Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты көлемді мақаласында ата-бабаларымыздың, Алаш қайраткерлерінің азаттық жолындағы күрескерлігін баяндады. Тәуелсіздігіміздің оңайлықпен келмегенін, оның халқымыз үшін қаншалықты қастерлі екенін жазды. Егеменді ел болу жариялылықпен, халықаралық өзге мемлекеттерге біз тәуелсіз ел болдық деп көкірегімізді соғумен ғана шектелмейтінін, керісінше азаттық бұл нағыз күрестің, еселі еңбектің, жүйелі саясаттың және халықты қолдаудағы әлеуметтік жұмыстардың жиынтығы екенін атап өтті. Баршаңызға мәлім, биыл – Тәуелсіз ел атанғанымызға – 30 жыл. Осы уақыт аралығында Тұңғыш Президентіміз өзіне жарнама жасап, арнайы халықаралық аренада жеке тұлғалық қасиеттерін көрсету үшін ешқашан арнайы жұмыс істеген емес. Америкалық кинорежиссер, «Оскар» сыйлығының үш дүркін иегері Оливер Стоун «Qazaq. Алтын адам тарихы» атты фильмінде де Елбасының ел басқарған тұста қандай тәуекелге барғанын, көптеген жауапкершілікті іске асырудағы қайсарлығын анық көрсетіп берген. Біз мұны тәуелсіздік жолындағы ұлт Көшбасшысының ерен еңбегінің бағалануы деп түсінеміз. Қорыта айтқанда, Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласының халқымыз үшін маңызы өте зор. Онда тәуелсіздігімізді қалай алғанымыз, өскелең ұрпаққа оны сақтап қалудың жолы ретінде көрсетілген арнайы дәйектер, құнды мағлұматтар жазылған. Ел болашағы жастардың да аталған мақаладан алары, түйері көп. Біз осы егемендігімізді бағалай білуіміз керек. Ендігі кезекте елдікті сақтау, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету келешек ұрпақтың басты міндеттерінің бірі болып қала бермек.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, Мәжіліс депутаты