Қазақстанда келесі жылы жаңа банктер пайда болуы мүмкін. Қазір олардың қожайындары салаға жауапты орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келіссөз жүргізіп, құрылу шарттарын талқылап жатыр. Егер нарыққа жаңа ойыншылар келсе, шектен тыс монополияланып бара жатқан отандық банк секторы бәсекелестікті дамытуға қарай бетбұрыс жасар ма еді. Сонымен бірге пандемияның банктерге майдай жаққаны байқалады: олардың таза табысының өзі триллион теңгеге жуықтады.
МҚҰ-лардың қауқары қандай?
Алда Қазақстанның банк нарығына бірден бірнеше жаңа ойыншы шығуы мүмкін. Мысалы, екі микроқаржы ұйымы (МҚҰ) – KMF пен Solva банкке трансформациялануға ниетті екенін жариялады. Олар мемлекеттің МҚҰ-лардың банк ретінде қайта ұйымдасуы ережелерінің ақырғы нұсқасының қабылдануын күтіп отыр. «Барлығы трансформациялану шаттарына, сондай-ақ компания акционерлерінің ақырғы шешіміне байланысты болады. Мұндай шешім қабылданса, банкке айналу мерзімі біздің техникалық, қаржылық және ІТ мүмкіндіктерімізге қарай нақтыланады», – деді журналистерге сұхбатында «KMF» МҚҰ басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов. Ал Solva МҚҰ бас директоры Анна Максимова компанияның белсенді түрде ауқымын арттырып жатқанын, банк ретінде қайта құрылу – оның дамуының жаңа қадамы, кезекті сатысы болатынын, әйтсе де бәрі МҚҰ-дан екінші деңгейлі банк мәртебесіне көшу рәсімдері мен талаптарына байланысты екенін жеткізді. Solva (ОнлайнКазФинанс) – IDF Eurasia халықаралық қаржы тобына кіреді. Жалпы, қаржылық реттеушінің дерегінше, республикада шамамен 220 микроқаржы ұйымының лицензиясы бар. Бірақ көбі әрекетсіз тұр. Банктер жиынтықты активтінің ауқымы жөнінен МҚҰ секторынан шамамен 24 есе үлкен. Дегенмен бұл сала да қарқынды дамып келеді. Тұтастай алғанда, ұсақ несие беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың активтері 2021 жылғы қазан айында 1,5 триллион теңгеден асты. Сөйтіп, бір тоқсанда 6%-ға, ал жыл басынан бері 22,4%-ға өсті. Әзірге бұл ұйымдардың активтері банк секторының жиынтық активтерінің 3,7%-ына ғана бара-бар. Соның ішінде активтердің ең көп үлесі микроқаржы ұйымдарына тиесілі: 714,7 миллиард теңге немесе 47,6%. Қалғаны келесідей үлес еншіледі: кредиттік серіктестіктер – 579,5 млрд теңге немесе 38,6%, ломбардтар – 206,6 млрд теңге немесе 13,8%. Ұсақ кредит беретін ұйымдардан халық несиені жиі алады. Себебі банктер ауыл-аймақтағы филиалдарын жауып жатыр. Олардан босаған орынды МҚҰ-лар, кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар басты. Сонымен, 2021 жылдың 3-тоқсанында бұл ұйымдар халық пен бизнеске 1,32 триллион теңге несие берген. Яғни, несиелендіруді бір тоқсанда 7,8%-ға, жыл басынан 27,8%-ға арттырды. Қаржылық реттеу агенттігі бұл сектордың барлық сегментінде жеке тұлғаларға берілген қарыздар өсіп бара жатқанын хабарлады. Бұлардың берген қарызды өндіріп алу көрсеткіші жаман емес: биылғы қазандағы жағдай бойынша микроқаржы беретін ұйымдардың жиынтық портфеліндегі төлеу мерзімі кешіктірілген және жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі тиісінше 10,4% және 4,1%-ды ғана құрады. Салыстыру үшін айтсақ, банктерде биылғы қарашадағы мәлімет бойынша төлемі енгізілмегеніне 90 күннен асып кеткен кредиттердің жалпы портфельдегі үлесі 4% (жыл басында – 6,9% болған). Айта кету керек, ірі МҚҰ-ларға банкке айналуға рұқсат етілетінін биылғы мамырда қаржылық реттеушінің басшысы Мәдина Әбілқасымова жариялаған-тын: оның агенттігі «Микроқаржы қызметі туралы» заңға түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі. Құжат келесі жылы қабылданады деп күтілуде. Онда микроқаржы ұйымдарының банк ретінде қайта құрылуының шарттары мен рәсімдері қарастырылған. Сарапшылар 3-5 МҚҰ банкке айналуы мүмкін деп болжап отыр.Банкке айналғаннан не пайда бар?
Қаржыгер, коуч Дмитрий Булекбаев МҚҰ-лар банкке жаппай айналады деп үміттенбеген жөн дейді. «Бүкіл әлемде қаржылық ұйымдардың бір сегменттен екіншісіне өтуі – қалыпты процесс. Сондықтан көлемі ұлғайған МҚҰ-лар банк секторына ауысуы мүмкін. Бірақ жетістікке жетуі неғайбіл. Қазақстанда банктердің ірілену процесі жүріп жатыр, алпауыттар дәуірі туды. Мысалы, кезінде «Казпромбанк», «Апогей банк», қырғыздың «Энергобанкін», Ресейдің «Сибирь», Тәжікстанның «Сохибкорбанк» секілді қаржылық ұйымдарды қосып алған АТФ банкінің өзі енді жұтылып кетті: 2021 жылғы 6 қыркүйекте толығымен Jysan Bank-ке қосылып, лицензиясын жойды. Басқаларында да солай. Қазір банктер технологиялық компанияларға айналды, төл қаржылық және өзге экожүйелерін түзуде, ІТ-компанияларымен, ритейлмен бірлесіп, электронды коммерцияны дамытуда», – деді сарапшы. Бұл МҚҰ-лардың қолынан келе ме? Келсе, неге бұған дейін соны жасап, атағын шығармады? Қазақстанда банк ашу үшін кем дегенде 200 миллион доллар қажет. Ал микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның жарғылық және меншікті капиталының ең төменгі мөлшері 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 70 млн, ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 100 млн теңге ғана. 2019 жылы сол жаңа талаптар күшіне енгенде МҚҰ-лар осының өзін көпсініп, шу шығарғаны есте. «Кезінде өңірлерге жанталаса өркен жайған банктер бір-екі жылдан бері филиалдық желілерін қарқынды түрде оңтайландырып келеді. Осыған қарап кейбір сарапшы «МҚҰ-лар банкке айналса, ауыл-аймақтағы тұрғындарға қаржылық қызметтер қайта қолжетімді болады» деген пікір білдірді. Бірақ мұндай байламдар ескіріп қалды. Әрине, МҚҰ-лардың қызметі негізінен, ауылдық жерде шоғырланған, клиенттерінің, қарыз алушыларының 70%-ы – ауыл тұрғындары. Бірақ технология дамыған қазіргі заманда қазақстандықтар ауыл түгіл әлемнің кез келген жерінде жүріп онлайн қарыз рәсімдеп, депозит аша алады. Өзге банктік өнімдер белсенді цифрландырылып жатыр», – деді қаржыгер. Жалпы, микроқаржы ұйымдары осы мәртебесін сақтау арқасында дағдарысты кезеңнен шығып келеді. Себебі ел Үкіметі және әкімдіктер МҚҰ-лармен тізе қосып, оларды өңірлерде азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржылай демеу тетігі ретінде пайдаланады. Мембағдарламалар, жаңа ұлттық жобалар да ауыл-аймақта соларға иек артады. Егер МҚҰ банкке айналса, бизнес пен бұқараның депозиттерін тарту, есепшоттар ашып, жүргізу, ақша аударымдары бойынша қызмет көрсету, банктік карталар шығару сияқты банктік операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Бірақ бұдан қаншалықты байып кетері, табысқа жетері белгісіз. Банктердің МҚҰ-лардан тағы бір артықшылығы – банктер өз бетінше халықаралық есепшоттар ашып, халықаралық төлем жүйелерімен тікелей ынтымақтаса, шетелден несие тарта алады. Қалай болғанда да, бүгінде бірқатар ірі МҚҰ қожайындары банк секторына «көшудің» жақсылықтары мен кемшіліктерін таразыға тең тартып, бағамдап жатқанға ұқсайды. Олардың нешеуі банкке трансформацияланатыны Қаржылық реттеу агенттігі әзірлеген заң қабылданған соң белгілі болады.10 банк нарықты жаулап алды
Ал іс басындағы банктер байып жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2021 жылғы қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторының жиынтық активтері 36,01 триллион теңгеге жеткен. Салыстыру үшін айтсақ, бұл Қазақстанның бүкіл республикалық бюджетінен 2,5 есеге көп. 2021 жылдың басынан банктердің жиынтық активтері 16,2%-ға өсті. «Банктердің 12,23 триллион теңгені немесе активтердің 33,9%-ын құрайтын жоғары өтімді активтерінің елеулі қоры бар. Өтімділік қоры банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», – деп сендірді Қаржылық реттеу агенттігі. Дағдарысқа, бизнестің тоқырауына, пандемия жайлағанына қарамастан, банктердің табыстылығы артып келеді: активтерінің рентабельділігі (ROA) 3,15%-ға (былтырғы қарашада – 2,41%), ал капитал рентабельділігі (ROE) – 25,43%-ға (2020 жылы 18,43%) жетті. Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 2021 жылғы қазанда 1,4%-ға ұлғайып, 17,2 триллион теңгені құрады. Көрсеткіш жыл басынан бері 17,6% өсті. Салалық бөліністе банк кредиттерінің барынша көп сомасы өнеркәсіпке – 14,1%, саудаға – 10,9%, құрылысқа – 3,3% және көлікке – 2,6% беріліпті. Халықтың банктерден ипотека алу көлемі биылғы жыл басынан 27,3%-ға ұлғайды және жалпы көлемі 3,02 трлн теңге болды. Азаматтардың тұтынушылық мақсаттарға алған қарыздары жыл басынан 32,8%-ға өсіп, 5,83 трлн теңгеге жетті. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша елде 22 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 14-і немесе 60,9%-ы шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейді (оның 11-і – шетелдік еншілес банк). Отандық банк секторында банктердің ірілену, ал тұрақты, алып қаржы институттарының ары қарай қуаттану үрдісі жалғасты. Қазір небәрі 10 банк бүкіл сектор активтерінің 88,7%-ын иеленеді. 2020 жылы олардың еншісі 83% болатын. Саланың аз ғана банк қолында шектен тыс шоғырлануы экономиканың жоғары қарқынмен дамуына, елдің озық дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына тежеу болуы ғажап емес.