Қазақта «көрші ақысы – Тәңір хақысы» дейтін аталы сөз бар. Ал көршің түбі бір туысың болса, бұл ұғымның мәні тіптен тереңдей түседі. Қазақстан көршілерінің бірі – Өзбекстан Республикасы. Желтоқсанның 5-і күні Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Мәртебелі мейманды әуежайдан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алды. Әдетте жоғары лауазымды тұлғаларды күтіп алудың арнайы хаттамасы болады. Онда қонақты Президенттің өзі күтіп алуына шектеу жоқ. Ал мейманды Мемлекет басшысының қарсы алуы қонаққа деген айрықша ықыластың белгісі саналатыны бар. Демек, Қазақстан сыртқы саясатында Өзбекстанның орны айрықша деген сөз. Әу баста айтқанымыздай, Өзбекстан –Қазақстанның көршісі, ал өзбек халқы қазақпен тамырлас, түбі бір түркіден тараған туыс ұлт. Содан да болса Шавкат Мирзиёевтің сапарына Қазақстан тарапы айрықша мән берді.
Серіктестіктен одақтастыққа қадам бастық
Мәртебелі мейманға арналған салтанатты іс-шарадан кейін Ақорданың Шығыс залында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын құрамда келіссөз өткізді. Қазақстан мен Өзбекстан басшылары екіжақты стратегиялық серіктестіктің кең ауқымды мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде екі елдің қарым-қатынасы стратегиялық серіктестіктен одақтастық қатынас қағидаларына өтетінін айтты. Сөйтіп, өзара байланыстардың жаңа деңгейге көтерілетінін атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде екі мемлекеттің рөлі орасан зор екенін атап өтті. Тіпті, Қазақстан мен Өзбекстанды Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі деп бағалауға да болады. – Елдеріміз арасындағы одақтастық, стратегиялық қарым-қатынастар – Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы. Бұл ешқандай артық айтқандық емес. Екі ел арасындағы байланыстар қаншалықты тығыз болса, біздің маңызды аймақтағы ахуал да соншалықты тұрақты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өзбекстан басшысы Қазақстан Президентінің басшылығымен еліміздің жеткен жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол екіжақты қатынастардың дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлес қосқанын атап өтті. Өзбекстан Президенті өзінің мемлекеттік сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанының символдық мәні бар екенін айтты. Ол екі ел халықтарының арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынастар мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға зор септігін тигізетініне сенім білдірді. Сондай-ақ екі ел үкіметтерінің осы сапар қарсаңында атқарған нәтижелі жұмыстарын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын құрамда өткен мазмұнды кездесуден кейін екі елдің ресми делегациялары мүшелерінің қатысуымен келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды. Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік салалары бойынша кооперацияны дамыту мәселелеріне баса мән берді. Сондай-ақ су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастық мәселесі талқыланды.Ондаған құжатқа қол қойылды
Өзбекстан Президентінің мемлекеттік сапары қос елдің арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеретін, одақтастық қатынастарға бастайтын көптеген құжатқа қол қоюымен де ерекшеленді. Ресми деректерге қарағанда, екіжақты 16 құжатқа қол қойылған. Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық байланыстар туралы Декларацияға қол қойды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жазаcын одан әрі өтеу үшін беру туралы шарт,Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық бойынша келісім, Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы қазақ-өзбек кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісім, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2022-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын құру туралы тұжырымдама, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын құру туралы бірлескен жоспар, Жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы меморандум сияқты құжаттар бар.Тауар айналымы көлемі 3,2 млрд доллардан асты
Жалпы, қол қойылған құжаттардың мазмұнына назар аударсақ, өзара байланыстардың кешенді екенін байқаймыз. Әрі Нұр-Сұлтан мен Ташкент өңірдегі рөлдерін ұтымды пайдалануға ұмтылғаны көрініп тұр. Тіпті, Қазақстанның Өзбекстанмен арадағы сауда айналымы Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда айналымынан асып түсуі мүмкін екен. Мәселен, 2020 жылы Түркия мен Қазақстанның сауда айналымы 3 млрд доллар шамасында болса, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы биылғы 10 айдың өзінде 30 пайызға өсіп, 3,2 миллиард доллардан асты. Меже – 10 млрд доллар. Екі елдің арасындағы сауда айналымының қазіргі қарқынына қарағанда бұл межеге жету мүмкін тәрізді. Өйткені көрші мемлекеттер қарым-қатынасының өзіндік артықшылықтары да бар. Бірінші кезекте бір аймақта орналасқан, ортақ шекарасы бар. Екіншіден, бір жүйеде болғандықтан, бұқараның таным-түсінігінде де ұқсастық кездеседі. Үшіншіден, бұрыннан қалған өнеркәсіптік байланыстардың азды-көпті жұрнағы сақталған. Сондықтан үміт басым. Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев журналистерге арналған брифинг те өткізді. Екіжақты байланыстардың түрлі қырын айта келе Қ.Тоқаев трансшекаралық өзендер мәселесін де қарастырғанын айтты. – Аймақтағы және әлемдегі су шаруашылығының жағдайы туралы көңіл көншітпейтін болжамдар жасалып жатқанда, біз Шавкат Миромонович екеуміз жағымсыз сценарийлерді болдырмау үшін батыл шаралар қабылдау қажет деген ортақ пікірге келдік. Су шаруашылығы мәселесінің аса маңызды екенін ескере отырып, біз келіссөздер үдерісін Премьер-Министрлер деңгейіне көтеруіміз керек. Сондай-ақ жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді қолдану саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін қарастырдық. Қазақстан осы бағыттарда тәжірибе алмасуға және кооперацияны дамытуға дайын екенін білдірді. Өзбек достарымызды Қазақстанның озық өнімдерін, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының кең мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамыз, – деді Қазақстан Президенті. Одан бөлек, Өзбекстан Президентінің сапары барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселесі де қозғалған. Айталық, Мемлекет басшысы Қазақстанның астанасында ұлы ақын Әлішер Науаиға ескерткіш орнату туралы шешім қабылдағанын айтты. Екі елдің зиялы қауым өкілдерінің шығармашылық форумын тұрақты түрде өткізу туралы да бастама көтерілді. Сонымен қатар университетаралық ынтымақтастықты жандандыру жайы да айтылды. Қазақстан Қожа Ахмет Ясауи стипендиясы бойынша өзбек студенттерін Түркістандағы халықаралық университетке қабылдауға дайын екенін де білдірді. Қысқасы, қалыптасқан мәдени-гуманитарлық, ғылыми байланыстар жалғаса бермек. Осы байланыстардың белгісіндей болып Нұр-Сұлтанда Өзбекстан елшілігінің жаңа ғимараты ашылды. Оның ашылу салтанатына қос мемлекеттің басшылары қатысты.