Еліміз егемендік алған күннен бастап халықаралық аренада өзін тәуелсіз мемлекет ретінде мойындата білді. «Тәуелсіз мемлекет» атану – қағаз жүзінде ғана жүретін процесс емес. Шетелмен мықты байланыс орнату үшін халықаралық аренада тәуелсіз ойыншы ретінде орнығу керек. Ол үшін Қазақстанды әлем мемлекеттері өзіне тең ойыншы ретінде тануы маңызды болды. Тарихи және географиялық орналасуына байланысты жас тәуелсіз мемлекетіміз көптеген мемлекеттің арасында қалды. Сондықтан дипломатия мемлекеттің өзегі болып табылатынын назарға алған Елбасы көрегенділік танытып, тәуелсіздік алған күннен бастап басқа елдермен байланысын нығайта бастады. Ал халықаралық қарым-қатынастардың ең басты қағидасы – бірлік пен келісім, береке мен ынтымақ. Ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясат сәтті жүзеге асырыла бастады. Тұңғыш Президентіміздің бұл саясаты қазір әлем деңгейінде насихатталуда. Екіншіден, сыртқы саясатты орнықтыру үшін ішкі саясаттың да бекем болуы қажет екені ерекше ескерілді. Осы ішкі саясатты жүзеге асыру үшін мемлекеттің негізгі стратегиялық құжаттары жазылды. Соның негізінде мемлекеттің халықаралық деңгейіндегі сыртқы саясаты да орныға бастады. Оның біреуі – «Қазақстан-2030» стратегиясы. Ол жердегі белгіленген межелі көрсеткіштер елімізді үлкен жетістіктерге жеткізді. Ендігі жерде еліміздің ары қарай гүлденуі жолында «Қазақстан-2050» стратегиясы жалғасын тапты. Осындай ішкі стратегиялық құжаттардың іске асуының арқасында сыртқы саясаттың негізгі айқын бағыттары шықты. Сонымен бірге бейбітшілікті сақтау, ядролық қарудан бас тарту секілді негізгі тарихи құжаттарды қабылдадық. Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде жасаған алғашқы қадамдарының бірі әлемдегі қуаты тұрғысынан 4-ші ядролық қарудан бас тартуы болды. Елбасының арнайы Жарлығымен 1991 жылы еліміздегі Семей атом сынақ алаңы жабылды. Осылайша, Қазақстан ұлттық қауіпсіздікті ядролық қарусыз-ақ сақтауға болатынын әлемге паш етіп, қару қауіпсіздік кепілі емес екенін көрсетті. Бұл – Елбасының бейбіт әрі көпбағытты саясатты тең ұстауының арқасында ғана қол жеткен табыс.
Индира РЫСТИНА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы