Алматы облысының жаңа әкімі Қанат Бозымбаев жырға айналған «Алтын орда» базары маңындағы жолды тезірек ашуға тапсырма берді. Ал «Қазавтожол» өкілдерінің айтуынша, әрқайсының ұзындығы 600 метрлік екі көпір жаңа жылға дейін ашылады. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Құрылысы бес жылға созылған жол ашылады деп сендірген шенеуніктер кептелістен құтылатын кез жетті дейді.«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаев: «Екі көпір екі бөлек тұр. Сол жақ көпірмен қазір әрі-бері қатынауға толық мүмкіндік бар. Бірақ оң жақтағы құрылыстың қарқынын жеделтету үшін оны құрылыс материалдарын тасу мақсатында қолданып отырмыз. Асфальт төселген, енді қоршау секілді жұмыс істеліп жатыр. Жарықтандыру жүргізіледі. Ал екі эстакададағы қозғалыс жаңа жылға дейін ашылады. Жоспар бойынша желтоқсанның 27-не қос көпірді қолданысқа береміз», – дейді.Десе де қос көпір уақытша пайдалануға беріледі. Өйткені әзірге асфальттың төменгі жабыны ғана төселген. Көпір үстіндегі тас жолдың үстіңгі қабатын көктемде төсеу жоспарланған. Шенеуніктер мұны қыстың көзі қыраудағы ауа райының қолайсыздығымен түсіндіреді. Желтоқсан айының соңына дейін Іргелі ауылының тұсындағы айналма жол да ашылады. Ал сметалық құжатқа сәйкес, «Алтын орда» жолы толықтай көктемде аяқталады. Жолайрық 2017 жылы басталды. Бірақ қала мен облыс тоғысқан жердегі жол құрылысы бірнеше жылға созылды. Тіпті биыл сәуір айында міндетін дұрыс атқармаған мердігермен арадағы келісімшарт бұзылып, құрылысты «СиноМиноСтрой» компаниясы жалғастырған болатын.
Бұл компания қазан айында жол құрылысын аяқтаймыз деп уәде бергенімен, межелі уақыт жаңа жылға дейін сырғыды. Жұртты әбігерге салған «Алтын орда» жолының құрылысына 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.