Өзі өмірден өтсе де, көңілден кетпейтін, көпшілік ойынан шықпайтын аяулы азаматтар болады. Олар бірақ көп емес, бірен-саран, саусақпен санарлықтай. Соның бірі – танымал тележүргізуші, журналист Бейсен Құранбек. Бүгін, 9 желтоқсан – марқұм Бейсен Құранбектің туған күні. Соған орай Бейсен ағаның "Айтуға оңай" бағдарламасын жүргізіп жүргенде алынған сұхбатын (2012 жыл) қайта жарияладық.
Бейсен «Айтуға оңайға» қалай келді?
- Бейсен, жұрт сізді «Қазақстан» телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы жақсы біледі. Сіз бұл бағдарламаға қалай келдіңіз? - Мені бұл жобаға продюсер Серік Абас-шах пен журналист Әлия Құдайберген өзара ақылдасып шақырған. Негізі, Серік Абас-шах бұғанға дейін де маған 3-4 бағдарлама ұсынған еді, бірақ оның реті келмеді. Ал мына жобаны көргенде «Бұл – халыққа керек жоба. Елдің ойындағы нәрселерді айта аламыз» деп ойладым. - Қателеспесем, осы бағдарлама бұған дейін де екі рет ашылып, бірақ шықпай қалды. Сол рас па? Оған себеп не болды? - Рас, бағдарлама екі рет ашылмақ болып, екі команда жұмыс істеген. Негізі, бір жыл бойына кәдімгідей хабар түсіріліп, бірақ эфирге жіберілмеген. Оның қандай себеппен шықпай қалғанын білмедім.Бейсенге қысым жасай ма?
- Жұрт кейбір бағдарламаны «қолдан жасаған» деп жатады. Сол рас па? Шыныңызды айтыңызшы, бағдарламада көрсетілетін оқиғалардың бәрі өмірден алына ма, әлде кейбір сюжеттерді қолдан жасайсыздар ма? - Біз бағдарламаны шынайы жасауға тырысамыз. Шыны керек, бағдарламаны шығаруға емес, оны дайындауға көп уақыт кететініне адамдар сенбейді. Мәселен, «Мен досымның қызына үйлендім» деген тақырып болды. Ол оқиға жұмыста бірге істейтін бір адамның жақын жолдастарының басында болған оқиға еді. Біз тек кейіпкерді өзгертіп, сол есімдерімен шығардық. Бірақ оқиға сол қалпында шықты, тек орнында басқа адамдар болды. - «Бұл тақырып арнада көтерілмейді» деген қысым сізге көрсетілмеді ме? - Ол жағынан ештеңе айта алмаймын. Оны көріп отырған адамның өзі сезеді. Негізі, әр арнаның өз саясаты бар. Ұлттық арнаның мақсаты – ұлттық мүддені күйттеу, күйіп, ушығып тұрған мәселелерді де бас жармай, көз шығармай, байыппен, парасаттылықпен айтып жеткізу. Соған қарамастан осындай мүмкіндік беріп отырған телеарнаның басшылығына ризамын. Әрине, кейде барлық нәрсені бірдей айта алмайсың, бірақ көп нәрсені көтеріп, көп нәрсені айтып жүрміз.Бейсен қандай адам?
- Көңіліңізге алмассыз, сіздің бағдарлама жүргізгеніңізді сынайтындар да бар. Бірі «Ұрсып сөйлейді, дөрекі» десе, енді бірі «ОРТ-ның тележүргізушісі Андрей Малаховқа ұқсағысы келеді» дейді. Бұған не дейсіз? - Негізі, теледидардағы Бейсен мен өмірдегі Бейсен екеуі екі басқа. Өмірде мен асықпай сөйлегенді ұнататын, салмақты адаммын. Бір сөзбен айтқанда, «ақырын жүріп, анық басқанды қалаймын». Ал эфирде мен өз өзімді кәдімгідей зарядтап, от қылып жағып жіберемін. Егер мен эмоцияға берілмесем, намысына тиіп айтпасам, қатысып отырған адамдар бір-бірінің көңіліне қарап, жарытып ештеңе айтпайды. Менің қатты сөйлегенімді көрермен дөрекілік деп қабылдауы мүмкін. Бірақ ол – сол жерде отырған адамдарды ашу үшін, сөйлету үшін жасалатын нәрсе. Сонда ғана біреу болмаса, біреу тұтанып, ішіндегі ойын айтады. Бұл – біздегі ток-шоу жасау мәдениеті енді ғана келе жатқанның белгісі. Себебі, біздің елдің алдында көріне айтқаннан көрі, оңашада ашылып сөйлегенді жөн санайды. Ал ток-шоуда «сен жақсы», «мен жақсы» деп отыратын болсақ, көрермен ұйықтап қалады. - Сіз хабарда жақсыны да, жаманды да жасырмай, аямай айтасыз. Жалпы, өзгеден гөрі адам өзін-өзі жақсы біледі ғой. Өз бойыңыздағы артықшылық пен кемшілікті айта аласыз ба? - Бәріміз пендеміз ғой, мінім жоқ демеймін. Толып жатыр. Атам мен апамның қолында өскен соң, адамның көңіліне қарайтын шектен тыс көңілшектігім бар. Кейде соның кесірі де тиіп жатады. Себебі, адамның «көңілін қалдырмайын» деп, айтып салатын нәрсені айтпайсың. Ал жақсы жағым – қандай адам болмасын, оның бойынан жақсы бір нәрсені тауып алуға, жақсы қасиетін көруге тырысамын.Бейсен қалай журналист болды?
- Шыныңызды айтыңызшы, журналист болуды бала кезден армандадыңыз ба? -1982 жылы Испаниядағы, 1986 жылы Мексикадағы футболдан болған әлем чемпионаттарын көріп, Олег Блохин, Диего Марадона секілді футболшы болуды армандадым. Ауылдық жерде жаттықтырушы деген жоқ қой. Өзім футбол ойнап, жарыстарға да қатысқан емеспін. Бірақ қиялмен талай әлем чемипонаттарында чемпион болдық қой. - Ал журналистикаға қалай келдіңіз? - Спортшы болмаған соң, «Спорт журналисі болсам, соның айналасында жүремін ғой» деген оймен әскерден соң, «Спорт» газетіне келдім. Ол кезде редакторы танымал спорт журналисті, жазушы Несіп Жүнісбаев ағамыз болатын. «Аға, спорт журналисі болғым келеді?» деп едім, «Оқу бітіріп пе едің? Газетке мақала бірдеңе жазып па едің?» деп сұрады. «Жоқ» дедім. «Енді нең бар?» дегенде «Міне, аға, бір ойларымды жазып келіп едім» деп, спорт туралы жазған дәптерімді көрсеттім. Онда да қайбір ойлар бар дейсің?!. Несіп аға оқып көріп, «Спорт» газеті құрылған бірнші күннен қызмет істеген Сайын Тұрсынұлы ағамыз бен қазіргі белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан ағаны шақырып алып, «Мына баланың жазғандарын оқып көріңіздерші, бірдеңе шығатын сияқты» деді. Сөйтіп бір айдан кейін «Спорт» газетіне штатқа қабылдандым. Сол ағаларым маған жазуды үйретті ғой. Ол кезде менде тек спортқа деген махаббат қана болды.Бейсен неге шенеунік болмады?
- Жұмыста үлкен қате кетіп, сөгіс естіген кезіңіз болды? - «Спорт» газетінде жүргенде жіберген бір қателігім есімнен кетпейді. Дәл қазір кім екені есімде жоқ, бірақ белгілі бір боксшыны «марқұм» деп жазып жіберіп, ұрыс естігенім бар. Әрине, артынан «Ұзақ өмір сүрсін» деп, жуып-шайып, кешірім сұрадық. Сол қателік маған үлкен сабақ болды. Содан кейін адамның аты-жөніне, сандарға, деректерге қатты мән беретін болдым. Кейін 23 жасымда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің журналистика факультетіне түстім. Мен ол кезде білдей бір газеттің жауапты хатшысы едім. - Шаршап, жалығып, журналистикадан кеткіңіз келген кезіңіз болды ма? - Әр адамның басында дағдарыс болып тұрады. Мен де бір жылдары 9 айдай журналистикадан кетіп, шенеунік болдым, Алматы облысы, Талғар ауданының спорт бөлімін басқардым. Кейін журналист болмасам жүре алмайтынымды, әрі шенеуніктік менің қолым емес екенін түсініп, қайта оралдым. «Спорт» газеті шықпай қалған соң, телевидениеге ауысып, спорттан алыстап кеттім.Бейсен Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті ме?
- Сіз «Хабар» арнасында істеп жүргенде Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелге шыққанда, үлкен жиындарда қасында бірге жүрдіңіз. Ол кісіні көріп, қолын алған кейбір адамдардар бірнеше күн бойы қолын жумаған деседі. Сіз өйткен жоқсыз ба? Жалпы, ол кісі қандай адам? - Шыны керек, ондай есімде жоқ. «Мынадай адам» деп баға бере алмаймын, тек ол кісінің кез келген мемлекеттің басшысымен тең дәрежеде әрі еркін сөйлескеніне таңданатынмын. Әрі Елбасы ширақ, сергек жүреді, басқалар секілді «болдым, толдым» деп ізденісін тоқтатпаған адам. - Бірақ халық сізді «Айтуға оңай» арқылы танып отыр. Шыныңызды айтыңызшы, қазір халыққа қаншалықты танымалсыз? - Менің журналистика саласында жүргеніме жиырма жылдың жүзі болды. Бірақ шыны керек, мен «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы көбірек танылдым. Тіпті қазір супертанымал адам болдым. Жақында Нарынқол жаққа тойға бардым. Сол ауылда мен той бойына 300-дей суретке түсіп, әр адаммен сөйлесіп, қауышқаным бар. Талдықорғаннан Алматыға қатынап жүргеніме бес жыл болды. Жолда Арқарлы асуынан өткенде үнемі тоқтап, көже ішемін. Қазір сол жерге тоқтасам, әйелдер сусынын, құртын тегін беріп, әңгімелерін айтады. Біріншіден, мен көпшілмін, ешкім жатырқамаймын. Екіншіден, мен «Айтуға оңай» бағдарламаның арқасында кеңнінен танылғаным рас. Оны мен жалғыз өзім жасамаймын, ол – үлкен ұжымдық жұмыс. Ол жерде бірінен бірі өтетін небір талантты жастар жұмыс істейді, бірақ олардың бәрі бірдей елге көрінбейді. Ал мен тек «дайынға мәйім» болып жүремін.Бейсеннің «крышасы» кім?
- Сізді ел-жұрт таниды, біледі, бірақ сіздің қандай отбасынан шыққаныңызды, неше ағайынды екеніңізді, ата-анаңыз туралы көп ешкім біле бермейді. Сол туралы айтсаңыз екен... - Мен – негізі, шал мен кемпірдің баласымын. Атам Жанысбек 13 жасымда өмірден өтті. Ол кісі молда болған. Намазын ешуақытта қаза қылмаған. Соғысқа қатысқан, бір аяғы кемтар еді. Ал апам Алла жазса, биыл 90-ға келеді. Ол кісі – алтын адам. Осыдан бір жарым жыл бұрын апам жығылып, жамбасын сындырып алды. Негізі, үлкен кісіге сынық қиын, оның үстіне жамбас сынса, көп адам төсек тартып жатып қалады. Мен апама «Күніне екі рет жаттығу жаса» деп, екі қолына бір келілік гантель әкеп бердім. Аллаға шүкір, қазір апам таяғына таянып жүріп жүр. Біріншіден, Алланың құдіреті болса, екіншіден, рухының мықтылығы, үшіншіден сол күнделікті жаттығулардың пайдасы.Бейсенге атасы неге ұрысты?
- «Болар бала жасынан» дейді, Бейсен, сіз қандай бала болдыңыз? Балалықпен ата-апаңыздың тілін алмай, таяқ жеген кезіңіз болды ма? - Негізі, мен табиғатымнан салмақтымын. Еш нәрсеге асықпай, ештеңеге соқтықпай өскен баламын. Бала күнімнен кітапқа құмар болдым. Атам кішкентайымнан еңбекке баулыды. Өмірге қажетті сабақты ұрмай-соқпай үйретті десем, өтірік емес. Ол кезде он жастамын. Үйде бір асау тай байланып тұратын. Бір күні атам сол тайды бақшаға алып шығып, маған «Мінесің бе?» деді. Атқа мінуін мінем ғой, ішімнен «Асау тайға қалай отырам?!.» деп ойладым. Көрші тұратын немере ағам Тұрғанбай шапшып, тулап тұрған тайды жүгендеп, ер-тоқым салып, мені мінгізді. Қорықсам да, айтқан соң, міндім. Бір уақытта әлгі тай тулап, мөңкіді дейсің, 3-4 мөңкіп қалғанда бақшаның ішіне ұзынымнан құладым. Кім біледі, мүмкін әдейі де құлаған болармын. «Енді тайға қайта мінгізбейді ғой» деп ойлағанмын, атам қасыма келді. Өзі таяқ таянып жүретін еді. «Енді тағы құласаң, мен саған таяқтың көкесін көрсетемін» деп, көзінің қиығымен таяғын көрсетті. Содан тайға қайтадан мінгізді. Атамның таяғынан қорыққаннан ба, тайдан құламай қойдым. Шыны керек, басында «Неге үйтті?!» деп, атама ренжідім. Бірақ кейін ойласам, атамдікі дұрыс екен. «Өмірдегі қиындықтан қашпасын, бұқпантайлап жатпасын» деп, әдейі маған сабақ болсын деген екен. Әйтпесе, ол тайды жуасытатын басқа да үлкен ағаларым бар ғой. - Қандай оқушы болдыңыз? - Мектепте жақсы оқыдым. Тек жоғарғы сыныпта, бозбала шақта сабағым аздап ақсады. «Сабақтан қашпадым» демеймін, бала болған соң, қашқан кезіміз де болды. Бірде әдебиеттен беретін Әйкен апайымыздың сабағынан қашып, сөз естігенім бар. «Әй, саған не жоқ?! Сенің бір емес, екі әкең бар, екі шешең бар. Не, саған олар дұрыс тәрбие бермей ме?» деген еді. Сол сөз әлі есімде.Бейсен қыздарына қатал ма?
- Ер адам – түз адамы ғой, дегенмен, бала тәрбиесімен айналысасыз ба? «Баланы жеті жасқа дейін еркелету керек» дегеніңізге қарағанда, қыздарыңызды қатты еркелететін секілдісіз ғой... - Еркелеткеннің де жөні бар, «әкем», «көкем» деп барлық нәрсесін әперу емес, әр нәрсені түсіндіріп жеткізу керек. Меніңше, балаға «Жоқ, болмайды, үйтпе-бүйтпе» деген сөзді көп айтпаған дұрыс. Ұрып, соғып тәрбиелемей, мейлінше еркін, батыл, өз ойы, пікірі, өмірлік ұстанымы бар тұлға етіп өсіру керек. Мен қыздарымның мектебіне барып, мұғалімдерімен сөйлесіп тұрамын. Кейде үлкен қызым «Келмей-ақ қойсаңызшы» дейді. Бірақ соған қарамастан, барып тұрамын. Жиналысына қатысамын деп айта алмаймын. Бірақ апайларынан олардың сабағын, тәртібін біліп тұрамын. -Көп азаматтар ұлы болмаса күйзеліп, қиналып жүреді... -Қыз тұрмақ қызыл шүберекке зар болып жүргендер қаншама... Осындай алтын қыздарды берген Аллаға мың да бір шүкір! Негізі, ұлдың кезегіне жазылып қойғанымызға да біраз уақыт болды. Көк кеңсесі әлі қарастырып жатыр ғой деп ойлаймын (күлді). - Әңгімеңізге рақмет!