Астанамыз Алатау баурайынан Сарыарқа төсіне ауысқаннан бері біраз уақыт өтті. Елордамызда небір зәулім ғимараттар тұрғызылды. Қаланың төңірек біткеніне ағаш отырғызылып, орманға ұласты. Енді тек тау жетіспегендей көрінеді.
Елордамыздың сұлулығын асқататып, биіктен тамашалауға мүмкіндік берер, символикалық маңызы зор тау тұрғызу идеясын Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Қаражар мектебінің ұстазы Азамат Құмарбекұлы шәкіртімен бірге ұсынды.
– «Елорда жаныныда жасанды тау тұрғызудың символикалық маңызы» атты жоба жасап, елордамыздағы ғылыми инновациялық орталыққа ұсынып көрген едік. Бұл ғылыми инновациялық орталық өткізген сайыста жобамыз «2021 жылдың ең үздік жобасы» деп танылды, – деді жоба авторы.
Азамат Құмарбекұлы бұл жасанды тауға «Самалтау» деп атау қоюды ұсынды. Оған себеп Арқа төсінде орналасқан елордамыз жазда жан сергітер салқын самал желімен әйгілі дейді. Ал екінші себеп «Самалтау» әні қазақ халқының Ресей патшалығының отары болған кезде туындаған екен. Демек, «Самалтау» әні отаршылдықтағы ұлттың мұңы, зар-запыранын көз алдымызға алып келсе, елорда жанында бой көтерер әлемдегі тұңғыш жасанды тау 21-ғасырда азат елдің асқақ астанасының, елдіктің, өрлеудің, сән-салтанаттың, биіктіктің символы болатынына сенімді.
Жоба авторлары жасанды тауды «Этносаябақ» және «Тағзым» мемориалдық кешені атты екі қабаттан тұрғызуды жоспарлады. Екі қабатты қосқанда жалпы биіктігі 121 метр болады.