Ішкі істер органдары қызметкерлері Жамбыл облысынан Алматыға есірткі тасымалдаған топты құрықтады. Арнайы операция барысында күдіктілер есікті іштен кілттеп алып, есірткіні дәретханаға ағызып жібермек болған. Қылмыстық топтың ізіне полиция қызметкерлері Алматы облысында түскен. Шілде айында каннабиноид тобындағы есірткімен қолға түскен 32 жастағы Г. есімді азамат оны 56 жастағы З. есімді азаматтан кейін сату үшін сатып алғанын айтқан. Тергеу барысында ірі көлемдегі марихуана есірткісі Жамбыл облысынан әкелінетіні белгілі болды. «Сатушыны» кезекті сапарында ұстаған полицейлер оның көлігін қалаға кіреберісте бөгеп тастаған екен. Одан тінту барысында «марихуана» және «шишка» тұқымдары табылып, тәркіленді. «Есірткі жеткізуші топты жою бойынша арнайы іс-шара Жамбыл облысында өтті. Басып алу тобы пайда болған кезде үй иелері есіктерін құлыптап, заттай айғақты дәретханаға ағызып, жоюға әрекеттенген. Бірақ бекер. Рұқсат етілген тінту кезінде жасырылған марихуана тұқымдары, ұнтақ түріндегі есірткі заты бар капсулалар және 160 дана тегіс ұңғылы шолақ мылтығының патрондары, 60 қолдан жасалған патрон, бірнеше қолдан жасалған аңшылық пышақ, мылтық патрондары табылды және тәркіленді. Сондай-ақ ерекше иісі бар металл ыдыстары да тәркіленді. Үйдің ауласынан 18 гүл құмырасымен есірткі өсірілетін жылыжай табылды», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов. Бүгінде «есірткі заттарын сату мақсатында аса ірі көлемде сақтау» фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде.