«Қазақстан – қиындықты қысқа мерзімде еңсерген ел» – Ералы Тоғжанов
«Қазақстан – қиындықты қысқа мерзімде еңсерген ел» – Ералы Тоғжанов
351
оқылды
Елордада Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» халықаралық конференциясы өтті. Жиынға танымал шетелдік және отандық мемлекет, саяси және қоғам қайраткерлері, беделді ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы Төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков пен БҰҰ Ливия жөніндегі Арнайы уәкілі Ян Кубиш бар. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми, Премьер-Министрдің Орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары Дәурен Абаев баяндама жасады. Жиынға қатысушылар Қазақстанның қысқа мерзімде қиындықты еңсеріп, аршындап алға басып келе жатқанын айтып, бүгінде  қуатты мемлекетке айналғанын жеткізді. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл жетістіктерді егемен елдің жаңа тарихын жазуда жасампаздық танытқан халқымыздың ерлігінің жемісі екенін айтты. – Сөзсіз, ол жетістіктер – ұлттың ұлы, көрегенді көшбасшы, сарабдал саясаткер, мықты саяси жігер иесі  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің жеңісі, – деді ол.
Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоқжанов Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айқындаған стратегиялық бағдарлары мемлекеттіміздің қалыптасу кезеңіндегі сын-қатерлерді батыл еңсеруге мүмкіндік беріп, еліміздің қарқынды дамуының кепіліне айналғанын баяндады.
–  2020 жылы басталған пандемия әлем экономикасы үшін бұрын соңды болмаған сынақ болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Үкімет пандемия салдарынан қалыптасқан дағдарысты еңсеріп, еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етті. 11 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 3,8 пайызға дейін жетті.  Халықаралық қаржы ұйымдары қазақстандық экономиканы орнықты деп таныды. Қазақстан алдағы уақытта да – Елбасының стратегиялық бағдарлары негізінде, «Сабақтастық, Әділдік, Прогресс» жолымен табыстарға жетіп, Тәуелсіздігін нығайта береді, – деп Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоқжанов сөзін қорытындылады.