Шын мәнінде, 30 жыл бұрын тәуелсіздік алған тұста Елбасы барлық істің басында жүрді. Елбасының еңбегі 30 жылдықпен шектелген жоқ. Мақаласында ол бірнеше рет жастарға қарата «тәуелсіздік оңай келген жоқ» деп айтты. Ең әуелі өткен ғасырдың 16-жылындағы Ұлт-азаттық көтерілісті атап өтеді. Қиындықтардың қалай өткенін, ашаршылықты, Екінші дүниежүзілік соғысты ерекше атайды. Бұлар тәуелсіздік алғанға дейін қаншама адамның өмірін қиған нәубеттер. Кеңес Одағы ыдырап, біз ең соңында қалдық дейміз. Бірақ мәселе онда емес, түбегейлі олай айтуға болмас, Елбасы біраз бағдарды көрсетті. Тәуелсіздікпен күрес Кенесары, Сырым, Есет, Жанқожа батырлардың кезеңінен басталған. Ол кезде тәуелсіздік деп айтпайтын, азат болу керек дейтін. Жалпы, қазақ сөзі азат деген мағынаны береді дейді. Кейін Алаш арыстары шықты. Бәрінің де арманы сол еді. Құдайға шүкір, Кеңес Одағы ыдырап, 30 жыл бұрын тәуелсіздігімізді алдық. Осының бәрінде саяси күрделі оқиғалар болып жатты. Бір жағынан АҚШ араласып, екінші жағынан Ресейде Горбачев пен Ельцин арасында күрес жүрді. Оңай болған жоқ, халықтың құрамы да күрделі болатын. Былай қарасаңыз, 1991 жылы 14 желтоқсанда Кеңес Одағы жоқ, соның өзінде сол кезде Жоғарғы Кеңесте отырған депутаттардың кейбірі «кімнен тәуелсіздік аламыз» деп даурықты. Шын мәнінде, Қазақстанға сырттан келгендер көп болды. 1991-1997 жылдар арасында көбі көшіп кетті. Оның ішінде Ресейден келген әскерилер, жұмыс бабымен жүргендері бар. Осындай күрделі кезеңде тәуелсіздікті ұстап қалу қиын болатын. Сондықтан Елбасы 30 жыл ішінде жүргізілген экономикалық, әлеуметтік, саяси күрестерді баяндап берсе де аздық етпес. Бұл – ата-бабалардың аңсаған кезеңі болатын.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Мәжіліс депутаты