Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай: Еліміздің басты байлығы – адам
Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай: Еліміздің басты байлығы – адам
©mail.kz
301
оқылды

Жақында ғана «Түркістан» газетіне берген сұхбатымызда қандастарымыздың елге келуі жөнінде: «Бұл ұлы көш қазақты жоғалып бара жатқан елдік арманымен қайта түлетті. «Елге ел қосылса – құт» деп бекер айтылмайды. Береке басы осындай ірі-ірі саяси шаралардан басталды» деген едік.

Іле-шала Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өзінің «ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ» атты мақаласында: «Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – адам. Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін.

Сол үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған миллионнан астам қандасымызды атамекенге алдырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мемлекет бар. Біз осыншама қандастарымызды шет елдерден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына білім бердік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек» деп салмақты да салиқалы ойымен бөлісті.

Расында, тыңға түрен түсіргендей бұл сауапты іс, қайырымды қадам ешқашанда  ұмытылмайды, дүние тұрғанша, қазақ халқы бар кезде ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Ең маңыздысы  – оларға тәуелсіздік ұғымының парқын білуді, оның түп-тамырын, жайқалған бағын, өркендеген өрісін тануды, Отанды құрметтеуді үйрету деп ойлаймыз. Бұл – аға ұрпақ өнегесінің биігі, алдыңғы буын тәрбиесінің төресі болмақ.

Ғасырға татитын отыз жылдың бедерінде атқарылған әрбір іс тарихи тұлғаның болмыс-бітімі арқылы халқымыздың намысына байланғанын да естен шығаруға болмас. Аталған кезеңдегі еселі, ерлікке пара-пар еңбек түгелімен жемісті немесе тәтті болды деп әсірелеп жатқан да ешкім жоқ. «Барды – бар» деп айту, орынды, әділетті бағалау – Елбасының міндеті ғана емес, әрбір отандасымыздың, тіпті әр пенденің парызы емес пе?..

Ал барлық алған асулар мен   қолымыз жеткен жетістіктерді болашақта баянды етудің бағдарламасы  – «Елдіктің жеті тұғыры» сабақтастықты сақтап, өз жолы – Қазақстандық жолмен дами беретін байтақ ел тәуелсіздігінің мүшелін мың ғасырдан қайыруға қызмет ететін болады.