Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында әрбір қазақстандық үшін ең басты құндылық тәуелсіздік екенін ерекше атап өтті. Тәңірден келген тәтті сыйымызға ата-бабаларымыздың ел егемендігі үшін толассыз күресінің нәтижесінде қол жеткізгеніміз көпке аян. Сондықтан әрқайсысымыз үшін ең негізгі саяси, экономикалық, рухани құндылық ол – тәуелсіздігіміз. Елбасы ел тәуелсіздігін сақтап қалу үшін бірінші кезекте біз өзіміздің тарихи тамырымыздан, салт-дәстүрімізден, рухани келбетімізден ажырамауымыз керек екенін баса айтты. Бірақ біздің рухани келбетіміз ХХІ ғасырдағы роботтану, цифрландыру кезеңінде мемлекет тұғырының негізгі іргетасы бола алмайды. Ол үшін өзіміздің рухани әлемімізді, терең рухани тамырымызды экономикамен, яғни жаңашыл экономикамен, оның ішінде халқымызды цифрландыруға баулумен бірге жүру керек. Тек сол кезде ғана Қазақстан өзінің тәуелсіздігін ары қарай жетілдіруге мүмкіндік алады. Сондықтан Елбасы ең негізгі мәселе осы біздің салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді бүгінгі заманғы жаңа озық технологиямен бірлестіру, екеуіне интеграция жасау екеніне баса назар аударды. Менің ойымша, бұл біздің болашақ ұрпақ үшін ең негізгі мәселе болуы керек. Сонымен бірге Елбасы роботтану заманында Қазақстан экономикасын дамытуды жан-жақты қарастырды. Бұл да еліміз үшін жаңа бағыт, жаңа бағдар. Яғни, ХХІ ғасырда біздің мемлекетімізді дамытып, оны сақтап, тұғырын кеңейту үшін ең негізгі құндылық ол – біздің салт-дәстүріміз, дәстүрлі мәдениетіміз және жаңашыл экономикамыз. «Біз кез келген уақытта тәуелсіздігімізді сақтау, оны әрмен қарай дамыту үшін не істей аламыз?» деген сұраққа жауап беруге дайын болуымыз керек. Сол кезде мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикасы қарыштап, рухани әлемі кеңейіп, тәуелсіздіктің іргетасы берік қалыптасады.
Ерлан САЙЫРОВ, Мәжіліс депутаты