Елбасымыздың «Тәуелсіздіктің тағылымы» мақаласын оқыған сәтте көз алдымыздан тәуелсіздіктің сипатталған 30 жылы қайталанып өткендей әсер болды. Тұтас тарихымызды зерделеу ғана емес, алда кездесетін сын-қатерлерге дайын болу, жігерлі түрде төтеп берудің жолы ұсынылды. Болашақты бағдарлауда жаңа серпін берді. Елбасымыз «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында: «Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен 30 жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым», – деген сөздерінің терең мағынасы бар. Егемендігіміздің өткен тарихына қайта үңіліп, қиындықтар мен табыстарды саралауға жетелейді. Сонымен қатар Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихи кезеңінде, елдігімізді нығайтуда мемлекет алдында тұрған жаңа міндеттерін айқындап берді. Менің ойымша, оларға қол жеткізу үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік-экономикалық және саяси ізгі шешімдері бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі реформалары арқасында сабақтастықпен жалғасын табуда. Бүгінде білім саласы аса шапшаң негізде үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етіп отыр. Жалпы, өмір ырғағы да солай үздіксіз өзгеруді қажет етеді. Тәуелсіздік жылдары білім саласында бәсекеге қабілетті дарынды жастарды қалыптастыруға арналған жобалар жүзеге асырылды. Елбасымыз білім саласын әрқашан өзінің басты назарында ұстады, жас буынның жаңа білім мен жаңа дағдыларды меңгеруін қамтамасыз етуде, білім деңгейін арттыруға барлық мүмкіндіктерді жасады. Бұл турасында Елбасымыз: «Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды әлемнің ең үздік университеттерінде оқыттық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өткен ғасырдың 90-жылдары біз студенттердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды. Олар өз Отанының қамқорлығын сезініп, елге қызмет етіп, біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін. Кейіннен әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері желісі, ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптарға арналған «Астана-хаб» халықаралық технопаркі ашылды. Біздің жастар осындай ілгерішіл өзгерістердің көш басында болуы қажет», – деген ойы жастарға үлкен сенімді көрсетеді. Назарбаев зияткерлік мектептері желісі және Назарбаев университеті Қазақстанның интеллектуалды жастарға әлеуметтік шығу тегіне қарамастан тең негізде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуге негіз болды. Назарбаев зияткерлік мектептері Ұлыбританияның Білім беру куәліктерін қабылдайтын ұлттық ақпарат орталығы мен Кембридж университеті, Германия Федерациялық Республикасы Білім-Мәдениет Министрлер кеңесі мойындаған қазақстандық және халықаралық озық тәжірибеге негізделген жаратылыстану-математика бағытында үш тілде оқытатын инновациялық білім беру бағдарламасын жүзеге асырды. Назарбаев университеті бүгінде халықаралық деңгейде, яғни ғаламдық нарықта жоғары білім беру процесінің трансформациясын сәтті орындап, заманауи білім-ғылым-технологияның маңызды бағыттарын дамытып, озық ғылыми-зерттеу кластерін қалыптастырды. Осы негізде дарынды ғалымдарымыз жоғары технологиялық өнімдерді әзірлеп отыр. «Болашақ» бағдарламасы арқылы үздік шетелдік университеттерде жастарымыз білім алды, ғылыммен айналысуға мүмкіндік ашылды. ХХІ ғасырдың көкжиегіне тәуелсіздік кезеңінде дүние келген қазақстандықтардың жаңа буыны, жаңа ұрпағы өсіп, еңбекке араласуда. Өскелең жас ұрпақ жаңаша дамудың құндылықтарын терең түсінуі маңызды. Елбасымыздың тәуелсіздігімізді нығайтуға жұмсаған орасан зор еңбегі – жас буын үшін үлкен өнеге. Қазір тәуелсіздігіміздің тарихын балаларға Елбасы еңбектері арқылы түсіндіріп, жеткізе аламыз. Сондықтан қай жағынан алып қарасақ та, Елбасының ел болып құрылуымызда, оның ішінде білім саласының даму жолында атқарған еңбегі орасан.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі