Әділет Мусин: Әр қазақ тіл үшін жаны ашыса екен
Әділет Мусин: Әр қазақ тіл үшін жаны ашыса екен
1,260
оқылды

28 жастағы атыраулық Әділет Мусин «Теңізшевройл»-да белгі беруші маман. Бір сөзбен айтқанда, вахташы. Бір ай жұмыс істеп, бір ай демалады. Бос уақытын қызығушылығына арнаған ол «Кино көр» сайтын ашқан. Сайтта қазақ тіліне аударылып, дубляждалған фильмдер мен мультфилімдер жинақтайды. «Елді қазақша киноға тарта отырып, ұрпақты қазақыландырамыз» деген жігіт жастардың тілге жанашырлығын айтуда. Ол – сонымен қатар «Харекет» қорында еріктінің бірі. Әр қазақтың баспаналы болғанын қалайды.

«Кино көр» дүниеге қалай келді?

– «Кино көр» сайтын ашу ойыңызға қалай келді? Оған не түрткі болды? – Бала кезімнен патриот едім, содан болар мектеп оқып жүріп java ойындарын қазақ тіліне аударып жүрдім. Ұмытпасам, 2008 жыл, сонда бір топ жинап ана тілінде jar jad форматында ойындарды көбейте бастадық. 2011 жылы мектеп бітірген соң қалаға келдім. Сол уақытта ноутбук сатып алып, видеомонтаж, фотошоппен жұмыс істеуді үйрене бастадым. Бірде «осы бізде қазақша кинолар жоқ, неге жасамасқа» деген ой келді. Сөйтіп, алғаш New Kazanka сайтын аштым. Бірақ атауы көңілімнен шықпады. Ауылымның атын қойған ерсі көрінді. Содан «Кино көр» деп өзгерттім. Ойын ойна деген тобымызға ұқсастырғаным ғой. Басында kset.kz деген сайтқа салдық, кейін вк әлеуметтік желісіне көштік. 2018 жылы жеке сайтын аштық. – Алғаш аударған киноңыз қайсы еді? Қанша уақытыңызды алды? – Бастапқыда өзіміз аударып, демеушілік жасап, жігіттер дыбыстап берген. Әуесқой дубляж болғандықтан көрерменнің көңілінен шықпады. Осыдан соң киноны аударып, дубляж жасамайтын болдық. «Қазақстан», «НТК», «Абай tv», «Балапан» арналары дыбыстаған өнімдерді осы сайтта жинадық. Оның ішінде «Болашақ» қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Өзіңнен баста» жобасының 38 фильмі де бар. тіл – Бұл жобада сізбен бірге тағы кімдер істейді? Олардың міндеті қандай? Әлде бәрі өзіңіздің мойныңызда ма? – «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, бұған бір өзімнің күшім жетпес еді. Қасымда оншақты ерікті жігіт пен бір қыз бар. Олардың еңбегіне бір тиын төлемеймін. Бәріміз қолдан келгенше ана тіліміз үшін күресіп жүрміз. Осындай жастар барда еліміздің, тіліміздің болашағы жарқын боларына сенімдімін. Біздің мақсат – қазақша аударылып, дыбысталған кинолардың шаң басып, мұрағатта жатып қалмауы. Осыдан 4-5 жыл бұрын қазақша кино десе ел күліп қарайтын. Ал қазір құлақ үйренді ме, ақырындап халық қазақ тіліндегі киноны көре бастады. Міне, осылай жұртты тарта отырып, ана тілінде сусындату қажет. Жалпы, киноны тілді дамыту құралы деп қараған жөн. Сондықтан кино саласын дамыту керек.

Сайтта 300-ге жуық кино бар

– Қазір сайтта қанша киноөнім жинақталған? Оларды YouTube-қа салуға мүмкіндік бар ма? – Сайтта 300-дей кино бар. Әлі салынбағаны сонша. Біз бұл киноларды сайтқа жай ғана жүктей салмаймыз. Монтаждап, постерін жасап, сапалы салуға тырысамыз. Постер жасаудың өзі көп уақытты алады.  Мысалы, оған ұқсас шрифт (font) табу, таза сурет іздеу керек. Кейде шрифтті іздеуге 10 сағаттап отыратын кездер де болады. Негізінен постерді үш жігіт жасайды, өздері фотошоптың мамандары. Осылардың жұмысы біткен соң киноны жүктейміз. YouTube-та авторлық құқық бар, оған емін-еркін сала алмаймыз. Ол түгілі ВК әлеуметтік желісінен қанша кинолар жойылып кетті. – Авторлық құқық жағынан проблемалар шықпады ма? Ivi, megogo сияқты қосымша етіп ашу ойда жоқ па? – Бізде ондай мәселе қозғалмады. Бірақ сол жағынан негізі қиындық өте көп. Ivi, megogo сияқты жасамақшы болып, сұрастырып, зерттегенбіз. Шығыны көп екен. Заңды жасауға болады, бірақ біздің көрермен үшін қымбатқа түседі. Әрине, мемлекеттен қолдау болса, жасау мүмкін. Дегенмен ресейлік қосымшалар секілді бізге әлі ерте секілді. Ол үшін халық жаппай қазақшалану керек.
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Adilet Musin (@musinadilet)

«Болашақ» қоры қолдайды

– Ал «Болашақ» қорының өнімдерін сіздің сайтқа салуға рұқсат берді ме? Олар қарсы болмады ма? – Ешкім бізге «алып тастаңыздар» демеді. Оның үстіне біздің жұмыс фанклуб ретінде есептеледі. Табыс таппаған соң ешкім шағымдана да алмайды. Керісінше, «Болашақ» қорының директоры Динара ханым бізге қолдау көрсетіп, арасында «қазақшаға дыбысталып жатыр» деп хабардар етіп отыратыны бар. Ол – өте қарапайым жан. Қазақша таза сөйлей алмаса да, қазақ тіліне жаны ашып, елі үшін туған жандардың бірі деу артықтық емес. – Өзіңіз қайырымдылық «Харекет» қорына көмектсетін секілдісіз. Бұл тағы бір қызығушылығыңыз ба? – «Әр қазақ баспаналы болсын» деген ниетпен қор құрылған кезде Гүлмира ханымға жазып, «көлге тамған тамшыдай болса да үлес қоссам» деп едім. Көбінде фотошоппен жасалатын жұмыстарға қолымнан келгенше жәрдемдесемін. Орал қаласының еріктісі болып жұмыстан тыс Демежан Шымболатұлының тапсырмаларына қолғабыс боламыз. Кейде қол тимей қалып жатады.