Бүгінде әлеуетті инвесторларды өзіне қарату үшін халықаралық деңгейде үлкен тартыс жүріп жатыр. Қазақстан осы бәсекеде абыройсыз емес, еліміз инвестициялық тартымдылық бойынша 2020 жылы Doing Business бүкіләлемдік банктің рейтингінде 25-орынға тұрақтады. Бірақ осы шетелдік капитал ел экономикасын дамытуға қаншалық үлес қосып жатыр, міне бар гәп сонда? СІМ Инвестиция жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ерлан Зейнешевтің айтуынша, елдегі саяси және экономикалық тұрақтылық пен Қазақстанның Еуропа мен Азия құрлығы аралығындағы стратегиялық маңызды географиялық ендікте орналасуы инвесторлар үшін тартымды фактор болды. Одан бөлек, жерімізде табиғи байлықтың көптігі мен салыстырмалы түрде арзан еңбек күші шетелдік бизнес алпауыттарының қызығушылығын арттыра түскен. Сөйте тұра, инвесторлардың нарықтан кетіп жатқанын да жоққа шығаруға болмас. – Иә, елімізде инвесторлардың кейде түрлі қиындыққа ұшырайтыны жасырын емес. Оған инфрақұрылым жетілуінің нашарлығын, кедендік және салықтық әкімдеу проблемаларын жатқызуға болады. Сондай-ақ шетелдіктердің визалық және көш-қон процестеріне қатысты мәселелер де жиі туындап тұрады. Осы кедергілердің алдын алу бағыттарында жұмыс істеп жатырмыз,– дейді Ерлан Зейнешев.
Инвестициялық имиджді көтеру маңызды
Тәуелсіздік жылдарында елімізге әлемнің 120-дан астам елінен 350 миллиард долларға жуық шетелдік тікелей инвестиция құйылды. Кейінгі бес жыл бойы инвестиция көлемі орта есеппен 21,3 млрд доллардан айналған. Тек былтыр пандемияға байланысты оның көлемі бірден 30 пайызға құлап кетті. Дегенмен биылғы бірінші жартыжылдықта 11,1 млрд доллар инвестиция түсті. Үкімет мұны инвестициялық ахуалдың жақсара бастағанымен түсіндіреді, бірақ елдің экономикалық жағдайы шынымен де түзеліп келе ме? Біз әдетте Орталық Азияға келетін барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызы Қазақстанға тиесілі деп мақтануға құмармыз, бірақ осы инвестицияның қаншасы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға, жаңадан жұмыс орындарын ашуға жаратылды? Міне, мәселенің осы жағына келгенде еріксіз күмілжиміз. Оның қомақты бөлігі тау-кен секторында шөгіп қалатынын ескере бермейміз. Яғни, шетелдік инвестиция негізінен отандық өндірісті дамытуға емес, жер қойнауынан шикізат көзін алуға бағытталған. Былтыр 17 миллиард доллар шетелдік тікелей инвестиция түскен. Бұл бір қарағанда көп ақша сияқты. Алайда оның жартысына жуығы 8,2 миллиард доллар тау-кен секторына салынған, оның ішінде негізінен мұнай, газ және металл кендері өндірісіне бағытталған. Инвестицияның қалған бөлігі: сауда саласына – 2,5 миллиард доллар, қаржы саласына – 1 миллиард доллар, құбыр жүйесіне – 900 миллион доллар. Өңдеу өнеркәсібіне 3,2 миллиард доллар түскен, бірақ оның қомақты бөлігі, 2,5 миллиард металлургияға ауысқан. Өнеркәсіптің басқа барлық саласына шамамен 700 миллион доллар пышақ үстінен үлестіріліп берілген. Ал ауылшаруашылық саласына небәрі 12 миллион доллар инвестиция бұйырыпты. Әлбетте, пандемияға байланысты 2020 жылы елде жалпы инвестиция көлемі құлағаны түсінікті, сондай-ақ 2019 жылы ауыл шаруашылығына тартылған инвестицияның үлесі – 0,06%-ды, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі металлургияны санамағанда, 2,8%-ды құраған.Шетелдік капитал шикізаттық емес салаға салынуы тиіс
Қазақстанда шетелден инвестиция тартумен бірнеше ведомство айналысады. Осы бағыттағы іс-шаралардың пәрменін күшейту үшін екі жыл бұрын Инвестиция жөніндегі комитет Сыртқы істер министрлігіне берілді. Үш жыл бұрын «Қазақинвест» компаниясы құрылды, оның басты міндеті – экономиканың басым бағыттағы салаларына инвестиция тарту. Бұл науқанға әкімдіктер де, «Астана» халықаралық қаржы орталығы(АХҚО) да, мемлекеттік холдингтер де түгел жұмылдырылды. Үкімет одан бөлек инвестициялық хаб құру туралы мәлімдеме де жасаған. Бұл механизмдердің бәрі еліміз шетелдік капиталға аса мұқтаж қазіргі шақта дүрілдеп жұмыс істеп тұруы тиіс еді. Бірақ біз күткендей нәтиже болмады. Айта кетерлігі, қоғамда пандемиялық ахуал сауықпай тұрғанда экономиканың жағдайы түзеле қоюы неғайбіл. Ал енді арагідік мұнай бағасының қымбаттауы кірісі кеміген бюджеттің жыртығын уақытша ғана жамауға жарауы мүмкін, бірақ ертең шикізат бағасы кезекті рет құлағанда бәрі бәз баяғы таз қалпына түседі. Сондықтан шетелдік тікелей инвестицияларды өңдеу секторына құюдың маңыздылығы зор. Әлбетте, бұл жағдайда жобаның жоғарғы технологиялармен сүйемелденуі керектігі айтпаса да түсінікті болар.Сутегі мұнайдың орнын басуы мүмкін
БҰҰ Сауда және даму конференциясының (UNCTAD) есебінше, 2020 жылы ғаламдық экономикада тікелей инвестиция көлемі 42%-ға кеміген. Дағдарыс, әсіресе экономикасы ауыспалы елдерге соққы болып тиді, 77%-ға құлдырады. Ұлттық банктің дерегі бойынша, Қазақстанда шетелдік тікелей инвестиция көлемі 29,8%-ға төмендеген. Бүгінге дейін елге келген 350 млрд доллар шетелдік инвестицияның басым бөлігі, яғни 50%-дан астамы – Еуропалық одақ елдеріне тиесілі: Нидерланд – 90,4 миллиард, Швейцариядан – 25,8 миллиард, Франция – 16,1 миллиард, Италия – 8,7 миллиард, Бельгия – 7,6 миллиард, Германиядан 5,2 миллиард доллар инвестиция салды. Ал Америка Құрама Штаттарынан тікелей шетелдік инвестициялардың 15%-ы, яғни 48,4 миллиард доллар түсті. Сондай-ақ жалпы инвестициялардың 5%-ы Ұлыбритания мен ҚХР мемлекеттеріне тиесілі. Бұл көрсеткіш соңғы он жылдан бері сақталып қалды. Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министр Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Үкімет пандемияға дейін басталған жобалардың тоқтап қалмай, аяғына дейін жүзеге асырылуына күш салған көрінеді. Соның нәтижесінде 2020 жылы шетелдіктердің қатысуымен жалпы сомасы 1,6 млрд доллар болатын 41 инвестициялық жоба іске қосылып, жаңадан 7,1 мың жұмыс орны ашылды. Жыл басынан бері сомасы 665 млн доллар болатын 9 жоба пайдалануға берілген. Сондай-ақ жыл соңына дейін құны 4,4 млрд доллар тұратын 36 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Қазір шетелдік капиталды елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту және өңірлердің рөлін арттыру арқылы күшейтуге басымдылық берілген. Еліміздің өнеркәсіп саясатында әлемдік нарықтың конъюнктурасына тәуелді емес шикізаттық секторды дамытуға басымдылық берілген. Кейінгі кездері шетелдіктер «жасыл» сутегі өндірісіне де көңіл аудара бастаған сыңайлы. Оның бірі – жаңартылатын энергия көздері. Кейінгі 4 жылда бұл секторға 240 млрд теңге (613 млн доллар) шетелдік инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін 470 млн долларға 8 жобаны жүзеге асыру көзделген. Сарапшылардың пікірінше, болашақта сутегі екінші мұнайға айналатын түрі бар. Ал Қазақстанның ұлан-байтақ жер жағдайы, желдің тығыздығы мен күн қызулығы елімізді келешекте сутегі өндіруші ірі мемлекетке айналуына толықтай мүмкіндік береді, тек қолда бар осы мүмкіндіктерді іс қыла алсақ жарады.