Қаржы нарығында шетелдік банктердің үлесі артты
Қаржы нарығында шетелдік банктердің үлесі артты

Бүгінде ел экономика­сының бағыт-бағдарын анық­тайтын ірі банктердің негізі­нен шет мемлекеттер мен ше­телдік қаржылық топтарға тиесілі болғаны бізді қатты алаңдата бастады. Қазақ­станда мұндай келеңсіздік бір күнде қалыптаса қойған жоқ. Кейінгі 10 жылда отан­дық капиталы бар банктер саны айтарлықтай азайып кетті. Ал керісінше шетелдік банктер көптеген көрсеткіш бойынша үздіктер қатарына шықты.

Қаржы жүйесінің дағдарысы

Бұл сөзсіз ұлттық қаржы жүйе­сінің дағдарысқа ұшырағанын көрсетеді. 10 жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің саны 39-дан 22-ге түсті. Бұл жерде «пышаққа ілін­гендердің» дені қазақстандық банктер екенін айта кеткен жөн. Ал шетелдік банктердің еншілес ұйымдары 2007-2008 жылдардағы қаржы дағдарысынан да, соңғы екі жылдағы пандемияның әлегінен де қатты зардап шеге қойған жоқ. Егер ол кездері ел ішіндегі банк­тердің 25-і қазақстандық акцио­нерлерге, ал 14-і шетелдік құрыл­тай­шыларға тиесілі болса, қазір мемлекеттік Отбасы банк пен ис­ламдық Заман-банкті қоса есеп­тегенде қазақстандық 10 банк, ше­телдік 12 банк жұмыс істеп тұр. Сөйтіп, ішкі нарықта отандық банктерден шетелдік банктердің саны асып түскен(!). Енді қазақ­стандық нарықты ұлттық емес, ресейлік және қытайлық банктер билеп-төстеп алған. Қазақстан БСҰ-ға (Бүкіл­әлемдік сауда ұйымы) кіргелі ше­телдік банктердің жергілікті на­рық­қа қатысуы анағұрлым жеңіл­детілген – олар біздің елде өзде­рінің филиалы арқылы операция­лар жүргізе беретін болды. Оның ұлттық экономика үшін тиімділігі шамалы, кірісі мардымсыз, ал дол­л­ардың басымдылығы үлкен. Егер 10 жыл бұрын активтердің көлемі бойынша алғашқы бестікке тек қазақстандық капиталы бар банктер кіретін болса, қазір ең ірі «Топ-5» кестесі мына ретпен тү­зілген: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Сбербанк» АҚ еншілес банкі (Ресей мемлекетіне тиесілі), Kaspi Bank (Baring Vostok қоры арқылы басқарылатын бірнеше шетелдік құрылтайшыға тиесілі), ForteBank, Банк ЦентрКредит. Бұл жағдайда ашық дереккөз­дерінен белгілі мына жайтты да ескере кеткен жөн: «Қазақстан Ха­лық Банкі» АҚ активі өзінен де көп «Казкоммерцбанк» АҚ-ны «жұтып қойған» болатын, ал ол бұған дейін «БТА Банк» АҚ-мен қосылып қар­жылық әлеуетін зорайтып алған еді. Сөйтіп, «Қазақстан Халық Бан­кі» АҚ барлық қызметтік көрсеткіш бо­йынша (банктік, сақтандыру, ба­ғалы қағаз, лизингтік) қазақ­стан­дық нарықтағы №1 банкке айналды. «10 жыл бұрын қазақстандық жүйеқұраушы банктер активтерінің көлемі мен қызметтік ауқымы анағұрлым үлкен болатын. Олар тіпті шетелдік нарықтарды да қар­қынды жаулай бастаған еді. Ал қазір ішкі нарықтың өзінде бәсекелестік жоқ»,– дейді экономикалық сарап­шы Төлеген Асқаров. Оның үстіне, кейінгі жылдары банк секторына қолдау көрсету үшін мемлекет қазынасынан, со­нымен қатар Ұлттық қордан қыруар қаржы құйылып жатқанына қара­мастан, оның ұлттық экономика­дағы рөлі айтарлықтай төмендеп кетті.

Доллардың ықпалы үлкен

Қаржы нарығын реттеу мен да­мыту агенттігінің дерегі бойынша, биыл бірінші жартыжылдықта банк­тердің жиынтық активі Қазақстан­ның ЖІӨ-сіне шаққанда 46,5%-ды құраған, ал 10 жыл бұрын оның көлемі 52% еді. Банктердің несиелік портфелі 2011 жылы – 22,4%, ал 2021 жылы – 38,8%. Ал клиенттердің салымы бойынша ЖІӨ-ге шаққанда 29,8 %-дан 32,7 %-ға дейін өскен. Жалпы, банк секторындағы жиын­тық активтер­дің – 63,6%-ын, не­сиелік портфе­лінің – 70,2%-ын, клиенттер салы­мының 66,1%-ын ірі 5 банктің үлесі құрайды. Қаржылық реттеушінің дерегіне сүйенсек, өткен 10 жылда банк секторы қызметтерінің табысы едәуір төмендеген. Егер ол жылдары банктердің кіріс салығын төлегенге дейінгі жиынтық активтерге қатысты таза табысы 10,0%-ды құраса, биылғы жартыжылдықта ол 3,5%-ға әрең жетті. «Ұлттық банктің ресми декла­рацияланған долларсыздандыру саясатына қарамастан, банк сек­торының депозиттік базасын­дағы валюталық салымдар ұдайы өсіп келеді. Жартыжылдықта ол 38,4%-ды құраған, ал 10 жыл бұрын дол­лар­лық салымдар 33,2% еді. Егер 2011 жы­лы салымдардың 41,6%-ы заң­ды тұлғаларға, 35,2%-ы жеке тұл­ғаларға тиесілі болса, қазір тиі­сінше 28,6% және 42,4%. Валюта­лық депо­зит­тердің көбеюіне корпо­ративтік клиенттердің үлесі ықпал еткен, ал мұндай салымдарға таға­йындалған сыйақы мөлшерле­месі­нің күрт төмендеп кетуіне байла­нысты ха­лық­тың таңдауы теңгеге түскен»,– дейді Төлеген Асқаров. Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша 2019 жылы кон­салтингтік, аудиторлық және ба­ғалау компаниялары мамандары­ның қатысуымен 14 жетекші банк­тің активтерінің сапасына тексеру жүргізілді. Бұл шара сегіз айға со­зы­лып, былтыр ақпанда аяқ­тал­ған болатын. Ал биыл мамыр айында Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі мен Ұлттық банк қаржылық ұйымдарды стресс-те­с­тілеуден өт­кіз­ді. Ол Қазақстан эко­но­микасына кері әсер етуі мүмкін коронавирус пандемиясы мен сырт­қы теріс әсерлерге банктердің қаншалықты қарсы тұрарлық қау­қары бар екенін бағалауға бағытталды. шетелдік банк Дегенмен банкирлер мен қар­жылық реттеушілердің статисти­касы бір бөлек те, шынайы өмір бір бөлек. Сарапшылардың айтуынша, «Қазақстанның банк секторы ел экономикасының ауқымымен са­лыстырғанда шағын, корпоративтік басқару тәжірибесі осал, ал тәуекелі жоғары. Оның ішінде қордаланған проблемалық активтерінің көлемі шамадан тыс көп. Егер 1-10 шкала­сымен есептегенде, ең нашар көр­сеткіш 10 санымен белгіленетін бол­са, қазақстандық банктердің тә­уекелдік деңгейі 9 санымен баға­ланған. Яғни, өте нашар деген сөз.

Көпшілік шетел банктерінің қызметіне жүгінеді

Қалай дегенмен де, халық өзі­нің қаржылық қорларын сақтау үшін және банктік қызметтер мен өнім­дерді пайдалану үшін ел ішіндегі екінші деңгейлі банктерге жүгінеді. Экономикалық сарапшы Төлеген Асқаровтың айтуынша, олардың ішінде бөлшек саудада қызмет көрсетпейтін және тек белгілі бір бағытта ғана жұмыс істейтін Отбасы банк, исламдық Заман-Банк және Қытайдың Al Hilal мен оның ен­шілес құ­ры­лымдары – Ситибанк, Қазақ­стан­дағы Қытай банкі, Алма­тыдағы Қы­тайдың сау­да-өнеркәсіп банкі, Шинхан Банк және Ресей­дің КЗИ Банкін, Freedom Finance-ты са­намағанда, бөлшек сау­даға қа­тысушы 13 банктің ара­сында ішкі нарықта Ресейдің мем­лекеттік Сбербанкі мен Қытайдың мемле­кеттік China Citic Bank Corporation Ltd-ның филиалы Altyn Bank-тің рейтингі ең жоғары. Айта кетейік, «Сбербанк» фи­лиалдарының Қазақстанда кең та­ралғаны соншалық, тіпті шағын қалалардың өзінде бөлімшелерін ашып қойған. Ол шетелдік банк­тердің арасында тұрғындар мен заңды тұлғалардың салым көлем­дерінің көптігі бойынша бірінші орында тұр. Ресейдің тағы бір мем­лекеттік ВТБ Банк (Қазақстан) бөлімшелері де республиканың бар­лық ірі қаласына таралған. Сон­дай-ақ ресейлік жеке азаматтарға тиесілі Банк Хоум Кредит пен Альфа-Банктің де рейтингі жоғары. Отандық банктердің ішінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ рей­тингі ең жоғары. Ол Moody’s пен Fitch бағалауынша, біздің еліміздің егемендік рейтингімен сәйкес Ваа2 және ВВВ-ға тең. Алайда клиент­тердің бөлшек сауда қызметтеріне қатысты ең көп арыз-шағымы да нақ осы банктің атына айтылады. Бөлшек сауда бойынша Қазақ­стан Халық Банкінің ең жақын бәсекелесі Kaspi Bank тұрғындар салымы бойынша екінші орында тұр. Оның Moody’s бойынша рей­тингі ресейлік Сбербанк және қы­тай­лық Altyn Bankпен бірдей, әйтсе де бұл екеуінің құрылтайшысы шет мемлекеттер болса, Kaspi Bank жеке капитал арқылы қаржы­лан­дыры­лады. Бөлшек саудадағы отандық банк­тер рейтинг бойынша келесі­дей ретпен түзілген: ForteBank, Банк ЦентрКредит, Jusan Bank, Евразийский банк, Bank RBK және Нұрбанк. «Былтырғы стресс-тестілеудің нәтижесі бойынша, Евразийский банк, Банк ЦентрКредит және Нұрбанк Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігімен 5 жылдық жоспарды бекітті, мұнда жекелеген активтердің сапасын жақсарту және провизия жасау шаралары қарастырылған. Бұл банктер банк секторының қаржылық тұрақты­лығын арттыру бағдарламасына қатысты. Оны жүзеге асыру үшін Ұлттық банк 650 млрд теңге бөл­ді»,– дейді экономикалық шолушы Т.Асқаров. Ал Bank RBK топ-менеджерле­рінің көп мөлшерде қаржы жым­қы­рып кетуіне байланысты қаржы дағдарысынан әлі толықтай айыға қойған жоқ. Мемлекеттің аса ау­қым­ды қолдауына ие болған Jusan Bank өзіне Цеснабанктен мұра­ға қалған проблемалық несиелер­ді тазартуға кіріскен, сондай-ақ бола­шақта ішкі және сыртқы нарықты иемдену қадамдарын жасап жатыр. Саралай келгенде, отандық банк­тердің ішінде тек ForteBank-тің сенімділігі жоғары екені айтылады. Қазір пандемияның кері әсері мен ел экономикасын алға сүйреуші өңдеу өнеркәсібінің күрделі жағ­дайында қазақстандық капиталы бар қандай банктің нарықта төрт аяғынан нық тұрып қалатынын тап басып айту қиын. Сарапшылар банктердің көптігінен елге де, эко­номикаға да еш пайда жоғын ай­тады. Олар нарық айдынында отан­дық капиталы бар 4-5 банк қалса, халықтың барлық қажетті­ліктерін өтеуге соның өзі де жетеді дейді.

Дәулет АСАУ