тұрғындардың жергілікті билікке бірнеше мәрте шағымдануымен әзірге тоқтаған. Дегенмен заңсыз құрылыс салушылар айылын жиятын түрі көрінбейді. Тіпті, жағдай құрылыс басындағы жұмыс­шылардың өлімі мен денсаулығына ауыр зиян келтірілгені де кедергі бола алмайтын сияқты. 

Ақмола облысы