Халықтың несиесі қандай жағдайда кешіріледі?
Халықтың несиесі қандай жағдайда кешіріледі?
© azattyq-ruhy.kz

Adal Finance брокерлік-кредиттік компаниясының директоры Дмитрий Колесников халықтың несиесі қандай жағдайда кешірілуі мүмкін екенін айтты, – деп жазады exk.kz.

Колесниковтың айтуынша, несиеге толықтай рақымшылық жасау банктер тәжірибесінде мүлдем қарастырылмаған. Бірақ жартылай кешірілуі мүмкін. Осы тұста сәл де болсын жеңілдік беретін 4 жағдайды айтты.
1. Президенттің немесе уәкілетті мемлекеттік органның шешімі бойынша несиелік рақымшылық жасау.
"Естеріңізде болса, екі жыл бұрын несиеге рақымшылық жасалды. Оның өзінде де тізімге тек әлеуметтік осал топтар енді. Яғни көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар, жетімдер, тағы басқалары. Әлемдік тәжірибеде мұндай жайттар кездеседі. Бірақ өте сирек. Ал посткеңестік елдер арасында Қазақстан несие рақымшылығын жасаған алғашқы елдердің бірі болды", – дейді маман.
2. Банкті сату кезіндегі рақымшылық. Банкті сатуға дайындалғанда көбіне оның несие портфелін таза өткізуге тырысады.
"Мен адамдардың несие пайызын ғана емес, негізгі қарызды жартылай кешіру жағдайын өз көзіммен көрдім. Бірақ ірі банктерден емес, елдегі ұсақ, жылдам қарыз алу компанияларынан еді, – дейді Колесников.
3. Кепіл зат жоғалған немесе тапшы болған жағдайда банк қарыздың белгілі бір бөлігін кешіруі мүмкін. "Банктердің мұнысы – халықтың мүддесі үшін емес, өзін "құтқару" үшін жасалатын қадам. Бұны банктің бір реттік акциясы деп атауға болады", – дейді ол.
4. Банктің өзі несие портфелін жақсарту үшін ішкі рақымшылық жұмыстарын жүргізеді.
"Мысалы, банкте төленбеген несие қарыздары көбейіп кетті делік. Шамамен 1 миллиард теңге. Адамдар төлемеген сайын әлгі қаржы ешқандай пайда әкелмейді, ауада қалқып тұрады. Міне, осындай кезде банк қарызыңыздың бір бөлігін кешіру арқылы сізге жеңілдік жасайды. Содан жұрт қалған соманы төлеуге жүгіреді. Осылайша ауада қалған ақша, жартылай болсын кері қайтады да, айналымға шығарылады", – дейді сарапшы.