Ұстаз – ұлы есім
Ұстаз – ұлы есім
1,337
оқылды
Ұстаз – ұлағатты ұлы тұлға. Ұстаз бейнесі шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаздан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаздың жүрегіндегі лаулаған жылулығы әр шәкірттің бойына нұр құятын киелі күш. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, біздің білімімізді жетілдіріп қана қоймай, рухани байлығымызды байытып, тәрбиемізді нығайтады. Ата-анамыздан кейінгі, біздің бойымызға адамгершілік қасиеттерді сіңіруші. Қазақ халқының тұңғыш ұстазы – Ыбырай Алтынсарин, «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат,өйткені мұғалім – «Мектептің жүрегі»  деп айтып кеткендей, бұл сөздердің астарында терең мән, мағына жатыр. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Ұстаз тұла бойындағы сарқылмас бар білімін, ерік-жігерін шәкірт бойына бере білген, мейірбан жан. Әлі есімде ұстазымды көргенім, Өз анамдай болған еді ол менің. Содан бері мұғалімімді қадірлеп, Білім деген асқар тауға өрледім, – дейтін өлең жолдары ардақты да ұлағатты ұстазды есіме салады. Сол жанның бірі, бала кезден бері жүрегімде сақталған тарих пәнінің мұғалімі – Назгүл Бейсеева. Сіздің сабақты жан тәніңізбен беріліп түсіндіргеніңіздің арқасында, тарих пәніне деген қызығушылығым ашыла түсіп, сүйікті пәндерімнің біріне айналды. Кіршіксіз таза, мейірбан жүрегіңіз, ақкөңіл жанарыңыздан айқын көрініп тұрады. Әрбір берген қолдауларыңыз биік белестерге, шыңдарға шығара білді. 6-сыныпта оқып жүрген кезімде, көңіл-күйім түсіп, сабаққа жылап келгенде, жылы сөздеріңізбен жұбатқаныңыз әлі есімде. Осы күнге дейін төл тарихымызды тереңінен үйретіп, жаңа білім көздерін ашып бергеніңіз үшін алғысым шексіз! Күндердің күнінде мектеп қабырғасымен қош айтысып, жаңа өмірге аяқ басқан сәттің өзінде де, сіздің бейнеңіз менің санамда сақталады. Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады. Құрметпен, оқушыңыз – Мұхаммедова Дильназ.