«Аграрлық несие корпорациясы» шағын бизнес кәсіпкерлеріне қолдау көрсетеді
«Аграрлық несие корпорациясы» шағын бизнес кәсіпкерлеріне қолдау көрсетеді
706
оқылды
Жақында «Бәйтерек» ҰБХ АҚ-ның еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» Маңғыстау облысында журналистерге арналған баспасөз турын ұйымдастырды. Тур барысында БАҚ өкілдері «Жұмыспен қамту Жол картасы» бағдарламасы аясында шағын бизнеске микронесие беру рәсімдерімен танысты. Сонымен қатар Аграрлық несие корпорациясы арқылы микронесие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігіне куә болды. «Аграрлық несие корпорациясы» жыл сайын бизнесті қаржыландыруға қолдау көрсетіп келеді. Бағдарлама микро­қаржы­ландыруды дамыту бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру негізінде жұмыс істейді. Бұл қаражат кәсібін жаңа бастаған кәсіп­керлерге, шағын бизнес, микрокәсіпкерлік өкілдеріне, оның ішінде отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағыт­талған. Өңірлерде кәсіпкерлікті қолдау үшін «Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан 22,5 миллиард теңге мөлшерінде микроқаржы ұйымдарын қормен қамтуға арналған кредиттік желілер ашылған. «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған 15 микроқаржы ұйымы бар. Микроқаржы ұйым­дары Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ларынан басқа еліміздің барлық өңір­лерінде қызмет көрсетеді. Маңғыстау облысына екі жылға бөлінген 1 млрд теңгенің алғашқы жылына қарастырылған 500 млн теңгенің бүгінде жартысынан астамы игерілген. Бүгінде қордан қаржы алған шаруашылықтың бірі Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылындағы «Есен Сейіт» шаруа қожалығы сегіз бас түйе сатып алып, мал басын көбейтуді көздеп отыр. Ал Қарақия ауданына қарасты Мұнайшы ауылындағы «Алпамыс» шаруа қожалығы асылтұқымды алты симментал сиырды мал басын арттыру үшін несие алған. Ал Ақтауда «Hi MOM» балалар киім дүкенінің иесі Жанбөпе Құрақбаева жеңіл­детілген несие арқылы кәсібін дөңгелетіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдіріп, бизнес жасаудың қыр-сырын меңгерген. Сонымен қатар МҚҰ-ын қормен қамту ауыл шаруашылығы саласында ғана емес, басқа да салаларда бизнесті дамытуға қол ұшын созады. Мысалы, қызмет көрсету саласы­ның өкіл­деріне де жылдық алты пайыздық мөл­шерлемемен жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті Ақтау қаласындағы автосервистер мен химиялық тазалау өкілдері оңтайлы пайдаланды. «Аграрлық несие корпорациясының» Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Әділ Өрбісіновтың айтуынша, бағдарламаның мақсаты – тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына мүмкіндік беру арқылы жұмыссыздықты еңсеру, ха­лыққа қолдау көрсету. «Бағдарлама жұмыс­сыз адамдарға барынша тиімді, жеңілдік мерзімі де қарастырылған. Несиеге алын­ған малды жеңілдік кезеңінде көбейтіп, оны бордақылап сату арқылы қаражат та­буға болады. Бағдарлама тек ауыл шаруа­шылығы саласын ғана емес, техника алу, наубайхана, дүкен, шаштараз, тігін цехын ашу жобаларын да қаржыландырады. Бүгінде облыс бойынша 283 млн теңгеге 60-тан астам жобаны қаржыландырдық, алдағы жоспарда 150-200 жобаны несиелендіруді межелеп отырмыз. Бағдарлама биыл алғашқы жыл жүзеге асуда, келер жылы да жалғасын табады деп ойлаймыз», – деді ол. Микронесие алу үшін «Бастау Бизнес» жобасының немесе басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарының түлегі мен кепіл мүлкінің болуы қажет. Жеңілдетілген несие бизнес-жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар бойынша несие беру мерзімі жеті жылға дейін болса, басқа салаларда бес жылға дейін.  Бизнес жоспарды сәтті қорғаған қатысушы жеңілдетілген несиені рәсімдей алады. Микронесиенің ең жоғары сомасы ауылдық жерлерде және шағын қалаларда 2,5 мың АЕК-ке дейін (7,2 млн теңге); қалаларда, моноқалаларда (Шымкент, Ақтау, Атыраудан басқа) – 6,5 мың АЕК-ке дейін (18,9 млн теңге); Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 8 мың АЕК-ке дейін (23,3 млн теңге) жетеді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ маркетинг және PR қызметінің басшысы Руслан Ескендір бұл ұйымның елдегі шағын және орта бизнесті дамытуда үлесі зор екенін айтып өтті. «Осы бағдарламаны іске асыруда «Аграрлық несие корпо­рация­сы»кәсіпкерлік субъектілерінің кең ауқы­мын қолжетімді қаржыландыруға жәрдем­деседі. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде азаматтардың әл-ауқатының деңгейін арттыруға әсер етеді. Бағдарлама арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, жаңа өндірістер ашылады, қызмет көрсету саласы дамиды», – деді ол. «Аграрлық несие корпорация­сының»қолжетімді несие бағдарламасы өңір­лерде бизнесін дамытқысы келетін кәсіп­керлер үшін зор мүмкіндік беріп отыр. Ол үшін бар болғаны нақты жоспарға негізделген бизнес жоспарыңыз бен ынтаңыз болса болғаны.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы