Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Тәуелсіздік тағылымы» атты терең және ауқымды мақаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің құндылығын айшықтап, тарихи маңызды кезеңдерді қамтып, бірлігі жарасқан халқымыздың егемендікті нығайтудағы басты-басты белестеріне ерекше тоқталып өтті.
Бүгінгідей ізгілік пен келісім салтанат құрған сәтке халқымыздың оңай жетпегеніне, қандай ауыртпалықтар мен зұламат сындардан өткенін, соның бәрінен мойымай, қайрат мінезін көрсеткен халқымыздың табандылығын да тізбектеді. Кеңес Одағының аясындағы саяси және экономикалық кемшілік тұстар айқын айтылды. Халқымызға орасан зор зиян келтірген Семей ядролық полигоны жабылып, әлемде қуаты бойынша төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, жаһандық бейбітшілік пен адамгершілік ізгілікті нығайтуға Қазақстан шексіз үлес қосты. Осылайша еліміз берекелі өмірге қадам басты, болашақ ұрпақ үшін риясыз келешектің берік негізі қаланды. Ұлан ғайыр шекарамыз бекітіліп, мемлкеттілігіміз нығайтылып, әлем жұртшылығымен теңесіп, Конституциямызды қабылдап, өз келешегімізді анықтауға мүмкіндік алдық. Мемлекетіміздің жүйелі әрі кешенді дамуы үшін ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» стратегиялары қабылданып, іске асырылды және қазіргі таңда орындалып келеді. Қазақстан әлемнің озық тәжірибесін сараптап, елінің болмысын, географиялық және геосаяси ерекшеліктерін, қалыптасқан экономикалық шаруашылықтың артықшылықтары мен кемшіліктерін ескеріп, дамудың өзіндік бірегей моделін қалыптастырды. Осы ойластырылған іс-әрекеттер нәтижесінде бүгінгі тұрақты даму жолында келеміз. Елбасының саяси кеменгерлігінің арқасында Қазақстан мемлекеті халықаралық қарым-қатынастарда бейбітшілік, өзара татулық, саяси әріптес ретінде кемелді мақсатымен көптеген тың идеялардың бастамашысы болып, өңірлік саяси және экономикалық ынтымақтастықтың өзегіне айналды. Ұлан байтақ Қазақстанның барлық өңірлерінің және экономика секторларының, халықтың әлеуметтік қамтылуын күшейту үшін мемлекет басшылығы жан-жақты дамуға күш салынып, кешенді және нақты бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, іске асырды. Мыңжылдықтар тоғысында еліміздің жаңа Елордасы бой көтере бастады. Қазір астанамыз халқымыздың қуанышына айналып, шетелдіктерді өзінің әсемтігімен баурап келеді. Мақалада Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер кеңінен қамтылған. Олардың қатарында ел экономикасының индистрияландырылуын атап айтуға болады. Бәрімізге белгілі, озық ел болып даму үшін, бізге отандық өндірісімізді, инновациялық шешімдерді, жаңа және цифрлық технологияларды енгізіп, бәсекеге қабілетті жаңа өнімдер шығаруымыз қажет. Еліміздің аймақтарын бір-бірімен байланыстыру және әлемдік нарыққа, Еуропа мен Азия елдеріне, мұхит тасымалына қол жеткізу үшін республикалық жолдар, мемлекеттерді жалғайтын континенталды магистральдер мен темір жолдар салынды. Елбасының, жастарға берер өнегесі де мол болды. Қазақстандық жас буынның білімге құштарлық танытып, аянбай адал еңбек етіп, өзінің өрлеуін қамтамасыз етіп, сол арқылы туған өлкесінің және жалпы еліміздің ілгерілеуіне негіз болуы үшін барлық жағдай жасалды. Елімізде заман талабына сай мектептер салынды, озық білім беруге арналған, жан-жақты зерттеу құрылғыларымен қамтамасыз етілген салалық арнайы және жоғары білім ордалары бой көтерді. Тәуелсіздік жылдарындағы салиқалы саясаттың, ауызбірлігі жарасқан халқымыздың ыхылас-ниетінің және ортақ мақсат «Мәңгілік Ел» – Тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін бірлескен еңбектің нәтижесін бүгінгі ұрпақ көріп, ертеңіне сеніммен қарап, асқақ армандарын жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер қалыптастырылды. Елбасының жүректен шыққан сөзін айтып, ел тарихын танытуы негіз болған туындысы «Тәуелсіздік тағылымы» – кешегі өткен заманымыздан ой түйіндейтін, бүгінгі күнімізді саралайтын және ертеңгі келешегімізге бағдар түзетін маңызы аса зор деп білеміз.Б. Н. Торғаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты