Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық
Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық
458
оқылды
Елбасы – Тұңғыш Прези­ден­тіміз Н.Назарбаевтың «Тәуел­сіздік та­ғылымы» мақаласы жа­рияланды. Бұл мақала – көпке ой салған, құнды дүниелердің бірі. Биыл ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. 30 жыл «қас қағым ғана сәт болғанымен, еліміз үшін үл­кен белес, асқаралы асу». Ел­ба­сы мақаласында: «Біз тә­уел­сіз­дікке бейбіт жолмен қол жеткіз­сек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбие­леген бү­гінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жа­зып отыр­мын» дейді. Расында, «Тәуел­сіз­­дік – бабалар қанымен келген кие­лі құндылық» екені ақиқат. Содан болар, 1991 жылы 14 жел­тоқ­санда Жоғарғы Кеңестің 12-шақыры­лы­мының 7-сессиясында «Қазақ­стан­ның  мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конс­титуциялық заң талқылауға түс­кенде бір­қатар пиғылы бөтен депутат «бүй­рек­тен сирақ шығарып» бұра тартты. Және олардың қолтығына су бүркіп отырған сыртқы күштердің бар екені де бесенеден белгілі болды. Бұл жағдайды Елбасы Н.Назарбаевтың өзі былай суреттейді: «Еліміздің жетекші заңгерлерінің қа­ты­суымен алдын ала сараланып, са­рап­тамадан өткізіліп, қапысыз даярлан­ған заң бірден-ақ мақұлдануы тиіс бо­латын. Оның үстіне, өзге республикалар мұндай заң­дарын әлдеқашан қабылдап қойған. Бірақ жағдай біз күткеннен басқашалау болып шықты»,–  дейді Тұңғыш Президент. Елбасының айтуынша, күн тәртібінде тәуелсіздік мәселесі талқыланатыны жа­рияланған сәтте-ақ бір депутат: «Біз кім­нен және неден тәуелсіздік алғалы отыр­мыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жат­қан Ре­сей империясы үлгісімен енді қазақ империясын құруға ұмтылып жат­қан жоқ­пыз ба осы?» – деп арандату­шылық пи­ғылдағы сұрағын кесе-көл­денең тартқан. Жоғарғы Кеңесте арандатушыны қос­таушылар да аз болмады. Олар «Қа­зақ­стандағы 17 миллион адамның жар­тысы­нан көбі орыстілді қауым екенін, егер тә­уелсіздік жарияланса, олар бөтен мем­лекеттің азаматтары болып шығаты­нын, мұндайға жол бермеу керек екенін» айтып, зар қақты. Сондай-ақ енді бір «халық қалаулы­сының»: «Қазақ КСР-нің немесе Қазақ­стан Республикасының Президенті тек қазақ­тың ғана болуы азаматтық теңқұ­қы­лыққа қиянат емес пе?» деген сұра­ғына депутат С.Сартаев «заңда  қазақ елінің Президенті «мемлекеттік және ұлтаралық келісім тілін қатар меңгерген адам» бола алатыны жөнінде тайға таңба басқандай жазулы» деп тойтарыс берген еді. Сол кезде Жоғарғы Кеңесте Ә.Ке­кіл­баев, С.Зиманов, С.Сартаев, М.Қозы­баев, Ө.Жолдасбеков,тағы басқа да елге сыйлы, белгілі заң және қоғам қайрат­керлері отырғанына, олардың айтқан дәлелді әрі орнықты уәжіне қарамастан, заң жобасын екі күн бойы талқылаған депутаттар ортақ мәмілеге келе алмаған. Сөйтіп, талқылау әбден тығырыққа ті­релген шақта, 16 жел­тоқсан күні Жоғарғы Кеңеске Елбасының өзі барып, бұл заң­ның қабылдануын жалғыз Қазақстан хал­қы ғана емес, бүкіл әлем күтіп отыр­ғанын айтып, депутаттарға мән-жайды түсіндірген. «Бұл заңды қабылдауымыз керек, өйт­кені жалғыз біз ғана қалдық. Көп­ұлт­ты Қа­­­­зақстан халқының алдында біздің ары­мыз таза. Бұл – барлығы әр сөзін үңіліп отырып оқитын маңызды заң. Ме­нің сай­лауалды бағдарламам, біздің шешкелі отыр­­ған барлық мәселенің түйіні  – осы. Бас­ты мәселе – мемлекеттік тәуелсіздік мә­селесі. Артық шүйлігудің, ешқандай мән-маңызы жоқ сөздерді қосудың қажеті жоқ. Заңды осы күйінде басым көпшілік да­уыс арқылы қабылдау керек деп са­най­м­ын. Бар­ша­ңыздан осыған бейілділік біл­дірулеріңізді сұраймын»,– деген еді Н.Назарбаев. Елбасының жігерлі сөзінен кейін қи­сық-қыңыр сөйлеген депутаттардың бі­ра­зы райынан қайтып, заң жобасы көп­шілік дауыспен қабылданды. Бұл – ата-бабамыз армандап өткен, барша қазақ жұрты асыға күткен тарихи сәт, ел тәуел­сіздігін ай­шықтаған алғашқы құжат еді. Бүгінде бәзбіреулерге тәуелсіздік қан­сыз, қиындықсыз, тегіннен-тегін ке­ле сал­ған сияқты көреді. Бірақ қазақ хал­­қы­ның азаттық үшін қалай жан­қияр­лықпен күрескенін, осы мақсаттың жо­лында қан­­ша қан төгіліп, талай тағ­дыр­дың өмір­ден көш­кенін ескере бер­мейді. Мәселен, патшалық Ресей мен КСРО-ға қарсы Қазақстанда 700-ге тарта ірілі-ұсақты кө­теріліс болғанын біреу білсе, біреу біл­мес. Бұл көтерілістердің жар­ты­сына жуығы Кеңестер Одағы кезінде болған. Одан бөлек, 20-30 жылдардағы ашар­шылықтың екі толқыны кезінде халық­тың жартысынан астамының опат болуы, тұтас ауылдардың түп орнымен атаме­кен­нен үдере көшуі, одан кейін қуғын-сүргін жыл­дардағы атылып-асылған, абақтыға қа­мал­ған, итжеккенге айдалған аяулы ұл-қыз­дарымыздың тәлкекке түскен тағдыры – бәрі тәуелсіздік жолын­дағы құрбандықтар. Ал коммунистік жүйенің қазақ хал­қының тіліне, діліне, дініне, мәдениетіне, тарихына, тағы басқа ұлттық құндылық­тарға қарсы жүргізген қанқұйлы саяса­тының кесапаты өз алдына бөлек әңгіме. Тәуелсіздік жер бетіндегі ешбір халық үшін тегіннен-тегін берілмеген, ол – ұлт­тың жанымен, қанымен келетін құн­дылық, сонысымен де қасиетті. Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Тәуелсіздік те бақыт сияқ­ты, бағалаған адамның, аялаған қоғам­ның ғана қолына тұрақтайды. Халқы тату, эко­номикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақ­стан­ның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екеніне кәміл сенемін» деген еді. Ендеше ата-бабамыздан мирас болған, біздің буынның қолы жеткен, болашақ ұр­паққа аманат болып қалатын Тәуелсіз­дігіміз қашанда баянды болсын, ағайын!