Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын оқи отырып, ой-қиялыммен өткен ғасырдың 90-жылдарына қайта оралғандай болдым.
Бәрі күні кеше болғандай...
Кеңес Одағы дейтін атының өзі алты құрлықты алуан-алуан ойға жетелеп, қырық түрлі күйге бөлейтін тарихи дәуірдің күнгейлі, көлеңкелі сәт-сағаттары көз алдымнан тізбектеліп өте бастады. 30 жыл ішіндегі ел Тәуелсіздігін орнықтыру жолындағы атқарылған ұлан-асыр істер, халқымыздың тағдыр-талайын ұстара жүзіне іліктіргендей күйге салған күрделі кезеңнің көріністері көңіл елегінен өтті...
Жасыратыны жоқ, уақыт атты қатал, қатыгез сыншының шапшаң жүрісі ұмыттырып бара жатқан өткен дәуір ақиқаттарына қайта оралған сайын, атамыз қазақтың «Тәубә! Алла Тағаланың осы күнге жеткізгеніне шүкір!» дейтін қанағатшыл мінезі жиі-жиі сана төрінде бас көтеріп отырды.
Неге дейсіз?
Ойымды ортаға салып көрейін...
Сонда... Елбасы айтып отырған «Тәуелсіздік тағылымы» дейтін қанаты кең, кемел ұғымның жаратылысын тани түсеріміз анық. Тани отырып, кешеден бүгінге жеткен азаттық дейтін аяулы сөз бен тәуелсіздік дейтін бедерлі ұғымның осынау Ұлы даланың кешегі тағдырын қалай анықтап, бүгінгі өмір сүру қабілетімізді таразы басына қалай қойса, ертеңгі ұлт пен ұрпақ болашағының баяндылығын да қамтамасыз етері солай күмәнсіз екенін ұмытпауымыз керек.
Бұл «кеше – бүгін – болашақ» дейтін уақыт кеңістігі ұсынар ұлттың өмір сүру қабілетін анықтар киелі, қасиетті ұғымдар. Елбасының миллион санды алып аудитория алдында айтып отырған әңгімесі төркінінде жатқан шындық – осы. Осы шындықтың қадірі мен қасиетін оймен саралап, жүрегімен безбендеу биігіне көтерілген ұлт, ұрпақ өзінің мәңгілігін қамтамасыз етері хақ.
Мақалада ұлт тарихы мен ел болашағы кеңінен сөз болады. Нақты тарихи оқиғаларға сүйене отырып, ел тағдырын шешкен шешімдердің өмірге қалай келгені айтылады.
Иә.
Өзінің ұлт, мемлекет болып қалыптасу жолын тарихтан терең тамырлы қатпар-қойнауларынан алар Ұлы даланың басынан не өтпеді? Біздің халқымыз нендей қиын-қыстаулы күндерді басынан кешпеді?
Тұңғыш Президенттің мақаласын оқи отырып, Алтай мен Атырау, Қыр мен Сыр, Қаратау мен Алатау арасында жатқан ежелгі жұртымыздың соңғы 30-35 жыл аралығындағы аса күрделі, қиын кезеңдерді басынан қалай кешкенін, әлі де қалай кешіп келе жатқанын ойладым. Бұл, жалғыз менің ғана ойым емес, тәуелсіз қазақ елінің болашағын қамтамасыз етуді жан-жүрегімен қолдайтын, көксейтін мыңдардың, миллиондардың ойы мен мақсат-мұраты деп ойлаймын.
«Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік», – дейді Елбасы өз мақаласында.
Бұрын да сан айтылып, миллионсанды аудиторияның таразы-талқысына түсіп келген осы бір төркінінде қорғасындай салмақты, өмірдің өзіндей ащы шындық жатқан тағдыршешті сөйлемдер тасасынан осыдан 30 жыл бұрынғы Қазақстан ақиқаты мен қазақ қоғамының аса ауыр сәт-сағаттары тіл қатқандай болды... Өйткені... Сырттың алпауыт күштері мен іштегі өтпелі дәуірдің қоғамды «ала қойдай» дүрліктірген бөтен пиғылды мақсаттары өз елінде өзі 40 пайызға жетпей, «көзімен жер шұқып келген ұлттың» тағдырын тәлкек етуге күш салып жатты.
Осы күні Алматы қаласындағы ескі үкімет үйінің колонналы дөңгелек залы құж-құж... Әркім өзінше мықты... Әркімнің өз айтары бар... Төрде – от пен суға қатар түсіп, ел мен елдік туын ұстаған Президент!.. Елбасының жігерлі сөздері. Суырылып шығып, мінбеден жарыса сөйлеген шешендер... Ара-тұра «Осы бізге Тәуелсіздік керек пе? Енді... Кімнен тәуелдіміз?» деген кекесінді дауыстар жетіп жатты... Үзілген уақыт ленталарындай болған осы бір көріністер 1991 жылғы 16 желтоқсанды еске салады. Тәуелсіздік туралы конституциялық заңның қызыл қырғын сайысы. «Тәуелсіздік ел үшін керек!» деген саңқ еткен дауыс. Назарбаевтың дауысы! Іле-шала залдан естілген Салық Зимановтың сабырлы дауысы. «Президент дұрыс айтады! Үш күн талқыға түскен заң Қазақстан үшін керек! Бұл заң бүгін қабылданбаса, ертең әлемнің күллі мемлекеттері біздің мемлекеттігімізді мойындамайды. Бұл заң – әлем алдындағы тәуелсіз мемлекет екенімізді дәлелдейтін тарихи құжат!» деген дауыс құлағымда әлі күнге...
Қажыр мен қайратқа толы жаңа дәуірдің лебі ескен сол дөңгелек зал, ойлап отырсам, қазақ үшін, Қазақстан үшін нағыз киелі төр екен!
Тәуелсіздіктің бастауы болған кезең шынайы демократия мен татулықтың, жұдырықтай жұмылған саяси бағыттың тегеурінді күш екенін танытты. Еркін ой мен ұлттық мүдденің қойын-қолтық табысуына Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа мейлінше жақын жүретін тұлғалық, харизмалық қасиеттері себеп болды.
Елбасының ел тұтастығын қамтамасыз ету жолындағы қажырлы қайраткерлік орасан еңбегі – бірте-бірте тұрлаулы тарихтың ұлы төріне айналар ақиқат.
Тәуелсіздікті Назарбаевсыз елестету мүмкін емес!
Аталмыш мақаланы оқи отырып, сол күндердің қазанында қайнаған ұрпақтың бір өкілі ретінде осы сөздерді айтуды өзіме парыз санадым.
Өйткені...
Тәуелсіздік дәуірі – біздің дәуіріміз!